Жастары белсенді елдің ертеңі жарқын
Біз Мәңгілік ел болуға ұмтылған жасампаз елдің жастары ретінде қоғамның қай саласында болмасын белсенді болуға тиіспіз. Елбасы Н.Назарбаевтың 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауында үлкен мән-мағына бар. Президенттің белсенді жастармен арнайы кездесіп, алдағы күннің жоспарымен бөлісіп, оларға бағыт-бағдар беруі жастарға деген үлкен қамқорлықтың айғағы.
Еліміз тәуелсіздік алған жылдары Президенттің тікелей тапсырмасымен талантты жастар шетелдердегі ең мықты деген жоғары оқу орындарында «Болашақ» бағдарламасымен білім алып келгені бәріміздің де есімізде. Елбасы сенім артқан сол жастар бүгінде ел экономикасын дамытуға үлес қоса бастады. Олай болса, бұл Ұлт көшбасшысының көреген саясатының тағы бір дәлелі дер едім. Дамыған елдермен терезесі тең болуы үшін еліміз барлық салада ұдайы қарқынды даму үстінде болуы қажет. Ал, оны жүзеге асыратын – білімді де білікті жас мамандар. Қажыр-қайрат жұмсайтын, өз еліңнің нағыз патриоты, жанашыры екеніңді дәлелдейтін кез келді. Еліміздегі жастар ұйымдары белсенді түрде жұмыс жүргізуде. Ең бастысы, ерікті түрде, өз қалауымен жастар саясатының жүзеге асырылуына ықпал жасап келеді. Байқап қарасақ, қазіргі уақытта сапалы дүниелерге баса назар аударылуда. Мәселен, флэш-моб, акциялардың саны азайып, әртүрлі бағыттар бойынша жастар форумдары, жастарға арналған инновациялық жобалар байқаулары ұйымдастырылуда. Жас буынды жан-жақты тәрбиелеу, олардың бос уақытын тиімді өткізуде жастар ұйымдары мен түрлі үйірмелердің ықпалы зор. Осы ретте айта кетсем «Арман» мәдениет үйі де жастар үшін олардың келешегі үшін қызмет жасап келеді. Жеті үйірме жұмысы («Жеті нота» ән, «Домбыра», «Сырлы бояу шебер» «Қолөнер-сурет», «Сымбат-сұлулық», «Сахналық қойылым» , «Би» үйірмелері оқушыларға тегін қызмет көрсетеді. Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жастар көзқарасында кең көлемде насихаттау, жарқын болашағымыздың тұтқасын ұстайтын жастардың ұлттық құндылықтарға деген көзқарасын оң бағытта қалыптастыру үшін биылдан бастап «Аманат» дәстүрлі ән, терме үйірмесі жұмыс жасауда.
«Арман» мәдениет үйінің «Жастар ресурстық орталығы мен «Жас Отан» жастар қанатымен бірлесіп, түрлі жобаларды жүзеге асыру алдағы міндеттерінің бірі. Ай сайын түрлі тақырыпта жоспарға сәйкес кездесулер өткізіп отырамыз. Кенттегі №127 Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-лицейі оқушыларымен тығыз жұмыс жүргізіп келеміз. Сондай-ақ, аталған екі мекеме арасында біріккен жылдық жоспар жасалынып, меморандумға қол қойылды.
Ұжымымыз жалындаған өнерлі жастардан құралған. Кез келген жаңашылдықтан тайсалмай, қоғамдық өзгерістерге дайын болуды басты мақсат еткен жастар қазіргі инновациялық жаңалықтарды қолдап, әлемдегі өзгерістерден кенде қалмай, алдыңғы қатарға шығуға міндетті. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жастарға көрсетіліп жатқан қолдау аз емес. Бұл үрдістің соңғы кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасы арқылы қайта жаңғырғанына бәріміз куәміз.
Қазіргі жастар – ертеңгі болашақтың іргетасы, кемел келешектің иелері. Сондықтан олар жан-жақты, сауатты, ерік-жігері мол азамат болып өсуге тиіс. Жастары белсенді елдің ертеңі де жарқын болады. Олар қоғамдағы барлық салаға атсалысып, тәуелсіздіктің тұғырлы болуы жолында аянбай еңбек етулері қажет.
Үстіміздегі жастар жылында «Арман» мәдениет үйі де көптеген жаңа бастамаларды қолға алып, тың идеялар мен жобаларды іске асырып, өз үлесін қосатын болады.
Н.Шалекеева,
«Арман» мәдениет үйінің
директоры.