Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жалынды жастар бастамасы

Жалынды жастар бастамасы


Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты жастарға сенім артқан Елбасы биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялаған болатын. Күш-қуаты бойды кернеген өскелең ұрпақтың жан-жақты өнерге деген құлшынысын арттыру мақсатында «Жалындаған Ақмая жас­тары» атты мектеп оқушылары арасында байқау өтті. Игілікті шараны ауыл жастары Ш.Оразмахан мен М.Ибрагимов ұйымдастырды.

Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Оларға артылар сенімнің жүгі де күннен күнге ауырлай түспек. Дамыған 30 елмен терезе теңестіру үшін, революциялық даму үрдісін де өткерудеміз. Сондықтан, жас буынның білімді, дені сау ұрпақ болуы маңызды. Жастардың уақытты тиімді өткеріп, өнерге деген сүйіспеншілігін оятуды көздеген шараның шымылдығын ауыл әкімі Ж.Арысланов ашып, жас буынға қолдау білдірді. Спортты жанына серік еткен жастар қол күрестен бақ сынасса, қара сөздің қиюын келістіріп туған жерге арнау өлеңдерін жолдаған ақындар да өнерін ортаға салды. Одан әрі логикалық сұрақтар, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына да тоқталып, жайдарманшылардың әзілдеріне кезек берілді. Тәлім-тәрбие мен салт-дәстүрді сабақтастырған қойылымдар да сахнаның сәнін аша түсті. Белсенді жастардың 2019 жылғы бастамасына тәнті болған ауылдық ардагерлер төрағасы К.Палмағанбетов ризашылығын білдіріп, алғыс хаттар табыстады. Шара соңында жүлделі І орынды 11 сынып оқушылары иемденсе, ІІ орын 9 сынып оқушыларының қанжығасына байланды. Ал, келесі орын жас жайдарманшылар, яғни 7 сынып оқушыларына бұйырды. Ақмая ауылы №49 орта мектептің оқушылары арасында өткізілген шараның бастауы көпшіліктің көңілінен шығып, алдағы уақытта жалғасын табатынына сенім білдірді.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.
23 қаңтар 2019 ж. 1 885 0