Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттың жарқын болашағы – жастар

Ұлттың жарқын болашағы – жастар


«Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» жастарға сенім артып, болашақты бағамдаймыз. Өйткені, жастар қоғамның қозғаушы күші. Шиелі ауданы бойынша статис­тика басқармасының мәліметіне сүйенсек, 2018 жылы 14-29 жас аралығында 20 082 жас тіркелген. Демек, жастар өңірдегі жалпы халықтың 25 пайызын құрайды. Оның ішінде ерлер – 10523, әйелдер – 9559. Ал, оның ішінде оқушылар – 5178, студенттер – 6740, жұмыссыздар – 312, бала күтіміндегі аналар саны – 567, тұрақты түрде жұмыс жасайтын мамандар – 4983, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар – 419, жеке кәсіпкерлер саны – 169-ға жеткен. Осы 20 мыңнан астам жастың 20 мың түрлі идеясын бір арнаға тоғыстырып, белсенді жұмыс жасау «Жастар ресурстық орталығының» негізгі мақсатына айналып отыр.
«SHIELIZHASTARCAMP-2018» аудан жастарының басын қосты
Білімді ұрпақ – жарқын болашақ кепілі. Елбасы осы мәселені ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Елімізде жастардың сапалы білім алуына, заманауи технологияны игеруіне, ғылымды жетік меңгеруіне толық мүмкіндік жасалған.Білімді де білікті жастарды бір жерге шоғырландырып, пікір алмасуына, идея­­ларымен бөлісуіне, бос уақыттарын тиімді пайдалануға бағытталған түрлі шаралар да ұйымдастырылып келеді. Солардың бірі ағымдағы жылдың 13-қыркүйегінен бастап «Сыр ұланы» тынығу лагерінде аудандық ішкі саясат бөлімі, «Жастар ресурстық орталығы» және «Береке-жастар» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «SHIELIZHASTARCAMP-2018» атты аудан жастарының басын біріктірген 3 күндік лагерді айтуға болады. Аталмыш шараның алғашқы күнінде аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Сейілханов, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Н.Сапарбай, құрылыс бөлімінің басшысы Н.Иманғалиев, ауылшаруашылық бөлімінің жетекші маманы Д.Смайлов, жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ж.Әбеновтың қатысуымен «Жастар – ел болашағы» атты кездесу өтті.Жастар ойындағы өзекті мәселе, толғандырған сұрақтарын ортаға салып, тұшымды жауаптар алды.

Келесі күн тынығушылардың таңғы жаттығуымен басталып, 3 секцияға бөлінген кездесулерге ұласты. Алғашқы топ «Дін және жастар» тақырыбында аудандық орталық мешіттің бас имамы Б.Ұлжаевпен кездессе, Астана қаласының 20 жылдық мерекесіне орай «Ел жүрегі Астана» тақырыбындағы бас қосуға 2 секция қатысты. Үшінші топ түрлі жетістікке жеткен жастармен дидарласты. Жастардың жан-жақты қырын ашып, еркін ойын жеткізе білуі үшін айтыскер ақын М.Сұлтанханның қатысуымен ақындар айтысы, одан әрі түрлі спорттық шаралар өтті. Үш күнге созылған шарада жастарға қатысты семинар тренингтер, бөлім басшыларымен кездесу, жастарға арналған «Тимбилдинг» ойыны, аудан әкімінің орынбасарымен еркін форматта сыр-сұхбат, интеллектуалды сайыс, аудан әкімі Ә.Оразбекұлы және облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қ.Жанұзақовпен «Лагерь алауы» маңында еркін форматта кездесу ұйымдастырылды.

Жастар саясатына бөлінер қаржы қандай?
– 2018 жылы жастар саясатын дамытуға жалпы 16 млн. 128 мың теңге қаржы бөлінген. Оның ішінде «Жастар ресурстық орталығына» 10 млн. 403 мың теңге, әлеуметтік жобаларға 5 млн. 725 мың теңге қаржы жоспарланған. Нақтылай түсер болсақ, жайдарман, патриоттық және жұмыссыз жастарды қолдау бағытындағы жобаларға бөлінеді. 10 млн. 403 мың теңге «Жастар ресурстық орталығы» қызметкерлерінің айлығы, коммуналдық және байланыс қызметтер, ел ішіндегі іс-сапарлар үшін қаралған. Биылғы жылы өткізіліп жатқан әлеуметтік жобаларды тапсырыс арқылы жеңімпаз атанған «Береке-жастар» қоғамдық бірлестігімен бірігіп жүргізудеміз. Ал, мереке күндері ұйымдастырылатын іс-шараларға демеуші іздеп табанымыздан тозатын күндеріміз көп – дейді, «Жастар ресурстық орталығының» басшысы А.Маманова.

«Zhasproject» жобасы – жалынды жастардың жемісі
Мемлекет басшысы жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты үндеуінде көптеген маңызды мәселелер қамтылған. Онда білім саласының өрістей түсуіне ерекше ден қойылғандығы айтылды. Қазір ғылым мен технологияның қарыштап дамыған тұсы. Соған сәйкес кәсіптік қажеттілік те күн санап өзгеріске ұшырауда. Сағат сайын тың өзгерістер орын алатын замана көшіне біздің жас­тар тек білім арқылы ілесе алады. Кәсіпті де, ғылымды да уақыт талабына сай игере алатын маман қалыптасады. Біз сапалы білім беру арқылы білікті маман қалыптастырғанда ғана әлемнің дамыған елдерімен иық теңестіре аламыз. Осы орайда, жастардың үздік идеяларынан туындаған «Жаспроджект» жобасын тілге тиек еткенді жөн көрдік. Аталмыш жоба бойынша ауданда 30 жас жеңімпаз болды. 30 жоба бойынша 101 жас жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар, қазіргі таңда жұмыстары басталып, қызу іске кіріскендерін әлеуметтік желілерден де аңғаруға болады. Бірінші аударылым транштары түсіп, қаржылық жоспарында көрсетілген құрал-саймандарын алып, игілікті істің шымылдығын түрді. Жас та болса бас болып, шағын кәсіпті жандандырған жастар алдымен әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі жандарға жәрдемдесуді көздейді.

«Жасыл ел» Отансүйгіштікке тәрбиелейді
Әбу Насыр әл-Фарабиден бір әмірші өз елінің болашағы туралы сұрағанда, – «Сен алдымен жастарыңды көрсет, сонда мемлекетіңнің болашағын барлау қиынға соқпайды», – деген екен бабамыз. Туған жерінің әрбір тау-тасын, өзен-көлін байлығына балап, оның тазалығына мән беру «Жасыл ел» жасағының ұраны. Биылғы жылы ауданда 94 жас осы жасаққа жұмысқа тартылды. «Ремаш сервис» ЖШС мен облыстық «Жастар одақтары» қоғамдық бірлестігімен екі жақты келісім шартқа отырып, Шиелі кентінің ішіндегі гүлзарларды күтіп баптау және күл-қоқыстардан тазарту жұмыстарына білек сыбана кірісті. Сонымен қатар, Ы.Жақаев саябағы, «Көкшоқы» елді-мекеніндегі өсіп тұрған жасыл-желек ағаштарды күтіп, баптауды да назардан тыс қалдырмады. Елім деп еміренер ұрпақты тәрбиелеп, отансүйгіштікке баулитын «Жасыл ел» жастар жасағы жыл сайын осындай істердің басы-қасынан табылады.
Г.ДҮЙСЕБАЙ.
18 қыркүйек 2018 ж. 1 679 0