Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлы дала жастары: Ұлт болашағының кепілі

Ұлы дала жастары: Ұлт болашағының кепілі


Алаштың аспанында күн болайық,
Алтын елді алтынмен қаптау үшін.
Болашағы жастардың қолында деп,
Елбасы сөз айтқан жоқ мақтан үшін.
Жастарға ынтымақ пен бірлік керек,
Жігерім құм боп жерде жатпау үшін.
Ертеңіне алаңдаған Мағжандар мен
Елбасының сенімін ақтау үшін.
Бұл Шиелім көрмесе екен қайғы-мұң,
Тек өзіңе жараса екен байлығың,
Алла жазса, жастарыңмен болашақ,
Асқақтатам Шиелінің айбынын.

Бұл жас ақын Шыңғыс Құдайбергеннің жастар жылына арнаған арнауы болатын.

Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы жариялаған Жолдауы жастарды бір алға жетелеп, бойына жігер сыйлағандай. Cебебі, еліміздің болашағы – жастарға айрықша көңіл бөліп, жастар жылын қабылдауға ұсыныс білдіруі қоғамның ауызбірлігін еселеп арттырды. Нақ осы істің жаршысындай келелі кездесу аудан орталығында жаңа күнтізбедегі алғашқы ресми жиын ретінде көрініс тапты.
Қаузар тақырыбымызға тоқталар болсақ, аудандық мәдениет үйінде Елбасының бастамасымен «2019 Жас­тар жылы» деп жариялануына орай «Жастар – ел ертеңі, ұлт болашағы» атты аудан жастарының слеті өтті. Осынау серпіліске толы жиынға аудан активтері мен жас­тары қатысты. Бұл жолы әдеттегі жиындардан жас­тар жағы белсенді көрінді бізге. Жиынға келген барлық жас­тардың жүзінен шаттық, қуаныштың табы көрініп тұрды. Олай болмағанда ше? Жылды еншілеп, жасайтын жұмыстарын саралауға толық мүмкіндік пен қолдау табатындарына сенімдері кәміл.
Хош. Сонымен, жүректерді тербейтін патриоттық рухтағы әндердің фонында оқушылардан құралған бишілер тобының флешмобы жиылған жұрттың көңіл-күйлерін көтеріп тастады.
Ауқымды жиынның шымылдығын аудан әкімі Ә.Оразбекұлының аудан тұрғындарын жастар жылымен құттықтаған алғы сөзі түрді:
– Баршаңызды жастар жылымен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінде әлемдік қоғамдастық қызығушылық танытып, ерекше мән беріп отырған түрлі құндылықтар ел ертеңінің еңселі болуына өзіндік үлесін қосуда. Мемлекет басшысының жастарды қолдауға арналған шараларды қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыруды тапсыра отырып, 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауында үлкен мән жатыр.
2019 жылы ауданымызда да біршама игілікті шаралар атқарылып, бірнеше нысандар берілетін болады. Ел болашағы үшін маңызды да саяси шаралардың бастауы болар Жастар жылында әрбіріңіздің арман – мақсаттарыңыз орындалып, Мәңгілік елдің мәртебесі биіктесін! 5 ғасыр адамын түлетіп ұшырған киелі өңірдегі жастардың бастамалары сәтті, қадамы қарышты, талабы оң болсын!
Иә, расымен де, аудан көлемінде жастар қандай істі қолға алса да қолайлы деуге негіз бар. Кәсіппен айналысамын деген жастарға мүмкіндік көп. Оған өткен жылғы «Жас прожект» жобасы дәлел болмақ. Жас кәсіпкерлерді ақысыз негізде оқытатын арнайы курстар да бар. Спорт алаңдары, саябақтар, өзге де ауқымды жобалардың да жас буын үшін салынып жатқандығын тілге тиек еткен аудан әкімі, жастарға қашан да қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізді.
Сонымен қатар, аудан тұрғындары мен жастарын елмізге белгілі тұлғалар, түрлі салаларда жұмыс жасайтын аудан жастарының құттықтаулары бейнероликтен тамашаланды.
Ал, өз кезектерінде сахнаға көтерілген «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының облыстық штабының жетекшісі С.Әбіл, облыстық «Жастар денсаулығы» орталығының аудандық құрылымдық бөлімшесінің маманы С.Қалекеева, облыс әкімінің Грант иегері, көркемсөз оқу шебері, корей ұлтының өкілі Е.Пак жастар жылы аясында барлық жастарды белсенді болып, туған жерді көркейтіп, салауатты өмір салтын ұстануға, ана тілін қадірлеп, мәртебесін арттыруға шақырды.
Аталмыш шараның көркін қыздырып, маңызына бойлатқан тұсы елімізге белгілі айтыскер ақындар Кенжебай Жүсіп пен Ержан Әмірдің шағын айтысы болды. Айтыскер ақындар сөз маржанын тізбелей отырып, тұщымды ойларымен жыл мәртебесін айшықтап берді. Ұстаз бен шәкірт арасындағы астарлы әзілге құрылған ұйқастар тыңдарманның құлақ құрышын қандырып, залда отырғандарды желпінтіп тастады. Құлаққа ұрған танадай тыныштық орнатқан текті халықтың саф алтындай сөз өнері дүйім жұртты «әп, бәрекелді» дегізіп, серпілтті де, сілкінтті де.
Өрелі тыңдаушы болса, сүбелі сөз айтудан жалықпайтын ауданның құрметті азаматы, ардагер ұстаз Рахым Мауияев­ көпшілікті құттықтап, тағылымға толы ойларын ортаға салып, батасын берді. Шараны аудан өнерпаздары ән-жырмен әспеттеп, жырларымен сусындатты. Мағжанша айтқанда
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты –
Қырандай күштi қанатты,
Мен жастарға сенемiн! – деп жастарға тапсырылған жылдың алғашқы жиыны өз мәресіне жетті.

Дина ЖҮСІПОВА.

12 қаңтар 2019 ж. 1 678 0