Жастармен өткен жиында
Қазақстанның болашағы – жастардың қолында дейміз. Оны Елбасы өз Жолдауында анық айтып көрсетті. Біздің Отанымыз жаңа даму кезеңіне аяқ басты. Ел Президенті Н.Назарбаевтың биылғы Жолдауының мәні де, маңызы да бөлек. Бұл Жолдау ел дамуының белгілі бір асуын бағындырып, келесі асуға бет алуын көрсеткендей әсер қалдырды.
Міне, нақ осы маңыздағы жиын аптаның ортасында «Арман» мәдениет үйінде жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өтті. Бұл – Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын жастар арасында насихаттау және 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялануына байланысты аудан жастарының актив отырысы еді. Жиынға кент және ауылдық округтердің жастар ісі жөніндегі мамандары, кәсіпорындар мен мекемелердегі жастар комитетінің төрағалары, жас кәсіпкерлер, оқушылар және жастар парламентінің депутаттары, жастар ұйымдарының жетекшілері, кент мектептерінің жас мамандары, белсенді ерікті жастар, аудандық БАҚ өкілдері қатысты.
Жиынды аудандық жастар ресурстық орталығының директоры А.Маманова жүргізіп отырды. Күн тәртібіне сәйкес жиынның алғы сөзін алған Айдана Тұрсынбайқызы хабарлама жасап, кезекті Жолдаудың алты бағыты жөнінде егжей-тегжейлі түсіндіріп, барша жастарды белсенді болуға шақырды.
– Ендігі кезек “жастарда” яғни бізде. Біз, өз Отанымыз Қазақстанды жанындай сүюіміз қажет. Сонда ғана бойымызда патриоттық сезім пайда болады. Алдағы уақытта тәуелсіздігіміздің тамырын тереңдетіп, Қазақстанды іргелі мемлекетке айналдыру сіздердің, яғни, болашағымыз жастардың жауапкершілігінде. «Жастар – болашаққа апаратын алтын көпір», – дейді дана халқымыз. Әрбір өсіп келе жатқан ұрпақ жеке қабілетіне және кәсіби біліміне сай қоғамымызда өз орнын табуы қажет. Біздің әлеуметтік-экономикалық даму жолындағы қарқынымыз, жастардың қоғамдық-саяси өмірдегі ұстанымына олардың ертеңгі күнге деген сенімі мен белсенділігіне тікелей байланысты. Ендігі кезекте, тәрбие мазмұны мен жастарды тәрбиелеу ісі олардың дүниетанымын қалыптастыру және ақпараттық-саяси мәдениетін көтеруге баса көңіл аударуға тиіспіз, – деді ол.
Әрі қарай «Білім берудің жаңа сапасы – жаңғыру негізі» тақырыбында аудандық білім бөлімінен сайланған жастар парламентінің депутаты А.Ташкенбаева баяндаса, «Жастар – ел болашағы» тақырыбы аясында үш тұғырлы тіл туралы №46 мектеп-лицейдің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Қ.Қуанышбек, «Елбасы Жолдауы – жастарды қолдауы» туралы «Жас Отан» ЖҚ Шиелі аудандық бөлімше басшысы А.Рысбаева өз ойын ортаға салды.
Мұнан соң, ортаға озған К.Мұсаев пен С.Исмайлов жастар мәселесіне қатысты ұсыныс-пікірлерін білдірді. Жиын соңында қатысушы жастар қауымы келесі 2019 жылы жастар арасындағы жұмыссыздық, жастар кәсіпкерлігі, нәтижелі жұмыспен қамту мәселелерімен «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» бірлесе жұмыс жасайтындықтарын түйіндеп, тарқасты.
Жақсы білім іздеуге жалықпалық,
Табылмаса, тарығып, талықпалық.
Салақтықты қоялық, сақ болалық,
Білгенді, білмегенді анықталық!... – деген Шәкәрімнің «Жастарға» өлеңі осынау жиынның мазмұнын айшықтағандай.
Иә, еліміздің бейбіт аспанында қазақ жастары тәуелсіз елдің айқын мақсаттарымен жігерленіп, тек қана алға ұмтылуға жұмыс жасаймыз. Ел сенімін, үмітін ақтау, еліміздің жарқын болашағына үлес қосу әрбір саналы да білімді жастарымыздың қолында. Олай болса, әрбір қазақ жастары өздерін ұлтжандымын деп ұғынып, өн бойларында ұлттық намысын жоғары қою керек.
Дина ЖҮСІПОВА.