Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жастары белсенді елдің ертеңі жарқын

Жастары белсенді елдің ертеңі жарқын


Ақсамал РЫСБАЕВА, «Жас Отан» жастар қанатының Шиелі аудандық бөлімше басшысы:

Тәуелсіздіктің алғашқы күн­де­рінен бастап жастар мәселесі Елбасының басты назарында болды. Біз, жастар – ХХІ ғасырда Қазақстанның тұрақты дамуының кепіліміз. Жастары белсенді елдің ертеңі жарқын. Сондықтан, біз қазіргі қоғамдағы барлық салаға атсалысып, тәуелсіздіктің тұғырлы болуы жолында аянбай еңбек етуіміз қажет. Елорда төрінде Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен жастар жылының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Маңызды шараға еліміздің барлық аймағынан белсенді, жалынды жастар қатысты. Осы шараның барысынан-ақ жылдың жастарға пайдалы өтетіні сезілді.
Форумда Елбасы жастар арасындағы өзекті мәселелер – тұр­ғын үй, дұрыс мамандық таңдау, кәсіпкерлкті дамыту, ауыл жас­тарын қолдау, спортпен шұғылдану, ғылыми және патриоттық тәрбие беру мәселелеріне кеңінен тоқталды. Мұнымен қоса, Ұлт көшбасшысы жастарымыз биік арман-мақсаттарға тек ең­бек арқылы жететіндігін жеткізді. Үкіметке «Жас кәсіпкер» бағдарламасын әзірлеуді, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысын дамытуға, «Дипломмен ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтуді, жас стартапшыларды қолдау мақсатында қор құруды тапсырды. Мұнымен қоса, ерікті студенттердің шәкіртақысын 30 пайызға өсіруді жүктеді. Бұл өз кезегінде жастардың белсенділігін арттыруға бағытталған нақты шешім және қамқорлық деп білеміз.
Жастармен кездесу барысында Елбасы «Еліміздің және менің тәуелсіздік жылдардағы еңбегімнің жемісі, ол – жаңа қазақстандық жастар буынын тәрбиелеп шығардық», – деді. Бұл сөздің өзі ел жастарына ерік-жігер, тың серпіліс берері сөзсіз. Расы керек, форумнан соң мақтаныш пен жауапкершілік сезімі қатар келді. Елбасының сенімін ақтау парызымыз деп білемін. Әрбір жас мойнымызда үлкен жүк бар екенін тереңінен сезіне түстік. Біздер, жастар еліміздің өркендеуі жолында бірлікпен еңбек ететін боламыз.
26 қаңтар 2019 ж. 1 498 0