Мейірім шуағы жанған күн
Кеше 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай, волонтерлер арасында кіші футболдан облыстық турнирден бірінші орын алған ерікті жастарды аудан әкімінің орынбасары А.Есмаханов қабылдап, оларға арнайы сый-сияпат табыстады.
Жастар – қай заманда, қай елде болмасын асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы. Олар қай қоғамда да белсенді буын өкілдері. Сондықтан жылдың айтулы бір күнін арнайы жастар мерекесі ретінде белгілеген болатын. Қазір күллі әлем жастарға айрықша назар аударып, бар мүмкіндікті жасауда. Соның бір дәлелі – БҰҰ бас ассамблеясының шешімімен 1999 жылдың 17 желтоқсанында белгіленген халықаралық жастар күні болатын. Атаулы күн алғашқы рет салтанатты түрде 2000 жылдың 12 тамызында атап өтілді. Бұл күні БҰҰ бекітуімен дүние жүзі бойынша жастар жөніндегі бағдарламаларды таратуға арналған әртүрлі шаралар ұйымдастырылады. Ол бағдарламалардың негізгі мақсаты – жастарды алаңдатқан мәселелерді шешу. Жастар күні тек Қазақстанда ғана емес, Қытай, Түркия, Тунис, Камерун сияқты елдерде мемлекеттік деңгейде тойланады. Бұл тізімге Әзірбайжан, Беларусь, Украина, Ресей Федерациясында қоса аламыз.
Елдің ертеңіне айналып, жауапкершіліктің ауыр жүгін арқалаған жастар Шиелі ауданында да назардан тыс қалған емес. Аталған мерекеге орай, облыста спортты жанына серік етіп, салауатты өмір салтын ұстанған жас волонтерлер арасында кіші футболдан облыстық турнир өтті. Аталмыш жарыста 10-ға жуық команда бақ сынады. Нәтижесінде Шиелі ауданы 1-орын иемденді. Турнирден бірінші орын алып, аудан мерейін асқақтатып қайтқан волонтер жастарды аудан әкімінің орынбасары А.Есмаханов құттықтады.
– Жастар мәселесі қашанда назарда. Өйткені, жастар – таусылмас күш пен сарқылмас қайраттың қайнар көзі. Өздерін өмір сүруге лайықтай білетін, рухани азығы мол қасиеттерге ұмтылып, көңілдегі көксеген мұраттарына кедергісіз қол жеткізіп жүрген жастарымыз қоғамның негізгі қозғаушы күші. Оларды демеп, ынталандырып отырса, аспайтын асуы, алмайтын қамалы жоқ. Мерекелеріңіз бен жеңістеріңіз құтты болсын, – деді А.Есмаханов.
Ал жастар күні сондай жарқын істердің бастаушысы ғана деп білеміз. Себебі, елдің ертеңі – жастардың еншісінде. Бүгінгі күні атқарылған істер – кемел келешектің нәрлі жемісі.
Ш.ШАҒДАТҰЛЫ