ӘУЕЗОВ ЕСІМІ ӘУЕЛЕГЕН КЕШ
Күллі адамзатты бауырым деп, адамшылықты ту еткен ұлы ойшыл Абайдай алыпты жаһанға танытып, «Абай жолы» дара жол екенін айғақтаған ұлт мақтанышы, заңғар жазушы, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезовтің туғанына биыл – 125 жыл. Осыған орай «Балалар жылының» аясында Ш.Қодаманов атындағы мәдениет үйінде «Әдебиет әлемі» атты байқау өтті.
Әдеби кешке №270 мектептің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Сәуле Әйтенова, аудандық «Өскен өңір» газетінің тілшісі Сұлушаш Мадиярова, №158 орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Айгүл Молдабаева қатысып, қазылық етті.
Әдеби кешке №270 мектептің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Сәуле Әйтенова, аудандық «Өскен өңір» газетінің тілшісі Сұлушаш Мадиярова, №158 орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Айгүл Молдабаева қатысып, қазылық етті.
Байқау 2 кезеңнен тұрды. Қатысушылар бірінші кезеңде заңғар жазушының кез келген әңгімесін әңгімелеп берсе, келесі кезеңде еркін тақырыпта бір өлеңді жатқа айтты. Сайыс қорытындысы бойынша, қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені Нұрболат Пешентай (Бәйгеқұм ауылы), І орынды Патшайым Биманова (Қарғалы ауылы), ІІ орынды Айғаным Бекболқызы (Ә.Тәжібаев ауылы), ІІІ орынды Орынкүл Бөрібай (Арман мәдениет үйі) мен Дильназ Жетербаева (Ш.Қодаманов ауылы) иеленсе, қалған қатысушылар алғыс хатпен марапатталды. Сонымен қатар қомақты сыйлықтар табыс етілді.
Осылайша, әдеби байқау өз мәресіне жетіп, нағыз жүйріктер топ жарып шықты. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылғы «Білім жарысы» деген мақаласында «Неше түрлі ғылым, өнер – бәрі де тіршіліктің ауырлығын азайту үшін, рақатын молайту үшін шығарған нәрселер. Ғылым, өнер артылған сайын, дүнияда бейнет кемімекші. Осыған ақылы жетіп, есі енген жұрттар ғылым мен өнерді бірден-бірге асыруға тырысады. Асыру үшін әртүрлі істер істейді. Сол істердің бірі – білім жарысы» деп жазған екен.
Сол айтқандайын, Әуезовтің аяулы есімін ұлықтап, ана тіліміздің абыройын асқақтатуда бұл жолғы байқаудың рөлі айрықша болды. Байқауға қатысқан оқушылар ұйымдастырушыларға өздерінің ризашылықтарын білдіріп, алғаусыз алғыстарын жеткізді.
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ