Ауыл шаруашылық өнімдерінің көлемін арттыру қажет
Білім күнімен тұспа тұс Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа өзінің кезекті Жолдауын жариялады. Өз кезегінде бұл Жолдау жұрт көңілінен шықты деп ойлаймын. Маңызды құжатта ел экономикасын алға жылжыту үшін іске асырылуы тиіс жұмыстар сараланып, бағыт-бағдар нақтыланды.
Мемлекет басшысы әр салаға жіті тоқталып, ел көкейін қаузаған өзекті мәселелерді қозғады. Соның бірі – ауыл шаруашылығы саласы.
Қасым-Жомарт Кемелұлы «Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс» деп айтты. Сондай-ақ, бюджет қаражатының қайтарымы болуы қажеттігін, мемлекет қаржыны оңды-солды шашып, ысырап етуге жол бермейтінін, субсидия бөлуге және оның жұмсалуына жүргізілетін бақылауды күшейту керек екенін жеткізді. Тиісінше шаруалардың өзара ұжымдасуы ауыл шаруашылығын дамытуға жол ашпақ.
Баршамызға мәлім, бүгінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер мәселесі өзекті тақырыпқа айналды. Бүгінде бос жатқан жерлерді тиімді пайдалану маңызды болып отыр. Осыған байланысты Президент жыл соңына дейін кемінде 5 миллион гектар жерді қайтарып алу жоспарланып отырғанын, игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 миллион гектарға жуық екенін атап өтті. Ал Үкімет пен әкімдіктер келесі жылдың соңына дейін осы жерлерге қатысты нақты шешімдер қабылдауы тиіс.
Қазір су да тапшы. «Ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отыр. Қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтырып отыр. Судың 40 проценті құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес», деген Мемлекет басшысы бұл салада инфрақұрылымның әбден тозғанын, автоматтандыру және цифрландыру деңгейінің төмен екенін, ғылыми негіздеменің жоқтығын және мамандар тапшы екенін тілге тиек етті.
Соған байланысты аталған мәселелерді шешу үшін Мемлекет басшысы Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандандыруды, білімді сарапшыларды жұмысқа тарту қажеттігін айтты. Сұранысқа ие мамандарды даярлау үшін бұл саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орындарын анықтап, су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірленетін болады.
Жолдауда айтылған осынау игі бастамалармен қатар көптеген сала бойынша жүргізілетін реформалар алдағы уақытта өз жемісін береді деп сенеміз. Ол үшін Мемлекет басшысы атап өткендей, әрбір қазақстандық білімді, еңбекқор әрі әділ болуға тиіс.
Мұрат ӘШІРБЕКОВ,
аудандық ауыл шаруашылығы
бөлімінің басшысы