Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мал өсірсең – қой өсір, өнімі оның көл-көсір

Мал өсірсең – қой өсір, өнімі оның көл-көсір

Бұрындары «әкесі қойшы ғой» немесе «қойшының баласы» деген кәдімгідей беделді атау болған. Оған қоса үлкендер «...қой бағып, құйрық жеген озар» деп қойшы баласының бағасын арттырып отырған. «Кезінде қой баққан шопандарыңның түкірігі жерге түпсейтін», «қойшы болып, құйрық май жегенге не жетер, шіркін?!» деп, өткенді еске түсіріп, аңсап отыратын қартты да жиі көреміз қазір.
«Қой шаруашылығы – екінші тың» деп ұрандатып, мектеп бітірген түлектердің қой бағуға, қырқуға шыққан қызыққа толы кезеңдері аға ұрпақтың күні кешегідей есінде. Жастық шағы жайлы сұрай қалсаң «біз қырықтыққа барғанда, шіркін...» деп бастайды әңгімесін. Шынымен де ата-бабамыз ежелден мал бағып, соның ырыздық-несібесіне кенелген. Бұл шаруашылық ешқашан сұраныстан шықпайтын, құнсызданбайтын, әрдайым өнім беріп тұратын кәсіп.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алма ғайып кезеңде қой шаруашылығының кенжелеп қалғаны жасырын емес. Бірақ соңғы уақытта қайта жанданған кәсіп тұрғындардың тұрмысының жақсаруына дем бере бастады. Мәселен 2018 жылы қой мен ешкінің санын қосқандағы саны 75705 болса, дәл қазір 138 487 басқа жетіп отыр. Бұл көрсеткіш соңғы бесжылдық үшін жаман болмаса керек.
Десе де саны артқанымен, нақ осы түліктің өнімдерінің қолданыс аясы әлі де болса тар. Өзімізге белгілі, көбіне-көп тек етін ғана пайдаланамыз. Деректерге сүйенсек, әлемде қойдан басқа бір де бір жануар ол сияқты сан түрлі өнім бермейді. Атап айтқанда, жүні, елтірі, терісі, қозы және қой еті, сүті – әлемдегі ең қымбат рокфор ірімшігі және құйрық майы. Түліксіз тұрмысын елестете алмаған бабаларымызға қой кисе киім, жесе тамақ болды. Оның тұрмыстағы пайдасы түйе мен жылқы жануарынан да артық десек те болады. Жер ыңғайы мен шөпті де аса көп талғамайтындығын да дана халық білген. Мына бір дерек кімге де болса қызық болар. Аша тұяқтың осы түрі әлемде өсетін 800 шөптің 560-ын қорек ететін көрінеді. Ал қоймен салыстырғанда, ірі қара мал 420, жылқы 415 шөп түрімен қоректенеді екен.
Осыдан-ақ малдың ішіндегі көл-көсір табысқа кенелтетіні – қой екенін ұғу қиын емес. Ғалымдардың дәлелдеуінше, қойдың еті де сүті де адамның ағзасына күш-қуат беруден бөлек, дертке шипа бола алады. Тізбектеп көрейік. Қой етінің құрамында су – 68 процент, ақуыз – 17,3 процент, май – 13,6 процент, көмірсутегі – 0,5 процент болып түзіледі. Бұған кальций фосфор, темірді қосып қойсақ, ғалымдардың «қой етінің талай дертке дауа» деп отырғанының жаны бар екенін бағамдаймыз. Мұндай деректерді тізбелеп отырған генетиктер қой етінің бүйрек қызметін бекемдеп, белсіздіктің алдын алатынын баса айтып отыр.
Қазақтың ежелден келе жатқан бір дәстүрі, ол жас босанған әйелге міндетті түрде бір қойды байлап оны қалжа етіп сою. Бұл – босанған әйелдің белі тез бекіп, сүйектері жылдам қатаюы үшін әуелден жасалынып келе жатқан ғұрып. Ауыр дерт меңдеген сырқаттарды, көз тиген баланы, ағза қорғанышын, яғни иммунитетін жоғалтқан адамды да қойдың етімен, сорпасымен емдеуді жөн көрген. Қимылсыз мешел болып қалған балаға қойдың сүйегін қайнатып беріп, оның сорпасын ішкізіп отырған. Бұдан соң баласына көз тисе қара қойдың терісіне салу арқылы баланың бойындағы тіл-көзді алған. Абайсызда жылан немесе басқа уытты жәндіктер шағып алса, жаңа сойылған қойдың қаракесек етін сол шаққан жерге таңу тәсіліне жүгінген. Өкпесі ауырған адамға да осы өнімдерден ем-шара жасаған. Созылмалы жөтелге шалдыққан сырқатқа қойдың өкпесін беру арқылы ем қолданған. Бұдан соң жиі несеп сындыратын балаларды қойдың терісіне салған. Қойдың майының өзі қаншама дертке дауа. Бұл туралы аудан түрғыны Шырынхан апа:
– Қойдың құйрық майы көптеген ауруға ем. Жөтелді басып, қақырықты босату үшін құйрық майды шыжғыртып, 50 г мөлшерінде ыстықтай ішеді. Тұмаудан болған созылмалы жөтелге құйрық майды ыстық сүтке қосып ішеді. Балаларға тұмау тиіп жөтелгенде, алқымды, алақанды, табанды қойдың жылы майымен сыласа, сауығады. Ішуге және денедегі тері ауруына қолдану үшін қойдың майына дәрі өлтіреді. Қойдың майы ағзадағы суық тию процесінің алдын алатындықтан, әжелеріміз бен аналарымыз жаңа туған нәрестесін қойдың майымен сылаған. Қойдың жілік майын қолқасына қақырық жиі жиналатын адамдарға беру арқылы бабаларымыз кезінде өкпедегі құрт ауруының алдын алған, – дейді.
Мұнымен қоса, қойдың сүтін ашыту арқылы жасалатын сусында адамның бойындағы қажетсіз микробтарды жойып жіберетін қасиет бар екен. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса, дәрігердің көмегіне жүгінеміз. Мейлі ғой. Шипасын көріп жақсы болып кетерміз. Бірақ химиялық қоспалардан тұртын дәрі ауырған ағзамызға ем болғанымен, екінші бір ағзаның жұмысын әлсірететіндігін дәрігерлердің өздері де ескертеді.
Қазақ терiсі, құйрығы, жүні, өкпесi, тоқ iшегi, қарны, өтi, жiлiк майы, сүйегi – міне осылардың барлығының ауруға мың да бір ем екендігін бірнеше ғасырлар бұрын біліп, тұрмыста пайдаланды. Иә, таза табиғи өнімге не жетсін. Осы тұста оқымай-ақ, көшіп-қонып, табиғатпен етене байланыса жүріп, ғалым, философ, дәрігер болғандықтарына таңданбасқа шараң жоқ.
Жесең – тағам, ауырсаң – шипа, кисең киім болатын берекелі жануардың жыл сайын құны да артып келеді. Мәселен, осыдан бес жыл бұрын жаңа туған қозы 500 теңгеге бағаланса, қазір кемі 10 мың теңге тұрады. Қойдың да пұлы сондай. Алдағы уақытта да төрт түліктің бағасы артпаса төмендемейтіні бесенеден белгілі. Сондықтан екі қолға бір күрек таппай, жұмыс іздегендер ата кәсіпке бет бұрса әбден болады. Білген адамға бейнетіне зейнеті татитын мал шаруашылығы – кәсіптің төресі.
Қазіргі кезде бақташылар мен қойшылардың еңбегі бағаланбайтыны рас, бірақ сол төрт түлікке барлық адамзат тәуелді ғой. Сондықтан, еті – уыз , сүті – бал, жүні – жібек, елтірісі алтын болып саналатын берекесі мол қой шаруашылығы ешқашан кенжелеп қалмауы керек.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
15 тамыз 2022 ж. 671 0