Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Болмысы бөлек ана

Болмысы бөлек ана

Әрбір адамға анадан ыстық, анадан артық, анадан жақын кім бар дейсіз бұл өмірде. Жер-Ана, табиғат-Ана деген ұғымдардың өзі ана құдіретінің шексіздігін, мәңгі жасампаздығын аңғартады. Әрі өмірдің сабақтастығын өрге сүйрейтін де сол жан. «Жұмақтың кiлтi ананың аяғының астында» деген жалғыз ауыз сөздiң өзi, қазақы болмыспен астасып, қазақтың жан дүниесін мадақтағандай. Сонау ілкі заманнан берi қазақта ел Анасына айналған тұлғалар әсте толастаған емес. Ел басына күн туғанда ерлермен бірге иық тіресе қиындықты еңсергендері қаншама.
Адамның шын бағасы оның қызметіне, не қалтасының қалыңдығына қарай емес, халқына сіңірген еңбегіне қарай бағаланады. Сонау кеңестік заманның ортасынан беріге дейін бел жазбай ауданда еңбек еткен Қалжан Мәмірейқызын ел жақсы таниды. Бірақ оның аналық болмыс бітімін, мейір махаббатын сезініп өскен ұл-қыздарынан артық кім білген?! Өмір жолында жоқшылықты да, тоқшылықты да көрген анам 1930-1933 жылдардағы ашаршылықты өткерді. Халық қайта аяққа тұрып, етек-жеңін жия бастағанда Ұлы Отан соғысы тұтанды. Кезіккен қиындықтарға қарамастан анам 1938 жылы Қызылорда қаласындағы мұғалімдер техникумында білім алып, 1940 жылы еңбек жолын Нар­тай ауылындағы бастауыш мектептен бастайды. Осылайша бір отбасының емес, ауыл балаларының анасына айналады.
Ұстаз әрі коммунистік партияның мүшесі болған анамыз әділетті, халқының жанашыры болып, қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытты. Соғыстан кейінгі жылдары Шиелі аудандық партия комитетінде әйелдер істері жөніндегі бөлімді басқарды. Әрі бюро мүшесі болды. Қ.Мәмірейқызы қарапайым болмысымен жетім-жесірлерге қолдау танытты. Сан салада сауаттылығымен, іскерлігімен ел есінде қалды.
Түздегі тірлігін үйдегі шаруамен теңдей атқарған анамыз 6 құрсақ көтерді. Әкеміз Ібірәш Бейсембайұлы екеуі 2 ұл, 4 қыз тәрбиелеп, олардан 26 немере, 65 шөбере өрбіді. «Еңбек ардагері» Қ.Мәмірейқызы 1973 жылы 51 жасқа қараған шағында мәңгілік сапарға аттанып кете барды. Бұл фәниде жарты ғасыр ғұмыр кешсе де, бір ғасырға жүк болар еңбек жолын, қадір-қасиетін қалдыра білді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей ұл-қыздары елге еселі ебек етсе, енді немере шөберелері Жаңа Қазақстанды құру жолында қалтқысыз қызмет етуге кірісті.

Аманкелді Салымұлы,
еңбек ардагері, ұлы
01 тамыз 2022 ж. 386 0