Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сұлулар сыйға бөленді

Сұлулар сыйға бөленді

Биыл аудандық орталық кітапханаға 60 жыл толып отыр. Заманның ағымына қарай, кітапхана саласы да қарқынды дамып келеді. Кітапхана оқырмандарға кітап берумен шектелмей заманауи қызмет түрлерін пайдаланып, бірнеше бағытта іс-шаралар өткізеді. Соның бір ғана дәлелі «Арман» мәдениет үйінде 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай «Ана деп көркем жыр төккен – Армысың, ару нұр көктем» атты салатанатты шара.
Іс-шарада аудан əкімінің орынбасары А.Есмаханов пен мәслихат хатшысы Т.Жағыпбаров айтулы мерекенің маңыздылығына тоқталып, кітапхана саласында көп жыл еңбек еткен ардагер аналар мен қызметкерлерге ыстық лебізін білдірді. Мұнан соң, аудан әкімінің орынбасары А.Әбілқасымұлы бірқатар кітапхана саласының үздіктерін аудан әкімінің және мәслихат хатшысының «Алғыс хаттарымен» марапаттап, мерекелік гүл шоқтары мен сыйлықтарын табыс етті.
«Жұмақтың кілті – ананың табанының астында». Бұл сөз түсінгенге, көп нәрсені ұғындырады. Табиғаттың оянуы да осынау шуақты мерекемен бас­тау алатыны тегін емес. Әлемнің Жаратушысы да ешқашан аласармайтын «Ана» деген асқақ аттың иелерін сондай құрметті етіп жаратып, қырық шырақты әйелдердің ғана кеудесінен екі бірдей жүректі соқтырады. Ана – жер бетіне күн нұрынан артық жылу шашады. Жанарымен жалғанға жылу беріп, пенде атаулының барлығына жүрегіндегі жылылықты арнап, баласының аяғын жерге тигізбейтін де аналар. Перзенті үшін биік-биік асуды да бағындырып, жаңбырлы күні панасы, желді күні қорғаны болатын да осы асыл жаратылыс иелері. Өзегін жарып шыққан баласын өзге түгіл өзінен де артық көретін, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалып, бауыр еті баласын уайымдайтын, түн ұйқысын кірпік ілмей күзететін, тоғыз ай құрсағында, қаз басқанша құшағында, өмір бойы жүрегінде көтеретін де ғазиз аналар. Міне, ана құдіретінің қаншалықты екендігін осыдан аңғаруға болады. Бірақ бұнымен таусылмақ емес. Әр сәт сайын жарық дүние жарығын сыйлап, жалғанда жер басып жүруімізге себепкер болған әйелдер қауымына қандай құрмет көрсетсек те артық етпес. Себебі адамзаттың өмірі, оның болмысы әйел затымен тығыз байланысты.

Ш.Тілеубаев
05 наурыз 2022 ж. 460 0