Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тағылымы әр қазаққа құт болған

Тағылымы әр қазаққа құт болған

Сыр бойы – әлімсақтан қазақ халқының ата қонысы. Дарияны жағалай қонған елдің жер-су аңыздары өз алдына бір төбе. Ал Сырдың жағасын бойлай жатқан елдің қасиет қонған әулие-әмбиелері мен даңқты батырлары, би-шешендері жайлы аңыз-әңгімелер, қисса-дастандар тыңдаушысын тәнті етпей қоймайды. Тек қазаққа ғана емес, күллі түркі жұртына ортақ тарихи тұлға – Қорқыт ата жайлы да ел аузында аңыз көп. Оның қобыз аспабын ойлап тауып, күй өнеріне өлшеусіз мұра қалдырғаны бір төбе. Қорқыт айтқан екен деген тәрбиелік мәні зор даналық сөздері қаншама ғасыр өтсе де әлі күнге ел аузынан түскен емес.
VІІІ ғасырда Сыр бойында өмір сүрген Қорқыт ата – ежелгі түркілердің көрнекті ағартушысы, ойшылы, ақын әрі сазгер, күйші, тарихта ерекше рухани із қалдырған, халық даналығын жинаушы. Ол өзінің философиялық толғамдарында өмір мен өлім мәселелерін көтерді. Мәңгі өлмеудің жолын қиялымен іздестірген де Қорқыт еді. Аңыз бойынша ол ақ түйені мініп, дүниенің төрт бұрышын кезеді. Бірақ қайда барса да, алдынан қазылып жатқан көр кездеседі. «Кімге қазып жатсыздар?» деген сұрауына «Қорқыттың көрі» деген жауап алады. Содан кейін өлімнен қашып құтылуға болмайды екен деген қорытындыға келеді.
Қорқыт ел бірлігін нығайтқан кемеңгер қайраткер ғана емес, түркілік дүниетанымның мәйегін жасап кеткен ғұлама ойшыл, әлемдік ақыл-ой мәдениетінде өз орны бар философ-гуманист. Ол айтқан мақалдар мен нақыл сөздер өзінің мәнін жоймағандығы соншалық оның кейбірі әлі күнге дейін қазіргі қазақ өмірінде қолданылып келеді. Өз заманында да Қорқыттың кеңестері далалықтардың қоғамдық өмірінде үлкен рөл атқарды. Олар күні бүгінге дейін халық даналығы шоғырланған мақал мен мәтелдер ретінде қабылданды. Оның «Қар қалың жауса да, көктемге дейін қалмайды, жайқалып өскен көк майса күзге дейін қалмайды. Ескі мақта мата болмас, ескі жауың дос болмас. Сулар тарам-тарам болып, қаншама тасып аққанымен, теңіздерді толтыра алмайды. Менмен, тәкәппар адамды Тәңірі сүймейді. Басқалардан өзін жоғары ұстаған адамға тәңірі бақ бермейді. Қара есектің басына жүген таққанмен тұлпар болмас. Қар қаншама қалың жауғанмен жазға бармас, гүлденіп өскен бәйшешек күзге бармас. Тозған мақта бөз болмас, ежелгі жау ел болмас болмас. Қайыспас қара балтасыз жау алынбас. Мыңғырған мал жиғанмен, адам жомарт атанбас. Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағлым алмаған ұл жаман. Ондай бала ел басын құрап, үйінен дәм беруге жарамайды» деген қанатты сөзге айналған нақыл сөздері ел аузында.
Қорқыт ата өзінің ел-жұртына тағы мынадай өсиет айтқан «Қолына өткір қылыш алып, соны жұмсай білмеген қорқаққа қылыш сермеп серп етпе. Жер қадірін ел біледі, ер қадірін ел біледі. Құлын құдыққа түссе құрбақа құлағында ойнайды. Көп қорқытады, терең батырады. Қыз анадан көрмейінше үлгі алмас, ұл атадан көрмейінше үгіт алмас. Ежелгі жау ел болмас, ескі мақта жіп болмас, қонақ келмес үйдің қирағаны жақсы, жылқы жемес шөптің шықпағаны жақсы, адам ішпес ащы судың ағысты жылғаларды қумағаны жақсы, атаның атын былғайтын ақылсыз ұлдың тумағаны жақсы. Адам қанша қажетсінгенімен, ол өз үлесінен артық жей алмайды».
Бабамыздың бала кезінен бастап ел ішінде өзгелерден дараланып, ерекшелігімен ержеткен азамат екендігіне көз жеткіземіз. Сондықтан да болар жастайынан сан қырлы өнерді меңгерді. Қорқыт жайлы әңгіме басталса, «қобыз» сөзі құлақ түбіне келері сөзсіз. Сонымен қатар Қорқыт атамыз ел ішінде дау­ды шешкен ақылгөй дана болғаны мәлім. Елдің дауын екі ауыз сөзбен шешкен бабаларымыз сөз қадірін түсінген. Аталы сөзді бағалай білген елдің оған бағынбай кеткен тұсы болмаған. Осы тұрғыдан алып қарасақ Қорқыт бабамыздың мұраларында ұлтқа пайдасы тиер маңызды мәліметтердің көп екенін аңғаруға болады. Кей деректерде Қорқыт сөзі «құт» деген мағынаны білдіретіні жайлы айтылады. Сондықтан да Қорқыттың әр айтқан тағылымы әрбір қазаққа құт болмақ.

Елдос СЕЙІЛОВ
18 қазан 2020 ж. 883 0