Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚОРҚЫТ АТА МЕМОРИАЛЫ –ТҮРКІ ДҮНИЕСІ ТӘУ ЕТЕР КЕШЕН

ҚОРҚЫТ АТА МЕМОРИАЛЫ –ТҮРКІ ДҮНИЕСІ ТӘУ ЕТЕР КЕШЕН

     
Сырдың бойы сыр тұнған тарихи орындар мен ескерткіштерге бай. Солардың ішінде түркілердің бәріне ортақ тарихи тұлға, кемеңгер ойшыл, ғажайып музыкант Қорқыт бабаның құрметіне қойылған ескерткіштің бітімі бөлек, тағылымы зор дер едік. Әйгілі орыс ғалымы В.Жирмунскийдің «Сырдария бойында Қорқытта қадірлеудің мың жылдық өнегесі бар» деген пікірінде үлкен шындық бар. Өйткені, бұл Қорқыт атаның кіндік қаны тамған жер, Оғыз мемлекетінің астанасы Жанкентте дүниеге келген данагөй бабаның өмірге шыр етіп келген, ғұмыр кешіп, көз жұмған жері. Бабаның аңызы мен рухани-музыкалық мол мұрасы сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жеткен жер де – осы Сыр өңірі.

    Осы киелі өлкеде туғандықтан ажалдан қашып, дүниенің төрт бұрышын кезген Қорқыт ата туралы аңыз-әңгімелерді жасымыздан құлаққа құйып өстік. Айтсаң аңыз да көп, әпсана да жетерлік. Оғыз заманындағы бағзыдағы бабалар ерлігі, батылдығы, даналығы, көрегендігі бүгінде аңыздан аңызға, жырдан  дастанға, күйден күй жырына ауысып жетті. Ұлы жолдың бойындағы зәулім ескерткіш маған сол бабалар ерлігі мен кемеңгерлігін паш етіп тұрғандай көрінеді. Желмаясының жабуын Сырдың суына төсеп, сол кілемнің үстіне отырып алып зарлы күй тартып отырған ұлы күйші елес береді. Жалпы, адамзатқа өлмейтін өмір, жұмақ іздеп жер-көкті шарлаған Қорқыт бабаның тәңірмен тілдесу үшін «Жеркіндік»  ретінде осы топырақты таңдағаны да тегін болмаса керек.
    Марқұм Ә.Қодардың пікірінше, Қорқыт Сырдария толқынының үстіне кілем төсеп, уақытты тоқтату үшін қобызын тартады. Демек, қобыздың магиалық аспап (инструмент) болғаны. Ары қарай белгілі мәдениеттанушы ойын былайша өрнектейді: «Ажалды музыкалық аспап арқылы жеңу ғажап аңыз! Бұл бізді қола дәуіріне еріксіз жетелеп апарады. Ол кезде ғұрып орындау құдайға сенуден де күштірек еді,» – деп жазады. Автордың ойынша, Қоқыт туралы мифтің типологиясына терең үңілу, айқындау үшін оны ирандық Йимамен, сондай-ақ египеттік  Гор туралы аңызбен (легенда о Горе) салыстыру қажет. (Қытайларда Ши Хуань Ди, үнділерде Яма, ирандықтарда – Йима, ал қазақтарда - Қорқыт). Бұл бізге Қорқыт туралы мифтің тамыры тым әріде, өте ескі  дәуірлерден бастау алатынын ұғындырады.
    Енді өткен күннен бүгінгі күннің бедеріне оралайық. Қармақшы ауданының орталығы Жосалы кентінен 18 шақырым жерде, Қорқыт бекетінің түбіндегі биік төбеге орналасқан кешен міне, отыз жылдан астам уақыттан бері қалың жұрт қастерлеп, тәу етер киелі орын, рухани дүниеміздің алтын діңгегі ретінде елге қызмет етіп келеді.
    Кешегі «қызыл империяның» дәуірлеп тұрған шағында өткенімізді жадымыздан өшіруге тырысқан кеңестің кесір саясатынан қаймықпай кешенді салуға ұйытқы болған белгілі қоғам қайраткері Елеу Көшербаев еді. Ұлтжанды азаматтың ата-баба, ұрпақ алдындағы парызын өтеп, бас сәулетші Бек Ибараевпен бірлесіп кездескен түрлі кедергілерге қарамастан кешеннің құрылысын аяқтап шығуы, осылайша ғажайып ескерткішті кейінгі буынға аманаттап қалдыруы  шындығында үлкен ерлік еді. Бұны бұрынғы бабалар ерлігінің, кешегі кемеңгерліктің жалғасы деп қабылдасақ жарасар еді. Түркі халықтарының түгеліне аңыз болған Қорқыт ата ескерткішін дархан даламызға кімнің салдырғанын кейінгі ұрпақ аңыз етеді әлі.  
    Тәуелсіздік алған алғашқы уақыттан бастап Елбасы тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Мәдени мұра» бағдардамасының аясында көптеген ауқымды жұмыстар қолға алынды. Елімізде қаншама өнер жәдігерлері қалпына келтіріліп, түгелденді. Сыр бойындағы ескі шаһарларға археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштері есепке алынып, қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді.  
    Сондай қолға алынған кешенді шаралардың бірі – Қорқыт ата кешенін қайта жаңғырту жобасы болды. Ескерткіш жаңғыртудан өткелі мұнда тәу етіп келушілер қатары еселеп артты. Қайта жаңғыртудан соң ескерткіштің биіктігі 12 метрге, ал ескерткіш тұрған жердің өзі (тұғыры) 2,5 метрге биіктеді. Бұған қоса, амфитеатрды жағалай бауырлас түркі елдерінің туы немесе ұлттық символдары орналастырылды. Оған екі жылда бір мәрте өткізілетін «Қорқыт және ұлы дала сазы» өнер  фестивалі кезінде тутұғыр орнатылды. Бұрынғы ескі темір бетон матриалдарды мрамор мен ұлутас тастары ауыстырды. Ал, «Бастыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолынан арғы бетіндегі «Қорқыт ата зиярат ету орталығынан» осы ескерткіш кешенге дейінгі, онан «Ақсақ қыз» кесенесіне дейінгі аралыққа жүргіншілер жолы салынып, жарықтандырылып, аумақ түгел абаттандырылды.
    Бастысы, аталған кешен  «ЭКСПО-2017» бүкіләлемдік көрмесінің нысандарының бірі ретінде танылып, сан мыңдаған туристер келді. Бүгінгі таңда мемориалдық кешенді ЮНЕСКО-ның  Дүниежүзілік  Мәдени және табиғи мұра тізіміне енгізу жұмыстары жүргізілуде.
     Жалпы, алдағы уақытта «Қорқыт ата» кешені басында түбі бір, тілі бір туыстас халықтардың халықаралық іс-шараларын өткізуді дәстүрге айналдыратын боламыз. Өйткені, түркі мәдениетінің негізі  Елбасының өзі «Алаштың анасы» атаған осы қасиетті өлкеде қаланды. Сыр елін түркі жұртының ортақ отаны десек, мұндағы «Қорқыт ата» құрметіне қойылған мемориалды кешен күллі түркі әлемінің тәу етер орталығы атануға әбден лайық орын.
    Дәуіржан ЕЛУБАЕВ,
    «Кызылорда-ньюс»



26 наурыз 2018 ж. 2 944 0