Ғимарат мемлекеттік болғанымен, жер – жекенікі
Шиелідегі орталық стадионының бүгінгі кескін-келбетіне қарап-ақ, біздегі спортқа, салауатты өмір салтына деген көзқарастың қаншалықты қалыптасқанын қиналмай-ақ байқай аласыз. Кент әкімдігінің дәл қапталында орналасқан осынау әлеуметтік маңызды нысан халықтың емес қалталылардың қамы үшін, бизнес үшін құрып бітеді ме деген ой көпшілікті мазалайды.
Шиелінің ғасырға жуық тарихының өне бойында орталық стадионның кіреберіс қақпасы анадайдан андағайлап көрінетін, дарбазасы автовокзалға, базарға қарсы айқара ашылып, спортсүйер қауымды «құшақжая» қарсы алып тұратын. Ауыл-елден келген жұрт та автобустан, таксиінен түсе сала сәулеті келіскен стадионды көретін.
Шиелінің ғасырға жуық тарихының өне бойында орталық стадионның кіреберіс қақпасы анадайдан андағайлап көрінетін, дарбазасы автовокзалға, базарға қарсы айқара ашылып, спортсүйер қауымды «құшақжая» қарсы алып тұратын. Ауыл-елден келген жұрт та автобустан, таксиінен түсе сала сәулеті келіскен стадионды көретін.
Бүгін ол сәулеттің сыны кеткен, стадион алды базар. Жері жеке меншікке өткен. Жерді мемлекет меншігіне қайтару мақсатында бір кездері жекешелеп алған тұлғаға Көкшоқыдан жер телімі ұсынылыпты. Бірақ, мемлекет, халық мүддесінен, жекенің мүддесі басым түскен. Содан «амалсыз» жергілікті билік бертінде стадионның бетін кері бұрып, есігін артынан шығарған. Бірақ ол жақта да жайма базар, көтерме сауда. Есебін тапқан пысықайлар енді ол жерді де жекелеп алса, бәрімізге бір-бір парашют сатып алып, стадионға аспаннан секіріп түскеннен басқа амал қалмақ емес. Орталық спорт кешені ғимаратының да жері жекенің меншігінде. Жаңбыр жауса үстінен су сорғалайтын нысанға жөндеу жұмысын жүргізе алмайды екенбіз. Себебі ғимарат мемлекеттік болғанымен, оның да жері жекенікі. Мәселе ме? Әрине мәселе!
Жыл басында спорттық шараларды өткізу мақсатында жергілікті бюджеттен 17 млн теңге мақұлданған. (Бірақ, салаға жауапты бөлімге бар жоғы 500 мың теңге ғана аударылған.Дардай бөлім бұл мардымсыз қаражатпен қай жыртығын жамамақ?) Одан бері сынаптай сырғып жарты жыл өтті. Игерілген һәм толық аударылған қаражат, өткізілген шара жоқ. Ертең жыл соңында асығыс-үсігіс, қаржы игеру, жәй есеп үшін актёр-көктер боламыз. Қыстың күні салынған асфальт жолдай сапасыз дүние, мән-мағанасыз шара өзімізді де өзгені де шаршатып, жап-жақсы басталып келе жатқан «Жаңа Қазақстан» ұстанымын қор қылып алмасақ деген мазасыз ой бар. Аталған мәселелер VII шақырылған аудандық мәслихаттың 23 сессиясында депутаттар тарапынан айтылды. Айтылған жерінде қалмаса игі!
Осы орайда «Дене шынықтыру және спорт туралы» Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 3 шілдедегі №228-V Заңын мысалға келтіре кетсек.
51-бап. Дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттары.
1. Дене шынықтыру мен спорттың материалдық базасын әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне жататын дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттарының барлық түрлері құрайды.
3. Аумақтарды дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттарымен қамтамасыз ету қажеттілігін айқындау, сондай-ақ дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттарын орналастыру сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтерге сәйкес жүзеге асырылады.
4. Мемлекет меншігіндегі дене шынықтыру-сауықтыру, спорт ғимараттарын оларға тең дене шынықтыру-сауықтыру, спорттық және спорттық-техникалық ғимараттарды құрмай тұрып жоюға, олардың нысаналы және функционалдық мақсатын өзгертуге жол берілмейді.
Н.СӘДУАҚАСҰЛЫ