Жазылған жай жауапсыз қалды

Орталық стадион алаңы. Яссауи көшесі беткейінде Иманжүсіп Құтпанұлының тастан қашалған тау мүсіні орналасқан. Әнші-композитор, азаттық жолындағы күрескер Иманжүсіп Құтпанұлы – қазақ тарихында орны зор тұлға. Шиелінің шырайын кіргізген батыр бейнесіне сөз жоқ. Алыстан көз тартады. Болмыс бітімін айтсаңызшы...
Бірақ, жанында жол бетіне шығып жатқан кәріз суының жағымсыз иісінен ескерткіштің қасына жақын барғың келмейді. Бір қапталында ардагерлер үйі орналасса, екінші қапталында қонақ үй бар. Міне, сол қонақ үйдің құбырынан аққан су жолдың бетіне шығып, жаяу жүргіншілерді әбігерге салуда. Аудан тұрғындарының сөзіне құлақ түрсек, балалардың, оқушылардың жүріп-тұруына зиянын тигізуде. Әрі асфальтталған А.Ясауи жолының да сиқын қашырды дейді.
Күз келіп, қамбаны астыққа толтырған диқандар «Сабан тойға» дайындалып жатқаны тағы бар. Әрі биыл даңғайыр диқан Ы.Жақаевтың 130 жылдық мерейтойы. Осынау айтулы мереке қарсаңында жыл сайын Орталық стадион алаңында «Алтын күз» мерекесі аталып өтеді. Биыл да бұл үрдістен жаңылмайтынымыз аян. Алайда, Шиеліге келген қонақтардың көзі А.Ясауи жолының бойындағы олқылыққа түссе, атымызға сын болмайды ма? Үнемі жұмыс орнына қоңырау шалсақ, кент ішін аралауға кететін кент әкімдігі мен аудан әкімдігінің жауапты сала мамандарының көзіне бұл мәселе неге көрінбей жүр? Аудандық «Өскен өңір» газетінің фото тілшісі Бақытжан Бәйімбеттің кадрна ілінген бұл олқылықты тиісті мамандар назарға алуын сұраймыз.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ