Ескерткіштер – елдіктің белгісі
Әлемде «Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні» сәуір айының 18-інші жұлдызында атап өтіледі. Бұл күнді 1983 жылы ЮНЕСКО жанынан құрылған Халықаралық ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі кеңес ассамблеясы бекіткен болатын. Бүгінгі таңда осы ұйымның қатарында әлемнің 175 мемлекеті бар. Қазақстанда ұлттық құндылық болып табылатын 25 мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіштер болса, соның ішінде Шиелі ауданы бойынша бүгінгі күні 49 ескерткіштер мен тарихи-мәдени мұра объектілері мемлекет қорғауына алынған.
«Тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр» дегендей, елдің ауызбірлігін арттырып, ынтымақты сақтап, дүйім жұртты бір ауыз сөзімен басқара білген датқа, болыстарымызды, елге жау шапқанда қашуға емес, қаруына қарай ұмтылған батырларымызды, әр күнін Алла жолына арнаған әулие-әмбиелерімізді бүгінгі ұрпақ білуі тиіс.
Шиелі жеріндегі халық әулие атап кеткен Оқшы ата, Асан ата, Қыш ата, Ғайып ата, Есабыз әулие, даңқы елге таралған шешен, сөз зергерлері Бала би, Досбол датқа, Бұдабай ақын, Әйеке болыс, айтулы ерлеріміз Жаназар батыр, Иманжүсіп, саясаткер Мұстафа Шоқай және тағы да басқа тұлғалардың өмір-өткелдері, атқарған істері қазіргі жастарға да, келешектегі ұрпаққа да үлгі-өнеге.
Ақмешіт атырабындағы ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұраларының алдын-ала тізіміне енген 9 ескерткіштің бірі - Қаратау етегіндегі Сауысқандық шатқалындағы тасқа қашалған рухани құндылықтар. Әйгілі Таңбалы тастан кем түспейтін, тас және қола дәуірінен сыр шертетін бұл көріністерді ғалымдар Сыр бойындағы бейнелеу өнерінің бастауы деп бағалайды. 500 гектар аумақты алып жатқан Қаратаудағы петроглифтер шамамен 8 мың сюжетті құрайды. Қадым замандардың қолтаңбасын төсіне басқан Сауысқандық маңы бүгінде ерекше қорғау аймағына алынған.
Бүгінде ел қорғаған батырларымыз бен бойына сөз құдіреті қонған абыздарымыздың ескерткіштері тәуелсіздігімізбен бірге жаңғырып, алаңдарда асқақтап, ұлттық рухты ұлықтап тұр.
Соның бірі – Иманжүсіп Құтпанұлы. Атағы жер жарған Иманжүсіп тарих қойнауынан жарқ етіп шығып, бейнесі өзінің туған жерінің төрінен, ескерткіш тұғырынан орын алды.
Аудандық орталық стадионның кіреберіс қақпасының алдында қолына дүр қамшысын ұстаған, иығына қазақтың қара домбырасын ілген батыр әрі әнші Иманжүсіптің алып ескерткіші тұр. Арқа мен Сырды тел емген Иманжүсіп Құтпанұлының аты осы стадионға берілген.
Иманжүсіптің атасы Тұрғанбай датқа Түркістан қаласы маңындағы Шілік өңірінің биі болған. Әкесі құтпан Кенесары ханның көтерілісіне қатысқан. Иманжүсіп жас кезінен-ақ жырға, шешендік сөзге құмар болып, сал-серілер дәстүрін ұстап, саятшылық құрып, балуан атанады. Иманжүсіп суырып салма ақын, кең тынысты әнші болған. Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Мәди әндерін тамылжыта шырқаған. Жаяу Мұса Иманжүсіппен талай рет жүздесіп, ақыл-кеңес берген, оған өлең де арнаған. Иманжүсіптің құдіретті әндері Арқаға, Жетісуға таралса, Сыр өңірінде мақтанышпен шырқалады. Иманжүсіп әндерін музыка зерттеушісі А.Затаевич нотаға түсіріп, бірнеше әндерін «Қазақ халқының 1000 әні» атты жинағына енгізген.
Әр ескерткіштің артында тарих, айтылар сыр, жазылар кітаптар жатыр. Ескерткіштер елдің сәні ғана емес, ол кейінгі ұрпаққа рухани азық, патриоттық тәрбие беруге қызмет ететін құнды дүние.
Бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қасық қаны қалғанша «Жеріміз жаудың табанында тапталмасын» деп күресті. Сондықтан, біз бүгінгі бейбіт күннің кімнің арқасында, қалай келгенін әсте естен шығармауымыз керек. Бабалардың салып берген сара жолын болашақ ұрпаққа аманат ету баршамыздың ұлттық борышымыз болуы тиіс.
Бекболат Темірәліұлы,
Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері
Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері