Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Жерасты жолы» жәй аңыз емес

«Жерасты жолы» жәй аңыз емес


Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні 1984 жылдан бері 18 сәуірде атап өтіледі. Ұлы даланың ұлы қырларын ашып, зерделеуде бұл мерекенің маңызы зор. Себебі, қазақ даласындағы тарихи-мәдени ескерткіштер – ұлтымыздың байлығы. Халқымыздың өткенінен сыр шертетін қастерлі мұра. Осы тарихи-мәдени жәдігерлерде өткен уақыттың естелігі бар.
Ескерткіштер әрбір елдің тарихы мен өткенінен сыр шертер халықтың ұлттық байлығы ғана емес, сол елдің өткені мен бүгінін саралайды, сөйтіп, келешек ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде де маңызды. 1983 жылы ЮНЕСКО жанынан құрылған Халықаралық ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі кеңес ассамблеясы «18 сәуір – тарихи ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғаудың Халықаралық күні» деп бекіткен болатын. Бүгінгі таңда осы ұйымның қатарында әлемнің 175 мемлекеті бар. Дүниежүзінің 122 еліндегі 754 тарихи құндылық ЮНЕСКО тізіміне енгізілген.
Ал, Сейхун, Яскарт секілді түрлі атауға ие болған бүгінгі Сырдария бойын жағалай қоныс тепкен Сыр елінің ашылмаған сыры көп. Тұран ойпатындағы осы алып өлкенің тарихы да қадым замандардан бастау алады. Бойына сан мың сырды жасырған киелі өлкенің тарихын зерттеу ісінің қолға алынғанына да ғасырға жуық уақыт болып қалды. Осы уақыт ішінде қойнауына қатпар-қатпар тарихы жасырылған Қызылорда облысында 500-ден астам тарихи-мәдени ескерткіштер қорғауға алынды. Ал, Шиелі ауданы бойынша 49 тарихи-мәдени мұра анықталған. Оның 3-і республикалық, 28-і жергілікті маңызға ие. Қалған 18 ескерткіш алдын-ала есепке алынған. Құпиясын ашып бітпеген қарт Қаратаудың етегі ертедегі естеліктерін әлі де жоғалта қойған жоқ. Оған қоса «Батыс – Қытай – Батыс – Еуропа» жол бойындағы 7 ата байыз тапқан «Оқшы ата» мазаратын да айтуға болады. Дегенмен, жеке топтардың қызығушылығымен қазылған тарихи орындардағы жәдігерлердің жойы­лып кету қауіпі басым екенін айтады археолог мамандар. Ескерткіштерді қорғау, құрылыс салуды реттеу және қорғалатын табиғат ландшафт аймақтарын белгілеу жұмыстары бойынша бүгінгі таңда ауданда 48 ескерткішке қорғау тақталары орнатылып, төлқұжаттары рәсімделген. Бұл туралы Шиелі аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ескерткіштерді қорғау жөніндегі маманы А.Шайзақызы тілге тиек етті.
– 2020 жылы аудандық бюджеттен 759 000 теңге қаржы бөлініп, жергілікті маңызы бар археологиялық ҮІІІ-ХІІІ ғасырлардағы Ақтөбе қалашығы, Ортақшыл ауылдық округі Жансейіт ауылынан оңтүстік-батысқа 8 шақырым ХІ-ХІҮ ғасырлардағы Қызылтам қалашығы ескерткіштерінің ландшафт аймақтары белгіленді. Сондай-ақ, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Сұлутөбе ауылдық округіне қарасты 1 Май елді мекенінің кіре беріс тұсына Алаш ардақтысы М.Шоқай аллея­сы салынды. Ендігі кезекті, 2021 жылы аталған аллеяға қайраткердің мүсінін орнату жұмыстары жоспарлануда, – деді ол.
Айта кетейік, бүгінгі таңда әлі де толық археологиялық зерттеуді қажет ететін Талаптан ауылдық округі, Бала би ауылынан солтүстік-батысқа 15 км «Жерасты жолы» бар. Бізге аңыз-әңгіме ретінде жеткен жерасты жолдарын бұл күндері бірі білсе, бірі білмес. Биылғы жылы археологиялық ескерткіштің қорғау аймағын белгілеу жұмыстарының жоба-сметалық құжаттары әзірлену үстінде екен. Ал, бұл жерасты жолдарын өз көзімен көрген әріптесіміз Н.Бекбау «Қазір күллі әлем көзін жұмып, таңдай қағатын Троя шаһары. Әуелде бұл да жай аңыз емес пе еді? Бірақ неміс ғалымы Генрих Шлиман, мұны ертегі деп санамады, сенді. Аңызда айтылатын аңғарды тапты, сол жерден іздеді. Соңыра алапат жаңалық ашты. Біз осы оқиғаны біле тұра, неге қазақтың кей аңыз-әңгімелерін ертегі деп менсінбей жүрміз? Мысалға, «Сайрам мен Түркістан, Түркістан мен Сығанақ шаһарларының арасында көне замандарда жер асты өткелдері болған» дейді ауылдағы қариялар. Біз оны қиял әңгіме санаймыз. Мүмкін осылайша немқұрайлықпен талай Трояны жоғалтып жатқан шығармыз?» деп жазады. Расында, тарихқа көз сүзсек қазақ даласының үстімен ғана емес, астымен де тарау-тарау жолдар жүрген. Сол жолдармен Түркістан, Сығанақ, Сауран секілді көне қалалар соғыс жағдайында бір-біріне көмек берген, босқындарды қабыл алған. Мұны академик Әлкей Марғұланның да еңбектері растайды. Олай болса, аудандағы «Жерасты жолын» әлі де зерттеу керек емес пе?

P.S. Алаш алаш болғалы қазақтың төрт астанасы орын тепкен Сырдың бойында өткеннің сайраған ізіндей, көненің көзіндей тарихи һәм мәдени орындар жетерлік. Ал, осыны алты құрлыққа айшықтау, дәуірдің жауһарындай дәріптеу біздің мойынға артылған міндеттің бірі болса керек. Оның үстіне, ұлттық рухтың көсегесі көгерсін десек, осынау жәдігерлерімізді бүгінгі ұрпақ санасына сіңіріп, болашаққа басы бүтін аманаттау да жауапты іс.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
16 сәуір 2021 ж. 341 0