Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ескерткіштер – ұрпақтың рухани азығы

Ескерткіштер – ұрпақтың рухани азығы

Орталық стадионның солтүстік кірер қақпасының алдында қолына дүр қамшысын ұстаған, иығына қазақтың қара домбырасын ілген батыр әрі әнші Иманжүсіптің алып ескерткіші тұр. Арқа мен Сырды тел емген Иманжүсіп Құтпанұлының аты осы стадионға берілген.
Ескерткіш – сәулет өнерінің жемісі. Кейіпкердің бейнесі тасқа қашалып не болмаса шойыннан, мыстан, қоладан құйылып, мүсінші өнерпаздардың қолымен жасалады. Ұрпақ санасында «Е, біздің Иманжүсіп бабамыз осындай адам болған екен ғой» деген ұғым қалады. Ескерткіш – тарих. Сондықтан олар мемлекеттің ескерткіштер қорына есептеліп, қорғауына алынады. Бір жағы Иманжүсіп Құтпанұлының ескерткіші Шиелі жерінде, яғни әнші-батырдың туған Отанының төрінде салтанат құрып тұр. Кенттің ажарына ажар қосып, архитектуралық кескін-келбет беріп тұрғандай. Стадионға келіп-кетіп жатқан үлкен-кішілер де, сырттан келген қонақтар да ескерткішке сүйсіне қарап, сәулет өнерінің ғажабына үңіледі. Мұны біз қалауы жоқ мүсіншілік шеберліктің құдіреті мен қасиеті деп қабылдап, оған таңырқай қарап жатамыз. Ескерткіш – үнсіз бейне. Еліміздегі кесенелер, мазарлар, тарихи көне жазулар да ескерткіш санатында тізімге алынған. Аудан көлемінде 48 ескерткіш мемлекет қамқорлығында. Үш ескерткіш (Оқшы ата кесенесі, Асан ата кесенесі, Сауысқандық петроглифі) республикалық маңызда, ал қайта бекітілген 26 ескерткіш (Есабыз кесенесі, Нәнсай қалашығының жер асты жолы, Рабат-1, Рабат-2, Рабат-3, Рабат-4, Рабат-5 бекіністері, Тастөбе қалашығы, Бестам қалашығы, Мортық бекіністі мекені, Қызылтам қалашығы, Ақтөбе қалашығы, Сұлутөбе қалашығы, Есабыз қабірі, Су қыспақты мұнара, Бәкі кесенесі, Тәжібай кесенесі, Мақұлтам кесенесі, Құлтан, Ахмет Ишан кесенелері, Мұстафа Шоқай ескерткіші және Қабыл ата кесенесі) жергілікті маңызда саналады. Сондай-ақ 19 ескерткіш (Жаназар батыр кесенесі, Бала би, Досбол би, Ғайып ата кесенелері, Қыш ата қабірі, Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарға қойылған ескерткіш, Ш.Есеновтың бюсті, Азамат және Ұлы Отан соғысында қаза тапқан Шиелі патроиоттарына орнатылған ескерткіш, Шиелі кентіндегі су қыспақты мұнара, Ы.Жақаев ескерткіші, Ғ.Мұхамеджанов мүсіні, М.Шоқай мүсіні) облыстық комиссияның хаттамасымен бекітілді. Аудан көлеміндегі мемлекеттік тізімге енгізілген 45 ескерткіштің төлқұжаттары, есеп карточкалары жасалынған, қорғау тақтасы орнатылған, қорғау міндеттемелері беріліп, сол бағытта жұмыстар атқарылуда. Ауданда орналасқан республикалық маңыздағы 3 ескерткіш пен Юнесконың алдын-ала тізіміне енгізілген Сауысқандық шатқалындағы жартастағы бейнелер кешені ескерткішіне келушілерге жағдай жасалған. Бүгінгі таңда кент және ауылдық округтерде бос тұрған, елеусіз қалған тарихи-сәулеттік ғимараттар жоқ. Бүгін назарларыңызға екі ескерткіш жайлы қысқаша мәліметті ұсына отырып, тарихи мұраларымызға жанашырлықпен, аса құрметпен қарауларыңызды сұраймын. Бәкі кесенесі – 19 ғасырдың ескеркіші. Ол Сұлутөбе ауылынан солтүстік-шығысқа 100 шақырым қашықтықта орналасқан. Кесене ғасырлар сырын арқалап осы күнге жетіп отыр. Телікөл көліне солтүстік-батысқа қарай 15 шақырым жердегі Құланбай Қарамолда қорымының солтүстік шағы бөлігін алып жатыр. Кесене үлкен төбенің басында, қорым ортасында. Қасында Тәжібай кесенесі бар. Бәкінің руы – балықшы найман. Бір бөлмелі кесененің көлемі 7,50x8,20 метр, биіктігі шамамен 6 метр, қабырғасының қалыңдығы 1 метр. Күмбездің жоғарғы бөлігі ішіне құлап түскен. Бұрынырақта жеңіл жөндеуден өткенге ұқсайды. Ішкі-сыртқы сылақтары, есік маңдайы, төрт құлақтың айналасы, төрт қабырғаның астыңғы бөлігі жерге дейін жауын шайып, мүжіліп, іші-сыртына құлаған. Бар болса да ішіндегі мүрденің қай жерде екені белгісіз, топырақ үйінділерінен білінбейді. Кесене майда тас орналасқан жергілікті топырақтан құйылған есектен өрілген, көлемі 34x17x7 см. қалыңдықта. Ашық аспан астында ғасырдан-ғасырға жетіп тұрған сәулет ескерткіші Бәкі кесенесі кімді болса да қызықтырмай қоймайды. Ел қорғаған батырларымыз бен бойына сөз құдіреті, ән патшасы қонған абыздарымыздың ескерткіштері тәуелсіздігімізбен бірге жаңғырып, алаңдарда асқақтап, жұртшылықтың еңсесін көтеріп тастауда. Соның бірі – мақаламызға арқау болған Иманжүсіп Құтпанұлы болатын. Иә, атағы жер жарған Иманжүсіп тарих қойнауынан, көнбесінен жарқ етіп, шығып, оның бейнесі ескерткіш тұғырынан орын алды. Ол өзінің туған жерінің төріне шықты.
Иманжүсіптің атасы Тұрғанбай датқа Түркістан қаласы маңындағы Шілік өңірінің биі болған. Әкесі құтпан Кенесары Қасымов ханның көтерілісіне қатысқан. Иманжүсіп жас кезінен-ақ жырға, шешендік сөзге құмар болып, сал-серілер дәстүрін ұстап, саятшылық құрып, балуан аталады. Иманжүсіп суырып салма ақын, кең тынысты әнші болған. Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Мәди әндерін тамылжыта шырқаған. Жаяу Мұса Иманжүсіппен талай рет жүздесіп, ақыл-кеңес берген, оған өлең де арнаған. Иманжүсіптің «Жаяу Мұса, Мәди» секілді әділет, теңдікті жырлаған күрескер, әнші, бодандыққа жаны төзбеген батыр кісі саналғаны сан қырынан жазылып, тарихта қалған. Оның құдіретті әндері Арқаға, Жетісуға таралса, Сыр өңірінде мақтанышпен шырқалады. Иманжүсіп әндерін Қ.Байжанов, Қ.Байсейітов, И.Байзақовтар музыка зерттеушісі А.Затаевичке айтып, нотаға түсірткен. А.Затаевич болса, Иманжүсіптің бірнеше әндерін жазып алып, «Қазақ халқының 1000 әні» атты жинағына енгізген. Әр ескерткіштің артында тарих, айтылар сыр, жазылар кітаптар жатыр. Ескерткіштер кенттің сәні ғана емес, ол кейінгі ұрпаққа рухани азық, патриоттық тәрбие беруге қызмет етеді.

Айнұр Әбілдаева,
аудандық мәдениет және тідерді дамыт­у бөлімінің тарихи-мәдени ескерткіштер жөніндегі маманы
10 қыркүйек 2019 ж. 2 259 0