Иманжүсіп тау тұлға
Халқым деп өмір сүрген, ел-жұртын рухани бесікте тербету үшін жаралған сегіз қырлы, бір сырлы сері, халық батыры, дарын иесі Иманжүсіп Құтпанұлының өмірі мен шығармашылығын зерттеуде игі жұмыстар атқарылуда. Тарихтың тарау бетіне салып кеткен асыл ердің сара жолы, қиын да қилы өмірі, тарихи келбеті мен адами ізгі қасиеттері бүгінгі таңда әдебиетші, тарихшы, өнер зерттеушілерінің назарынан тыс қалмауы керек. Себебі, тәуелсіз елдің ұрпақтарын тәрбиелеуде Иманжүсіп Құтпанұлының тау тұлғасын айшықтай түсу парыз екенін тілге тиек еткен Раушан Иманжүсіп, халық батырының немересі.
Ата жұрты ардақтауы тиіс тұлғаның бірі – Иманжүсіп Құтпанұлы. Десе де, халқымыздың көрнекті жазушысы Әбіш Кекілбаев Иманжүсіптің талантына бас ие отырып: «... Бір өкінішті жай сол, осындай айрықша бітімді ерекше тұлға біздің әдебиетімізде, өнерде өзінің лайықты, көркем бейнесін тауып, тарихшыларымыздың әділ бағасын ала алмай келеді», – десе, академик Ахмет Жұбанов: «Иманжүсіптің бар тарихы архивте жатыр. Әлбетте, көп сөз ел ішінде әлі бар. Соларды жинау керек. Иманжүсіптің де күні туады әлі», – деген пікірін қуаттамау мүмкін емес. Әділеттілікті іздеп, қуғынға ұшыраған халық батырының ату жазасына ұшарағанына биыл 90 жыл толды. 1990 жылға дейін Иманжүсіптің есімін атауға болмай, «Халық жауы» саналған батырдың ұрпағы баба рухына тағзым жасауды ұмытқан емес.
Орталық стадион алаңда сәйгүлікке мінген тау тұлғалы, бойы ұзын, жауырыны жазық, еңсесі биік, қолына қамшы, иығына домбыра асынған ерекше мүсінді көруге болады. Бұл ескерткіш халық батыры, ақын, жыршы Иманжүсіп Құтпанұлының бейнесі. Сәрсенбі күні Шиелі ауданына арнайы келген Иманжүсіп Құтпанұлының немересі, философия ғылымдарының докторы, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры Раушан Иманжүсіп халық батырына арналған орталық алаңдағы ескерткіш басына келіп, құраннан дұға бағыштады. Аудан әкімінің орынбасары А.Есмаханов Нұр-Сұлтаннан келген қонақты арнайы қарсы алып, халық батыры жайында сөз қозғады.
– Өр рухты ақын, балуан, батыр Иманжүсіп Құтпанұлы – қазақ тарихынан ойып орын алған тау тұлға. Туған елінің Тәуелсіздігін аңсап, «ереуіл атқа ер салған, еңку-еңку жер шалған» азаттық жыршыларының бірегейі. Қазақтың мұң-зарын бойына сіңіріп, өмір бойы «Елім!» деп өткен Иманжүсіптің қалдырған мұрасын насихаттау, ардақтау – парызымыз. Менің арманым – әр қазақтың жүрегінде Иманжүсіпті ояту. Атамның есімі туған халқының жүрегінің төрінен орын алып, бостандықты, елінің Тәуелсіздігін жұмыр жер бетіндегі барлық құндылықтардан артық көріп, өзін қазақпын деп санайтын әрбір азаматтың санасында жатталып қалса деймін – деді, Р.Иманжүсіп.
Г.ӘБДІХАНИ