Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәріз жүйесін тартатын автокөліктер үнемі бақылауда

Кәріз жүйесін тартатын автокөліктер үнемі бақылауда

Журналистік зерттеу жасалып, газетте жарияланған ұсыныс-пікір, түйткілді мәселелер мен өзекті тақырыптарға кейбір құзырлы мекеме басшылары еш жауап қайтармайды. Бірақ ел арасында өз ісіне жауапкершілікпен қарап, бұқара мен баспасөз арасын жалғауға септігін тигізіп жүрген жандар да аз емес. Бұл сөзімізге Гигант ауылдық округінің әкімі А.Жандарбековтің қойылған сұрақ пен көтерілген мәселені жауапсыз қалдырмайтыны дәлел. Ауыл әкімінің ыждағаттылығын осы уақытқа дейін аңғарған болатынбыз, енді міне өз ісіне жауапты екеніне тағы көзіміз жетті.
Өздеріңізге белгілі, газеттің №83 санында «Табиғатты ластап, қолаңса иіс таратқан кімдер?» тақырыбымен мақала жарияланған болатын. Онда қолқаны қаритын қолаңса иіске төзбеген тұрғындардың арыз-шағымын көрсеткен едік. Сонымен қатар еркін тыныстауға мұрша бермейтін иісті таратқан кімдер екені сұралған болатын. Сұраққа жауап ретінде сейсенбі күні Гигант ауылдық округінің әкімі А.Жандарбеков редакцияға хат жолдады.
Хатта «Гигант ауылдық округі әкімінің аппараты» коммуналдық мемлекеттік мекемесі газет бетінде көтерілген мақалаға сәйкес төмендегі мәліметтерді хабарлайды.
Бидайкөл ауылы мен Қарғалы ауылдары арасында қолаңса иісі шығатыны мәселе етіп көтерілген. Бидайкөл елді мекенінен 2 шақырым жерде Шиелі кентіне қарасты «Сазқұм» ЖШС мекемесінің қатты күл-қоқыс тастайтын орны орналасқан. Яғни кент орталығының, жеке тұрғындардың, сауда-саттық орындары мен базардан шыққан қатты күл-қоқыстар сол жерге төгіледі. Жеке кәсіпкерлердің кәріз жүйесін тартатын автокөліктері үнемі бақылауда. Учаскелік полиция инспекторы қадағалау үстінде. Бидайкөл елді мекенінің жергілікті тұрғындары тарапынан да қадағалап отырамыз.
Аспалы көпірден РУ-6 мекемесіне баратын тас жол РУ-6 мекемесінің теңгерімінде. Жолдың екі бетінде Гигант ауылдық округінің шаруа қожалықтарының жерлері бар. Шаруа қожалықтардың тарапынан да қадағаланып отырады. Сонымен қатар қоқыс қалдықтары төгетін көліктердің кірмеуі үшін сырттағы жолдың жиектері қазылып тасталған. Қазіргі таңда Гигант әкімі аппаратының, учаскелік полиция тарапынан және ауыл тұрғындары тарапынан қадағалау жұмыстары жүруде» – делінген.
Алдағы уақытта қадағалау жұмыстары жүйелі өтіп, тұрғындардың дегбірін қашырған іс өз шешімін табады деген сенімдеміз.

«Өскен өңір» ақпарат
02 қараша 2019 ж. 443 0