Кәсіпке креатив, Мол өнімге мотивация
«Жартасқа бардым,
Күнде айғай салдым,
Онан да шықты жаңғырық» демекші, соңғы уақытта жорналшылардың жазған дүниелері жауапсыз қалып, «баяғы жартас сол жартас» күйінде қала беретін болды.
Журналистік зерттеу жасалып, газетте жарияланған ұсыныс-пікір, түйткілді мәселелер мен өзекті тақырыптарға құзырлы мекеме басшылары еш жауап қайтармайды. Ілгерідегі үрдістің ізі орта жолдан шорт үзіліп, жұмыстың жүйесі, сөздің киесі кеткендей. Бұрын газетте жарық көрген мақалаға тиісті бөлім арнайы мониторинг жасап, сараптап, проблемалық материалдар бойынша жауап беруді тиісті бөлім, мекеме, ауыл басшыларынан талап етіліп, жолдап жататын. Аудан әкімі Ә.Оразбекұлы жиналыс сайын баспасөзде көтерілген мәселеге жауапты сала өкілдері міндетті түрде жауап беруі керек деп айтып, ескертіп жатады. Дегенмен «Міне, жауабым» деп редакцияға келген ешкімді көрмедік. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» демеп пе еді? Олай болса, журналист көтерген мәселеге «халықтың үніне» тиісті бөлім, сала мамандары неге жауап бермейді? «Берсең бер, бермесең қой баспанаңды, сонда да тастамаймын астанамды» деп Қасым ақын айтқандай, біз де қолымыздағы қаламымыз аман тұрғанда елдің мұң-мұқтажы мен халықтың игілігіне қажетті дүниелерді жазуды тастамайтынымыз ақиқат.
Әлем нарығында уран мен мұнай бағаларының күрт төмендеп кетуі, бізге ел экономикасын жер қойнауындағы шикізатпен өлшеуге болмайтынын, оның елдегі әлеуметтік жағдайдың қалыпты сақталуына кепіл емес екендігін дәлелдеп берді. Бұл оқиға қаржылық экономикасын қазба байлықпен байланыстырған қазақ елі үшін ауыр соққы болғаны жасырын емес. Дей тұрғанмен сиқыры көп экономиканың бұл сыры елімізде тың жобалар мен түрлі бағдарламалардың дүниеге келуіне септігін тигізгені рас. Бүгінде Қазақстан шағын және орта кәсіпті дамытуды назарға алып, ауыл шарушылығы саласына ерекше көңіл бөліп отыр. Дала қосындағы шаруалардың да жұмысын оңтайландырып, оларға мемлекеттен қайтарымсыз несие мен мал басына субсидия берілу көзделген. Аталған бастамалар қоғамдағы жұмыссыздық мәселесін шешіп, халықты адал еңбек, маңдай термен кәсіп етуге бастап келеді. Қазіргі күні дархан даламыз төрт түлік малға толып, тың жерлерге түрен салып, атыраптағы егін алқаптары жаңарып, жандануда. Байқап отырсақ, аудан ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлігінде де едәуір ілгері жылжу бар. Өндірілген өнімнің сақталып, нарыққа шығуы да көңіл толтырады. Бірақ кәсіпкерлер мен шаруаларға мотивация беретін креативті дүниелер кемшін болып тұр. Осы ретте аудандық ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік бөлімдері жұмысын жүйелеп, жандандырып, еңбек адамдарының жұмысқа деген қызығушылығын оятып, құлшынысын арттыратын, жоба, акция, іс-шаралар ұйымдастыруы керек-ақ.
Мәселен, Еуропа елдерінде мал, егін шарушылығымен айналысатын шаруалар арасында өзара жарыстар жиі өтіп тұрады. Сондай ауқымды жарыстың бірі өткен жылы Австралия, Жаңа Зеландия елдерінде қой қырқудан өткен. Халықаралық чемпионатты жергілікті шопандар елдің оңтүстігіндегі Инверк-Аргилл қаласында ұйымдастырды. Жарысқа әлемнің 31 елінен 300 қатысушы жиналған. Төрт күнге созылатын бәсекеде 4 жарым мың қойдың жүні қырқылған. Қырқымға келгендердің өнері қайшымен қырқу, аппаратпен қырқу, жылдамдық, жүн тазалығы мен сапасы бойынша бағаланған. Ал бүкіләлемдік қой қырқу чемпионатын биыл Франция шопандары жеңіп алып, жақын-жуық арада сонда өтпекші. Бұл бір ғана мысал. Білуімізше, ол жақта әрбір шараушылық түрінен жарыстар өткізіліп тұратын көрінеді. Мақсат – мемлекет экономикасының артуына орасан зор үлес қосушы еңбек адамдары мен шопан, бақташы, дихан қауымын зеріктіріп алмау. Ойын басқа арнаға бұрып, көңілін аулау.
Міне, осы тақылеттес дүниелерді біз жоғарыда атын атап, түсін түстеген бөлімдер Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары аясында малшылар арасында әлгіндегідей қой қырқу, асау басбілдіру, шөп ору секілді жарыстар өткізіп тұруы қажет. Ал диқандар арасында «Ең үлкен қарбыз», «Дәмді алма», «Сапалы күріш» деген секілді көрме өткізіп, соңын жәрмеңкеге ұластырып жатса құптарлық емес пе? Сонымен қатар соңғы үлгідегі технологияны пайдалана отырып, егін, мал шаруашылығын дамытуға қатысты түрлі семинар-конференциялар мен тренингтер де ұйымдастырылса, өңір шаруашылығының ілгерілеуіне сеп болары сөзсіз. Осындай шараларды жоғары деңгейде өткізуге біз айтқан бөлім басшыларының білімі, қарым-қабілеті мен тәжірибесі де толық жетеді деп ойлаймыз. Олай болса, аудан агро саласынан алдағы уақытта тек тың дүниелер мен жаңаша жұмыс бағытын күтеміз.
Елдос Жүсіп