Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Табиғатты ластап, қолаңса иіс таратқан кімдер?

Табиғатты ластап, қолаңса иіс таратқан кімдер?


Дүйсенбі күні әдеттегідей газеттің ертеңгілік санын баспаға тапсырып, түн ауа редакциядан шықтық. Содан кезекшілікте болған әріптестерді үйді-үйіне тарқатып, теміржолды жағалай теріскейдегі аспа көпір арқылы Еңбекшіге қарай жол тартып келеміз. Ақмаяның бұрылысынан өтіп, аспа көпірге жақындағанымыз сол еді, көлік ішін жағымсыз, қолаңса иіс алып кетті. Екпініне екпін қосып, жүйіткіп келе жатқан автокөлік әйнегінің жақтауынан ішке енген сасық иістен тіпті, көлікте отыру мүмкін болмай бара жатыр. Тынысымыз тарылып, демімізді ішке тартып, танауымызды тұмшалап, айналаны алған жағымсыз иістен құтылғандай болдық. Бірақ тұмандай торлаған қолаңса иіс көлік ішіне әбден сіңіп алған екен, сасық аймақтан алыстап кетсек те, жаңағы жағымсыз иіс танауымыздың ұшында тұрып қалды. Айналасы 5 минуттың ішінде басымыздан осындай күй кештік. Біз ғой, ол маңнан көлікпен өте шықтық. Ал сол төңіректегі мекеме, зауыттарда күндіз-түні жұмыс істейтін қызметкерлер ше? Олар қалай күнелтіп жатыр? Қазір жаңа инфрақұрылымдық жерлерді пайдалану арқылы кенттің аумағы кеңейіп, тұрғын үй саны да артып келеді. Баяғы жапанда жалғыз тұратын «Тоғыз этажыңыздың» айналасы ауылға айналып, етегіне салынған үйлердің қатары жаңағы жағымсыз иіс жайылған маңға жақындап келеді. Бәлкім, жел айдап, барып та жатқан шығар.
Осыдан бірер апта бұрын арғы беттегі Қарғалы елді мекенінен редакция есігін қағып, Ұлболған апа келді. Аман-саулық сұрап, келудегі мақсатын білгенімізде ақ жаулықты ана Қарғалы мен Бидайкөл ауылдарының арасынан жағымсыз иістің шығатынын айтып, қынжылған еді. Енді міне, апамыз ескерткен қолаңса иіс Бидайкөл мен Ақмая ауылдарының тоғысқан тұсынан да шығып жатыр. Кейуана бір сөзінде: Кенттегі жеке үйлердің кәріз құбырларын тазалайтын кәсіпкерлердің дәретханадан шыққан лас қалдық заттарды Шиеліден шыға беріс ауылдардың сыртына төгіп жатқанын айтқан болатын. Кейінірек бұл әңгіменің әшейін жел сөз емес екенін ақмаялық ағайындар да растап отыр. Осы ретте, Бидайкөл ауылдық округі әкім аппараты мен учаскілік полиция инспекторы бірлесіп, табиғатты ластап жатқан әлгіндегідей жауапсыз жүргізушілерді нақты анықтап, әкімшілік шара көріліп, ескерту берсе дейміз.
Иә, бұл еріншектік пен жалқаулық адам баласына не істетпейді десеңізші. Әйтпесе, адамның жүрегін айнытып, көмейіне лоқсық әкелетін иісі бар үй қалдықтарын далаға төгіп, табиғатты ластап жатқандар кенттің күнгей бетіндегі бас кәріз жүйесіне барар жолды білмей, білсе де жарты жолдан адасып, жайқалған жасыл далаға амалсыз төгіп жатыр дегенге сену қиын. Иә, бас кәріз жүйесінің жағдайы көңіл көншітпей тұрғаны, одан шығып жатқан иістің де айналасын тұншықтырып, тура кентке кіре беріс жерде келеңсіздік туғызып жатқаны баршаға белгілі. Бірақ бұл лас қалдықтарды ауыл сыртына апарып төксін деген сөз емес қой. Бір қызығы жағымсыз иіс кентке кіре беріс қос бағыттан шығып жатыр. Бұл сәйкестік пе, әлде сырттан келген қонақтарды осылай қарсы алайық деген «мысық тілеулес» әлдекімдердің әдейі істеп отырған амалы ма, ол жағына терең бойлай алмадық.
Жалпы кәріз жүйесін тазалауды кәсіп еткен кәсіпкерлердің көпшілігі елдің ықыласына бөленіп, алғысын алып жүргені белгілі дүние. Дей тұрғанмен, аталған кәсіп иелері жеке адамның алғысын алып, бірақ мұқым халыққа зиянын тигізетін әрекетке барып, жұрттың қарғысына ұшырап кетпесе екен дейміз. Табиғатқа қиянат жасап, қоғамды бүлдіріп жатқан жауапсыз жүргізушілер жыл сайын екі рет өтетін екі айлық сенбілікке шыққан аудан тұрғындарының еңбегін еш етпесе екен дегіміз келеді.

Елдос ЖҮСІП
27 қазан 2019 ж. 1 545 0