Келбет пен сәулет
Шұрайлы Шиелі деп ақын біткен жырға қосып жырлаған киелі мекеннің өңін кетіріп тұрған ғимараттар бар.
Аудан көркін айшықтайтын бірден-бір белгі – сәулеті. Ырысы тасып, күріші піскен дәулетті өңірдің сәулеті үйлесім таппай жүргенін бұған дейін де жазған едік. Жергілікті және облыстық, республикалық бюджеттен жетерліктей-ақ қаражат тартылып жатады. Аудан басшылары да кенттің келбетінің айшықталғанына, ауыл-аймақтың абаттануына мүдделі екендігін білдіріп, жыл сайын қыруар тірліктер атқарылып жатқанына ел-жұрт куә. Дегенмен ойдым-қырдым жол, сапасыз салынған кейбір тротуардың жайы толайым тірліктер мен жасалған жұмыстарды кейде жоққа шығарғандай болып жататыны өкінішті. Бұл жолы біздің көргіш көзімізге ілініп, тынышымызды кетіріп жүрген дүние – «иесіз қалған» ғимараттар. Кент ішіндегі ескі ғимараттар көрер көзге де ерсі. Түн жамылып жүрген жанның да үрейін туғызады. Иесі жоқ ғимараттардың күйі нендей халге түсетіні айтпаса да түсінікті. Ішінен не іздейтінін кім білсін, әйтеуір, белгілі тұрағы жоқ кезбелер осындай жерлерге үйір-ақ. Құлағымыз шалады, олардың топталып келіп, ішімдік ішіп, көңіл көтеретін орындары да осы жерлер екен. Одан қалды қаңғыған ит-мысықтың мекеніне айналады. Нақтырақ айтар болсақ, ел аузында «Қамыс зауыт» аталып кеткен бөлігіндегі Тоқтаров көшесі бойында орналасқан ескі мектеп, теріскей беттегі бетон қабырғалар, т.б сол секілді ғимараттарды атап өтуге болады. Тек кент ішінде емес, ауылдық округтерде де иесіз қалған ескі ғимараттар жетерлік.
– Ата-анасы дүкенге кеткен қызы, мектепке кеткен ұлы аман-есен орала ма деп қорқып отыратын күн туды қазір. Иесіз ғимараттар зорлық-зомбылық жасайтын мекенге икемделіп барады. Бұл сарынды ақпарат интернет айдынында қаптап кетті. Содан болар ішіне кірмек түгілі жанынан өтуге секемденіп тұрамыз, – деді кент тұрғыны Г.Байжан.
Осыдан 2 жыл бұрын «Иең қайда, ғимарат, иең қайда?» деген тақырыппен осы мәселе көтерілген болатын. Алайда тиісті мекеме жауап қатпады, ғимаратқа да тіл бітпеді. Ал енді біз бұған дейін атап өткен мәселе неге шешімін таппай келеді? Мүмкін атын атып, түсін түстеп, мәселені көзге шұқып көрсетпейінше тау қозғалса да, орнынан қозғалмайтын тиісті мекемелердің бейқамдығынан ба? Өзі тұрып, өзі жүрген өлкенің өсіп, өркендеп, гүлденуін кім қаламайды? Аудан әкімдігі жергілікті бюджеттен тиісті қаржысын бөліп, құрылысқа қарқын беріп отыр. Енді сән мен сапаға көңіл бөлсе, киелі Шиелінің шырайы арта түсері хақ. Мәселен, ешбір ауданда еңсесі биік 9 қабатты үй жоқ. Аты даңғарадай болғанымен жан біткен жанына жуымайды. Ел игілігіне жарамай тұрған ғимарат жеке адамның меншігінде деген әңгіме бар. Келген қонақ таңдай қағып кететін тамаша туындыға айналатын ғимарат үйсіз-күйсіз кезбенің мекеніне айналған. 1 қабатта 1-2 отбасы ғана тұрады. Мейлі жеке не болмаса мемлекет меншігіне өтсе де, кез келген ауданнан таба алмайтын 9 қабатты ғимараттың керексіз заттай мүжіліп бара жатқаны көңіл қынжылтады.
Тротуарға шығып кеткен дәмхана
Кент орталығында орналасқан «Дәмді» дәмханасын білетін боларсыздар. Түстік уақытта бос орын таппайтын бұл ғимараттың көлемі бастапқы уақытта шап-шағын ғана болатын. Елдегі ахуал карантиннен соң көлемін ұлғайтып, 2-ші қабатын да іске қосқан дәмхананың тұтынушылары аз емес. Бастысы қаңырап бос жатқан жоқ. Бірақ жаяу жүргіншіге арналған тротуар үстіне дейін шығып кеткен құрылыс қаншалықты орынды? Бұл да көпшіліктің көкейіне күпті ой тудырғаны жасырын емес. Кәсіпкерліктің өріс алғаны, азаматтардың алақан жаймай еңбек етіп, жұмыспен қамтылып, мемлекеттің салық базасына үлесін қосып жатқаны қуантады. Дегенмен заңдылықтарды да ескере жүргеніміз жөн емес пе? Әсіресе, аудан орталығында бой көтерер әрбір құрылыс аудандық сәулет және қала құрылыс бөлімінің назарынан тыс қалмасы анық. Дегенмен ретсіз орналасқан ғимараттар ауданның көркін ашып емес, адамның еңсесін басып тұрғандай көрінеді.

Тобықтай сөздің түйінін тарқатсақ, маңайдағы жұрттың жүрегін шайлықтырып, біраз жылдардан бері алқам-салқам күйге енген ұсқыны қашқан ғимараттардың иесіз болуы мүмкін емес. Кент әкімдігі «жұртта қалған осынау қоныстардың» иесін тауып, қандай да бір шараларды қолға алса, нұр үстіне нұр болар еді-ау. Аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімі білек сыбана іске кіріссе, кент келбеті арта түсер еді. Болуы ықтимал қылмыстардың да алдын алған болар еді. Не десек те, байыпты бастамалары мен айшықты істері арқылы шырайы артып келе жатқан Шиелінің бүгінгі келбетін сұрықсыз немесе иесіз ғимараттар бұзбауы тиіс.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ