Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Иең қайда, ғимарат, иең қайда?!

Иең қайда, ғимарат, иең қайда?!


Шаруасы шырайлы, жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатқан Шиелі топырағында көңіл марқайтарлық толымды істердің тізімін түгендесек, газет бетінен көлемді орын алары хақ. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жақсарып, кент орталығының да ажары арта түсті. Кенттің келбеті жыл өткен сайын жаңарып, жаңа нысандар пайдалануға берілуде. Құрылысы қарқын алған ауданның бүгінгі тіршілігіне тұрғындары да риза. Алайда, кейбір мәселелерді айтпасақ, сөзіміздің атасын о дүниелік етеміз бе деп қорқасоқтаймыз. «Көрсетпесек көрмей ме?» деуден аулақпыз. Десе де, біз көтергелі отырған мәселеде қоғамдық тыныштық пен тұрғындардың қауіпсіздігі басты назарда.

Бұл жолы біздің көргіш көзімізге ілініп, тынышымызды кетіріп жүрген дүние «иесіз қалған» ғимараттар. Дәл осы тұста Қыз Жібектің Ақбозатына «Иең қайда, Ақбозат, иең қайда?!» деп еңіреп етегі тола жоқтағаны еріксіз еске түседі екен. Енді біз бұл тұста иесін «Ақбозаттан» емес ғимараттан сұрағаннан басқа амал көрмедік. «Иең қайда, ғимарат, иең қайда?!»
Халық көкейіндегіні қалам ұшымен көрсетуді жөн санаған біздерді дәл осылай тақырып көтеруге қаңырап қалған нысандардың жайы итермеледі. Иесі жоқ ғимараттардың күйі нендей халге түсетіні айтпаса да түсінікті. Ішінен не іздейтінін кім білсін, әйтеуір, белгілі тұрағы жоқ кезбелер осындай жерлерге үйір-ақ. Құлағымыз шалады, олардың топталып келіп, ішімдік ішіп, көңіл көтеретін орындары да осы жерлер екен. Аптап ыстықта осы жақтан шыққан қолқаны қабатын жағымсыз иіс желді күндері ауаға тарап, маңайынан өтіп бара жатқан адамның жүрегін айнытады. Қоқыс төгетін алаңның да күйін кешетін ғимараттар маңайы толық антисанитариялық жағдайда, ал, биылғыдай ыстықта бұл жерден түрлі жұқпалы аурулардың тарамасына ешкім кепілдік бере алмайды. Қаңғыған ит-мысық та осы маңда. Сол жердің тұрғындарының мазасын қашырады.
Сөзімізді деректермен нақтылар болсақ, кентіміздің ел аузында «Қамыс зауыт» аталып кеткен бөлігіндегі Тоқтаров көшесі бойында ескі мектеп, теріскей беттегі бетон қабырғалар, ескі парк маңындағы нысан секілді орындар көрген көзге қорқыныш ұялатады. Ең сорақысы сол маңайларда балалардың ойнайтындығы көңілге алаң туғызады. Үлкендердің қарауынсыз ойнап жүрген балалардың үйінді астында қалмасына, болмаса жоғарыда айтып өткен кезбелердің тарапынан жәбір көрмесіне кім кепіл?! Қауіп-қатер аяқ астында. Жамандықтың бетін әрі етсін, дегенмен, сақтансаң сақтайды емес пе?
Сонымен қатар, кент әкімдігі мен аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі ғимараты ортасында орналасқан яғни, И.Құтпанұлы атындағы стадион жанында да дәл осы кейіптегі «тас­танды» орын бар. Не пайдаға аспады, не бұзылмады. Сол жердегі мекеме қызметкерлерінің айтуынша, үйсіз-күйсіз жүрген қаңғыбастардың мекеніне айналған жерде ерсі әрекеттер орын алатын көрінеді. Қаншама рет оларды бұл маңнан аластатуға тырысқан әрекеттерінен ештеңе өнбеген көрінеді. Стадионда салауатты жасөспірімдердің уақыт өткізетінін ескерсек, бұл мәселені тез арада қолға алған жөн секілді.
Маңайдағы жұрттың жүрегін шайлықтырып, біраз жылдардан бері алқам-салқам күйге енген бұл орындардың иесіз болуы мүмкін емес. Кент әкімдігі «жұртта қалған осынау қоныстардың» иесін тауып, қандай да бір шараларды қолға алса, нұр үстіне нұр болар еді-ау. Олай болған жағдайда, кент жаңа нысандармен толығып, келбеті арта түсер еді. Болуы ықтимал қылмыстардың да алдын алған болар еді.
Не десек те, байыпты бастамалары мен айшықты істері арқылы шырайы артып келе жатқан Шиелінің бүгінгі келбетін сұрықсыз немесе иесіз ғимараттар бұзбауы тиіс.

Дина ЖҮСІПОВА.
03 қараша 2018 ж. 1 538 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930