Тентектік қашан тыйылады?
Соңғы жылдары ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы жақсара түскендігі баршаға аян. Соған орай, Шиелі кентінің де ажарланып келе жатқандығы айқын. 22 ауылдық округті түйістіретін кент келбеті жыл өткен сайын жаңарып, гүлденіп келеді. Бұрынғымен салыстырғанда қазір мұнда өркениетті өмір қалыптасқан. Олай дейтініміз, қазір аудан орталығында көптеген мәселе өз шешімін тапқан.
Аудандағы әлеуметтік бағдарламалардың сәтті жүзеге асырылуының арқасында Шиелі өркен жайып, тұрғындардың әлеуметтік ахуалы артуда. Байыпты бастамалар мен айшықты істер кенттің тұрақты дамуының негізі болып келеді. Бүгінде аудан орталығының инфрақұрылымдық жүйесі кеңейіп, өлкеде жыл сайын қарқынды құрылыс жүргізілуде. Соңғы жылдарда аудан орталығында құрылыс ерекше қарқын алып, сонымен бірге, жол сапасын жақсартуда да кешенді шаралар қабылданып, көшелер жарықтандырылған. Мұның өзі халыққа қолайлы жағдай жасалып жатқандығын аңғартады. Бүгінде аудан орталығына келген көпшіліктің көзайымына айналған скверлердің орны бөлек. Көркейіп келе жатқан өлкеге көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарының нәтижесі ерекше сән беріп тұр. Ауданға келген қонақтар, аудан тұрғындары соңғы жылдарда өркендеген, гүлденген кенттің дамуына лайықты баға беруде.
Иә осылайша, жаңадан саябақ ашылса, балаша қуанамыз, аялдамалар жаңартылып, көшелерге шамдар қаз-қатар тізілсе, бөркімізді аспанға атамыз. Өйткені, әдемілік қашан да адамға қуаныш, шаттық сыйлайды емес пе?! Алайда, әлгі қуанышымыз көп ұзамай су сепкендей басылатыны бар. Себебі, жаңа дүниені «жау» көргендей жапа-тармағай бүлдіруге бейім тұратын тентектер табылып жатыр арамыздан. Әрине, көңілді құлазытады. Қыруар қаржыға жасалған жақсылықты жоюға неге сонша «асығады» адамдар? Неліктен саябақтарды, аллеяларды бүлдіру, қоқыстарды кез келген жерге тастай салу, көшелердегі заманауи жарықшамдарды сындыру, қирату, тыйым салынған орындарда темекі шегу секілді бұзақылықтар тыйылар емес.
Нақты айтқанда, Дәулеткерей көшесі бойындағы скверге бұзақылар үйір болып алған көрінеді. Оларға бос уақыттарында демалып, тынығу үшін баратын тұрғындардың айтар шағымдары жетерлік. Сол маңайдағы тұрғындардың ондағы орындықтардың бүлініп, шамдарының үнемі сынып жататынына наразы. Жаңадан ашылып, пайдалануға берілген демалыс орындарында тазалық сақталмауда. Ашылғанына көп бола қоймаған орынға балаларын ойнатуға келген кент тұрғыны Назерке Секерова да бізге өз ойын ашық айтты.
– Жасыратыны жоқ, басқа тұрғындар сияқты менің де осы жайтқа көңілім толмайды. Өйткені, демалатын орындарда бұзақылықтар жиі орын алып тұрады. Шамдар сынады. Орындықтар ұрланып, темір қоршаулары сындырылады. Жастарды тәрбиелеу жағын мықтап қолға алу керек сияқты, – дейді ол.
Негізінен, бұл жерде қоршаған ортаны сақтау мәселесіне әр тұрғынның байыпты көзқарасы қажет секілді. Себебі, қоғамдық орындардың таза сақталуына, бүлінбеуіне әр тұрғын жауапты десек болғандай. Мұның азаматтық борыш екені айтпаса да түсінікті.
Осы ретте, кент әкімдігінің ұйымдастыру және шаруашылық бөлімінің басшысы Ғалымжан Бейсембаев:
– Осы Дәулеткерей көшесі бойында орналасқан скверді бұзақылар қайта-қайта бүлдіріп кетуде. Орындықтар сынып, ұрланып, шамдары қиратылып, жаттығу құралын да «көпсінуде». Балалар ойнайтын әткеншекті де кесіп алып кетіпті. Біз қалпына келтіргенмен, бірер күн өтісімен сол қалпына қайта түседі. Ал, Абылайхан көшесі бойындағы дәл осы орынға тұрғындар жанашырлықпен қарап, отырғызылған ағашқа су құйып, бір кісідей атсалысуда. Білмейміз енді бұлай жалғаса берсе..., – деп өз қынжылысын білдірді. Тіпті, кей жұмыстарын өз қаражаттарына қайта қалпына келтіріп жүргендіктерін жеткізді. Бұл қалай? Жүгенсіздіктің де жөні бар секілді еді. Дамыған елдердің қатарына енуді жоспарлап отырған еліміздің болашағы саналатын жастарымыздың ісі осы ма сонда? Біздің «мүмкін, сол орындарға тәртіп сақшылары кезекшілік етіп, «батырларды» қатаң жазалау керек шығар? деген ойымызға Ғалымжан Қайырбекұлы:
– Аталған мәселе төңірегінде аудандық ІІБ жергілікті полиция қызметінің басшысы Д.Төлеуовке де хат жолдаған болатынбыз. Бірақ, әлі күнге жауап жоқ, – дейді.
Өркениетті елдерде, қоғамдық-көпшілік орындарда бұзақылық жасамақ түгілі, шырпыны жерге тастамайтынын ескерсек, аталған межені біз қашан бағындырмақпыз? Тентектік қашан тыйылады?! Осы мәселе төңірегінде аудандық ІІБ жергілікті полиция қызметінің басшысы Д.Төлеуов мырзадан біз де жауап күтеміз. Қандай да бір шара қолға алынады деп үміттенеміз. Қалай болғанда да, халық игілігіне берілген дүниелердің қадірін біліп, қоғамдық ортадағы дүниелерді қараусыз, қожасыз деп есептемесек екен.
Дина ЖҮСІПОВА.