Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СЫР БОЙЫНДАҒЫ СҰЛУ ҚАЛА

СЫР БОЙЫНДАҒЫ СҰЛУ ҚАЛА


Сарыарқа төсіндегі бас қала – Астанаға қарап бой түзеген Сырдария жағасында орналасқан қазақтың алғашқы астанасы – Қызылорданың ажары айшықталып келеді. Жыл өткен сайын жайнай түскен, тарихы тереңге бойлай түскен Алаштың анасы қос ғасырдың куәгері. 200 жылдық тамырлы тарихы бар сұлу сырдың бойындағы келбетті қаланың бүгінгі бейнесі, жағымды жетістіктері мен келер болашақта бағындырар белестері хақында бірер сөз қозғағанды жөн көрдік.
Елбасы Алаштың анасы деген, сол Алашқа алғашқы астана болған Қызылорда жыл жылжыған сайын жанданып келеді. Әлеуеті әлденіп, ахуалы артып келе жатқан Сыр өңірінің қай саласының болсын қадамы қарқынды. Құрылысы қарыштап, ауыл шаруашылығы шарықтап, кәсіпкерлігі де кең өріс алып келеді. Әлеуеті артқан әлеуметтің де жүзінде жылы леп, көкейінде келісті пікір қалыптасқан. Өмірінде оң өзгеріс мол болса олай болмасы бар ма?
Бүгінде аймақ экономикасының жаңа құрылымы қалыптасып, бәсекеге қабілетті экспорттық өндіріс орындары құрылуда. Бұл дегеніміз – мұнай өндірісіне тәуелділіксіз тұрақты даму жолына түсу. Міне, осының арқасында сыр өңірінде құрылыс бір сәтке де тұралаған емес. Білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет ошақтарының жыл санап жаңарып жатқаны өңірдегі ілкімді істердің бірсыпырасы. Сөзімізді сандармен жалғар болсақ, 2012 жылдан бері 200 әлеуметтік нысан пайдалануға берілген. Алдыңғы қатардан көрініп келе жатқан аймақта «Балапан» бағдарламасы да
республикада алғаш болып орындалып, бүлдіршіндердің мектепке дейінгі тәрбиесі 100 пайыз шешілген.
Мәдени-тарихи орындарға қызығушылық танытқан шетелдік туристер мен кәсібін кемелдеткісі келген инвесторлар саны ұлғайған. Мәдени-тарихи жәдігерлерін жаңғыртып, туризм саласына тың серпін берілді. Ал, аймаққа сыртқы қаржы көздерін тартуға тоқталар болсақ, салмақты сала саналатын бір агроөнеркәсіптік кешеннің өзіне салынған инвестиция көлемі 23 есеге артқан. Бұл дегеніміз, агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі капиталына 11 млрд. теңгені инвесторлар құйған деген сөз.
Халықтың қамсыз күн кешуі бұл – басында бас­панасы болуы. Қызылордада былтырғы жылдың қорытындысы бойынша барлық қаржы көздерінен 612,3 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Яғни, 1983 пәтерге арналған 47 көппәтерлі тұрғын үй құрылысы жүргізілген. Сырбойылықтарға оңтайлы «Орда» бағдарламасының өзімен биыл алғашқылары армандарын ақиқатқа айналдырмақ. Сәулеті мен дәулеті келіскен сырдың сол жағалауындағы тұрғын үйлердің кілті аталған бағдарлама бойынша тапсырылмақ. Соңғы жылдары облыс орталығының өзінде 14 шағын аудан пайда болды. Мұнда да қаншама қалалықтың қолы пәтер кілтіне жетті. Өз үйім, өлең төсегім дейтін қазақпыз. Өз шаңырағында шаттығы тасыған ағайынның көгілдір отын мәселесі де шешілген. Бүгінде облыс халқының 70 пайызға жуығы табиғи газбен қамтылған. Сарыарқа төріне тартылатын газ сырдың бойынан бармақ. Баспаналы болып бақытқа бөленген қызылордалықтардың қамсыз күн кешуі дегеніміз міне, осы.
Жұмыла жұмыс жасап, көсегесі көгерген, өрлеу жолына түскен өңірдің кей салаларындағы серпінді сөз еттік аздап. Әлеуметтік-экономикалық дамуы дара, адами капиталы жаңғырған, бірлігі бекем, берекесі бес елі сырдың бойындағы сұлу қала Сарыарқа төріндегі бас қаламен бірге жанданып келеді.

Бақытжан ЖОЛАМАНҰЛЫ.
31 наурыз 2018 ж. 2 474 0