Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Елдің әл-ауқаты құрылыс қарқынынан көрінеді

Елдің әл-ауқаты құрылыс қарқынынан көрінеді


Құрылыс саласын дамыту, құрылыс өнеркәсібі өнімдерінің қауіпсіздігі мен сапасын арттыру бүгінгі өркениет заманындағы дамыған мемлекеттердің экономикалық және саяси міндеттерінің бас­ты бағыттарының бірі саналады. Жалпы алғанда, құрылыс кешені ел экономикасына, оның ішінде тұрғындардың әлеуетінің артуына елеулі ықпал етеді.
Бүгінде ауданымыздың қай түкпіріне барсаңыз да жаңадан салынып жатқан нысандарды көресіз. Жекелеген тұрғындар да қонысын жаңартып, қорасын кеңейтіп жатыр. Бұл деген сөз өңірдегі құрылыстың қарқын алғанын көрсетеді.
Жалпы, Шиелі аймақта даму тенденциясы артып келе жатқан аудан. Соңғы 3 жылда 9 мектеп, 3 емхана, 2 ауылдық клуб пайдалануға беріліп, 20-ға жуық елді мекеннің көшелері асфальтталды. Инвес­тиция тартудан да көш ілгері.
Еліміздің экономикасы дамып, әлеуеті артқан сайын халқымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндігінше басымдық беріліп келеді. Мемлекеттік бағдарлама аясында құрылыс индустрия­сын дамытумен қатар, тұрғындарды қолжетімді, арзан пәтерлермен қамтамасыз етуге де барынша қолдау көрсету шаралары белгіленген. Осы бағытта белгіленген шараларға байланысты ауданда тұрғын үй құрылысы саласында жаңа бір даму дәуірі басталмақ
Аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бізге берген мәліметтеріне сүйенсек, қазіргі таңда, «Береке» мөлтек ауданында 3 бөлмелі бір пәтерлі 25 тұрғын үйдің, Ақорда мөлтек ауданындағы 3 бөлмелі бір пәтерлі 34 тұрғын үйдің, Шиелі кентіндегі 3 қабатты 18 пәтерлік тұрғын үй құрылыстарына жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленуде. Барлығы 77 пәтер, оның ішінде 2 бөлмелі 12 пәтер, 3 бөлмелі 65 пәтер. Үлкен құрылыс алаңына айналған ауданымыз болашақта жаңа тұрғын үймен толығады деген сенімдеміз.
Ауданымыздың құрылыс саласындағы алдағы жоспарына білім беру нысандары бойынша – 5, тұрғын үйлер үшін – 77 пәтер салу жоспарланып отыр. «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасының орындалу барысында айтар жаңалықтар жетерлік. Тартоғай, Сұлутөбе, Бірлестік, 1 Мамыр елді мекендерін ауызсумен қамту жүйелерінің құрылысы жобаларына жобалау-сметалық құжаттамаларын әзірлеуге облыстық бюджеттен 67 472,2 мың теңге, Ботабай елді мекенін ауызсумен қамту жүйелерінің құрылысы жобасына жобалау-сметалық құжаттамаларын әзірлеуге аудандық бюджеттен 1 855 мың теңге қаржы қаралып, қазіргі таңда жұмыстар жүргізіл жатыр.
«Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында жеке тұрғын үй құрылысы үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытудың жұмыстарына, сумен жабдықтау бойынша 3 жобаға (Шиелі кентіндегі «Шұғыла-2», «Шұғыла-3», «Шығыс-4» (9 этаж аймағы) мөлтек аудандарымен Бидайкөл ауылы республикалық және облыстық бюджеттен барлығы 327 134 мың теңге қаржы қаралып, барлық мердігер мекемелермен келісім шарттар жасалып, құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
Өңіріміздің құрылыс саласындағы ең басты жаңалығымыз 150 орындық аурухана соғылуда. Бірнеше жылдан бері шешімін таба алмай келе жатқан мәселе өткен жылы қолға алынып, қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 50 пайыздан астамы бітті десек болады. Бұйырса, келесі жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бұл аудан халқы үшін ең үлкен қуанышты жайт. Сондай-ақ, Төңкеріс ауылында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған 120 орындық спорттық сауықтыру кешені соғылды. Жалпы құны 42 млн. теңгені құрайтын спорт кешенінде күрес, бокс, кіші футбол, волейбол сияқты спорт түрлеріне арналған залдар бар.
Жалпы, жыл басынан бері үш үлкен нысан пайдалануға берілді. Олар, Еңбекші елді мекенінде 150 орындық ауылдық клуб, 120 адамға арналған спорт кешені, Тартоғай елді мекенінде 90 орындық балабақша ел игілігіне берілген. Сәулеті мен сәні келіскен ауданымызда құрылыстың жайы қарқынды жүріп жатқанының куәсі болдық. Құрылысы қарқынды, болашағы жарқын өңіріміздің бүгінгі келбеті осындай.

Айнұр НАЗАРОВА.
13 қазан 2018 ж. 2 694 0