Спорттық кешеннің іргетасы қаланды
Тұңғыш президент Н.Назарбаев бағдарламаларында спортқа терең мән беріліп, халықтың салауатты өмір салтымен айналысуы хақында аз-кем тоқталып өткен еді. Осыған орай ауданда мемлекеттік, жекеменшік әріптестік аясында жобалар іске асырылуда. Жыл басынан бері Ақмая, Жуантөбе, Жөлек, Бестам, Бидайкөл елді мекендерінде спорттық нысандар тұрғызылып, пайдалануға берілді.
Өткен сенбіде «Көкшоқы» мөлтек ауданында жабық жүзу бассейнінің іргетасы қаланды. Бұл 1 маусым – Балаларды қорғау күнімен тұспа-тұс келді. Салтанатты шарада аудан әкімі Әшім Оразбекұлы сөз алып, бой көтеріп жатқан нысанның аудан тұрғындары үшін аса пайдалы екенін айта отырып, салауатты өмір салтына бейімделуге септігін тигізетініне сенім білдірді.
Айта кетейік, мұндай жабық жүзу бассейні Бидайкөл елді мекенінде де бар. Көкшоқыда ашылған жабық жүзу бассейні Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан туындайтын «Атамекен» кіші бағдарламасына сәйкес «Туған жерге тағзым» акциясы аясында Бегман Қауасұлының қаржыландыруымен тұрғызылмақ. Жасөспірімдер қамы үшін салынып жатқан кешеннің жалпы құны 462 млн. теңгені құрайды. Спорттық кешен осы жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.
Талай сайыпқырандар шыққан киелі жерден осындай спорттық кешендердің ашылуы заңдылық. Ендеше, өскелең ұрпақ қамы үшін бой көтеріп жатқан спорттық кешен ел игілігіне жарасын деп тілейік.
Фариза КЕНЖЕШОВА.