Ел саулығы назарда
Шиелінің жыл өткен сайын жақсарып, жаңарып келе жатқанына өңірде салынып, ел игілігіне беріліп жатқан нысандар дәлел. Елбасының бағдарламаларында ауылдық елді мекендердің әлеуметтік жағдайын көтеру көзделген. Осыған сәйкес аймақ, өңір әкімдігімен жоспарланған іс барысында ауданда көптеген әлеуметтік-спорттық кешендер жаңадан бой көтерді. Облыс әкімі Қ.Көшербаевтың жыл басында берген есебінде «Ауылдық жерлерде спорттық нысандар салынып, бұқаралық спорт дамып келеді. Оның ішінде 2018 жылы облыстық бюджет қаржысы есебінен Жанқожа батыр, Мәдениет, Ақжарма, Еңбекші, Түгіскен ауылдары және Сексеуіл, Төретам секілді елді мекендерде спорт кешендері салынып, қалған бесеуі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бой көтеріп, халық игілігіне пайдалануда», – деген болатын.
Жеке кәсіпкерлердің өңір дамуына өз үлестерін қосып жатқаны көңіл қуантады. Сондай игі істің бірі кәсіпкер Ғалымжан Ерекеевтің басшылығымен салынған жабық жүзу бассейні. Жалпы құны 180 млн. теңгелік кешен былтырғы жылғы қарашада пайдалануға берілген. Бұл «Бастау» сауықтыру кешеніне халық үздіксіз жылдың төрт мезгілінде де барып, салауатты өмір салтын ұстануда. Аталмыш бассейнде жүзу білмейтіндер үшін жаттықтырушылар да жұмыс істейді.
Тағы бір халық игілігі үшін жасалған іс Тартоғай ауылындағы «Құлагер» бөбекжайының ескі ғимараттан жаңа ғимаратқа ауысуы болатын. Балабақшаның құрылысына 300 млн-нан аса қаражат жұмсалған. Жалпы 2007 жылғы сәуір айынан бастап жұмыс істеп келе жатқан балабақшаны Гүлшаһар Қуанышбаева басқарып келеді. Алғашқыда 50 баладан тұратын екі ғана топ болса, 2011 жылы «Балапан» бағдарламасы аясында қосымша бір топ ашылған. Бүгінде бұл балабақшада 90 бала тәрбиеленуде. Бөбекжайда жұмыс істейтін 15 педагог қызметкер, 30 дан аса техникалық қызметкерлердің барлығы Тартоғай ауылының тұрғындары. Балабақша екі қабатты, музыкалық аспаптармен жабдықталған кабинеті бар.
Барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, елді салауатты өмір салтын ұстануға шақырып тұратын спорт кешендері де жылда жаңаланып жатыр. Еңбекші, Ақмая, Бестам, Жуантөбе, Талаптан, Төңкеріс ауылдық округтерінде спорттық сауықтыру кешендері ашылып, бұдан бөлек бірқатар ауылдарда осындай кешен ғимараттарының құрылысы жүргізіліп жатыр. Мемлекеттің келешегін қалыптастыратын жастар үшін жасалып жатқан істерге спортшыларымыз рақметін жетістіктерімен білдіруде. Шиелі ауданында бұқаралық спортты және дене шынықтыру мен жоғарғы спорт шеберлігін дамыту бойынша аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ақпараттарына сүйенсек, Шиеліде спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар үлесі 28,1% құрайды екен. Аудан бойынша тұрақты шұғылданушылар саны – 23,089 адам. 2019 жылдың 3 айында аудан спортшылары облыстық жарыстардан 32 алтын, 22 күміс, 34 қола алса, республикалық жарыстар мен Қазақстан Республикасының чемпионатында 8 алтын, 6 күміс, 12 қола медаль иеленді. Үстіміздегі жылы ауыр атлетикадан Қызылорда қаласында 20 жасқа дейінгі жастар арасында өткен чемпионатта Асылжан Бектай 81 келі салмақта алтын жүлдегер атанса, Бексұлтан Төлепов қола жүлдені иеленді. Қыздар арасында қол добынан ауыл спорты клубтары мен спорт мектептері арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында Шиелі ауданы құрама командасы жүлделі І орынды иемденіп, спортшылар өздерінің мықтылықтарын дәлелдеуде. Сондай-ақ облыстық, республикалық дәрежеде өңірімізді танытып жүрген спортшылар деп таеквондодан Жания Әмірхан, ауыр атлетикадан Алмат Асанханұлы, Шахизат Абдраманов, Айсамал Сансызбаева, Бекзат Төлепов, қазақ күресінен Мұхит Шералиевтерді атай аламыз.
Өткен жылы бұқаралық спортты дамыту мақсатында 42 аудандық, 2 облыстық, 1 республикалық шара өткізілген. Волейбол, тоғызқұмалақ, шахмат, қазақ күресі, дойбы, футбол, қол добы, баскетбол, қазақ күресінен облыстық жарыстар, аудан тұрғындары арасында дене шынықтыру мәдениетін насихаттау мақсатында Қазатомпром мекемелері тұрақты түрде спартакиадалар, еске алу турнирлерін жүйелі өткізіп тұрады.
Назерке Мұхамедиярова.