Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қалдықсыз қоғам – қауіпсіз ғалам

Қалдықсыз қоғам – қауіпсіз ғалам

«Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» дейді халқымыз. Әйтсе де кейде осынау даналық сөз көкейде сайрап тұрғанымен әрекетімізге келгенде көңілді күпті қылып жатады. Алысқа орағытпай-ақ өзіміз тұрып жатқан ­аядай ғана аудан орталығын алып қарайықшы, шашылған қоқыс, босаған құты, ретсіз жатқан қалбыр. Тіпті базарға жақын орналасқан А.Тоқмағанбетов көшесінің маңы мен Боранов көшесіндегі спорт ойын алаңнының айналасына күл-қоқыс пен шөп-шалаңның қаптағаны сонша, аяқ алып жүру мүмкін емес.
Тазалық табалдырықтан бас­талады десек, кенттің келісті келбетінің ажарын ашатын тек сәулетті ғимараттар мен жасыл-желекке жамылған гүлзарлар ғана емес, бірінші кезекте, оның тазалығы. Шыны керек, көктем шықса, ала жаздай қоқыспен алысып, күзде қайта ластанған кейіпке енетіні рас. Өзіміз тұрып жатқан ауданды оның ішінде өзіміз тұрып жатқан маңның таза әрі еш қоқыссыз жатқаны керек-ақ.
Кент тұрғыны, зейнеткер Гүлнар Жолдасова редакциямызға келіп кенттің көркін қашырып тұрған күл-қоқыстың жайын айтып, шағымын жеткізді.
– Жыл сайын көктем шыға кентте орналасқан Боранов көшесінің маңы қоқысқа толады. Одан қалды қаптаған шөптер мен бар қалдық ойын алаңының айналасы мен көшенің аяқ тұсына жиылады. Талапқа сай соғылған алаңқайда балалар ойнауға мүмкіндік жоқ. Одан бөлек көшеде арнайы қоқыс жәшігі қойылмаған. Осы екі мәселені жыл сайын айтып келеміз. Алайда тазалыққа жауапты мамандардың салғырттығынан ба еш нәтиже жоқ, – дейді.
Кент тұрғынының шағымынан соң аталған жайға жауапты кент әкімдігінің бас маманы Д.Назарбаеваға шыққан болатынбыз.
– Кенттің көркеюі үшін мекеме мамандары мен көше комитеттері бірлесе жұмыс істесе деген тілегіміз бар. Өздеріңіз де білесіздер, көшелер кеңейтіліп, орташа жөндеуден өтіп, жарықтануда. Кент тазалығы бірдің емес, көптің ортақ міндеті. Солай бола тұра сауда нүктелері қаз-қатар орналасқан базар аумағы неше жылдан бері қоқыс қалдығынан көз ашпай келеді. Бүгінде жастардың жазғы уақытын тиімді іске бағыттау мақсатында Шиеліде «Жасыл ел» бағдарламасы аясында жас­тар жасағы құрылды. Күннің аптап ыстығына қарамай 8 жас жұмысын тиянақты атқарады. Олар қазір Иманжүсіп Құтпанұлы ескерткішісінің айналасы мен осы маңда орналасқан ойын алаңын күл-қоқыс пен арам шөптерден тазартты деді ол.
Осылайша жауапкершілік жүгін арқалап, тазалық жұмысын мойнына алған мекеме бұл мәселені шештік деп сендірді.

Ш.Тілеубаев
14 маусым 2022 ж. 698 0