Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өзге елдер қоқысты байлық деп бағалайды

Өзге елдер қоқысты байлық деп бағалайды

Қоқыс проблемасы тек Қазақстанда ғана өзекті болып отырған жоқ. Әлемдегі дамыған және дамушы елдердің бәрінде бұл проблема бар. Мемлекеттің экономикасы, өнеркәсібі қаншалықты дамыған сайын қалдықтардың да көлемі арта түседі. Алайда әлемнің дамыған мемлекеттері бұл тығырықтан шығар жолды тапқан сыңайлы.
Рас, біз «тұрмыстық қалдық» десек дамыған елдер «байлық» деп санайды. Мемлекет басшысы Қазақстанның даму бағыты Сингапурдың жолындай болуы керек дегенді жиі айтады. Сингапур қолданатын бүкіл энергия қуатының үш пайызын осы тұрмыстық қалдықтарды өңдеу арқылы алады екен. Жиналған қоқыс елде орналасқан төрт электр станциясында өртеліп, одан электр энергиясын өндіріп шығарады. Еуропа елдерінде де қоқыспен күрес, оны қайта өңдеу жұмыстары оң жолға қойылған. Мәселен, қоқыс жинап, оны зауытқа апарып өткізген Берлин жеткіншектері міндетті түрде бұл жұмыстары үшін ақы алады. Ал Голландияда мұндай жасөспірімдерге купон беріледі екен. Бұл купон арқылы коммуналдық қызмет түрлерінің ақысын төлейтін кезде жеңілдіктерге ие болады. Сондай-ақ Испания билігі қоқысты сұрыптап, кәсіпорынға өткізген балаларға балмұздақ және өзге де тәттілерін сатып алып береді екен.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру» атты Жолдауында Қазақстан халқын көптеген өзгерістер күтіп тұрғанын айтқан болатын. Яғни «Жаңа Қазақстан» құруды ұсынды. Олай болса «Жаңа Қазақстанды» қоқыссыз, таза ортада қалыптастыру мәселесін шет қалдыруға болмайды. Ол үшін жалпыхалықтық сенбіліктер мен тазалық акциялары ұдайы ұйымдастырылып жатқанымен, әлі де оңды нәтижеге қол жеткізе қойған жоқпыз. Ал әлемдік тәжірибеге жүгінер болсақ, қарапайым тәсілмен қоқыс тас­тау мәдениетін қалыптастыруға болатынын жоғарыдағы мысалдардан көруге болады.

Ал бізде...
Иә, «Тазалық – денсаулық кепілі» демекші, жалпы тазалық төңірегінде сөз қозғауымызға кент көшелерінде шашылып жатқан қоқыстар түрткі болды. Ауданда басқа бағыттағы жұмыс қарқынды жүргенімен, тазалық мәселесіне келгенде ақсап қалатынымыз бар. Оған бір себеп – өзіміздің салғырттығымыз болса, екіншісі қоқыс тастайтын контейнерлердің жетіспеушілігі. Осы орайда кенттің Арай мөлтек ауданында орналасқан Мұстафа Сыздықов көшесі тұрғындарының базынасын жеткізгенді жөн көрдік. Одан бөлек Әл-Фарабидің бойында орналасқан Әділбек Тоқтыбаев, Базар маңдары мен Абылайхан көшесінің бойында да қоқыстардың шашылып жатқанын жиі байқаймыз. Аталған көше тұрғындары күл-қоқыстар көкке ұшып, көше көркін қашырып тұрғанын алға тартты.
– Арай мөлтек ауданындағы Мұстафа Сыздықов көшесінің бойы қоқыстан арылмай келеді. Тіпті көше бойында балалар ойын алаңы бар. Кейде қоқыс жәшігіндегі қалдықтар сол алаңға қарай ұшады. Балаларымыздың таза жерде ойнап, таза ауа жұтқанын қалаймыз. Сондықтан қоқысты уақытылы тазалап отыруын сұраймыз, – дейді көше тұрғыны Қаламқас Сүлейменова.
Мәселенің жай-жапсарын білмекке кент әкімдігіндегі жауапты мамандарға хабарласқан едік.
– Біздің «тазалық сақшылары» таңмен таласа тұрып, аптасына екі рет әр көшедегі тізілген контейнерлердің ішіндегі қоқыстарды алып кетеді. Кейбір контейнердегі қоқыстарды қаңғыған иттер, қараусыз сиырлар аударып-төңкеріп кетеді. Солардың шашылған қалдықтары көшеге ұшып жатады. Көбінесе ата-ана ойын баласын «қоқысты төгіп кел» деп жұмсай салады, оны шынында арнайы темір жәшікке алып барды ма, жоқ па, әлде аулаға, көше бойына лақтырып кетті ме, қадағаламайды. Шынын айту керек, халық қоқысты қай жерге болсын төге салады да «ақысын төлеп жатырмыз ғой» деп бізге міндет қылады. Жалпы бұл мәселемен тек көше тазалаушылар ғана емес, қоғам болып айналысу керек. Тұрғындар қоқыс тастау мәдениетін әлі де білмейді – дейді сала маманы Дәулеткүл Назарбаева.
«Шиелі Серіктестік бойынша күнделікті кент көшелерін тазалауға арнайы 5 көлік пен 12 адамнан құралған 3 бригада белгіленген маршрут бойынша таңғы 7:00-ден бастап көшелерге шығады. Арнайы киім, қолғап және жұмыс құралдарымен қамтылған 12 жұмысшы және одан бөлек қоғамдық жұмысқа тартылған жұмысшы топ кент көшелеріндегі қалдықтарды жинау, сыпыру жұмыстарымен айналысады.Кент аумағында орналасқан 169 контейнердің 100-120 контейнері тазаланып, арнайы орынға шығарылады. Бір күнде барлығы 102 текше метр тұрмыстық қатты қалдықтар полигонға жеткізіледі», – дейді тазалыққа жауапты дара кәсіпкер Ербол Жеңсікбаев.
Табиғат – бізге берілген үлкен байлықтың бірі. Оны құртатын да, гүлдендіретін де – өзіміз. Сондықтан да ауданның тазалығына немқұрайлы қарамай, үлкен жауапкершілік танытып, одан әрі гүлдендірудің жолын іздегеніміз дұрыс-ақ. Тазалық мәселесі жер мен уақытты талғамайды. Қашанда өзекті болып қала береді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, сіз бен біз болып туған жерімізді таза ұстайық.

Шапағат ТІЛЕУБАЙ
18 сәуір 2022 ж. 893 0