Қарағандыда қоқыс өңдейтін екі зауыт салынады
Осы мақсатта 10,2 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалады.ERNUR.KZ. Қарағанды облысында 2020 жылға қарай қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін екі зауыт салынады. Осы мақсатта 10,2 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалады, деп жазады Baq.kz агенттігі. Қарағанды облысында қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған 202 полигон бар. Өндірістік, қауіпті және медициналық қалдықтарды өңдеумен 10 кәсіпорын айналысады. Тұрмыстық қалдықтарды іріктеу және қайта өңдеумен «ГорКомТранс», «Ресайклинг» және «ТТК» кәсіпорындары шұғылданады. Алдағы жылдары полигондардың саны азаюы мүмкін. Себебі облыста екі бірдей қоқыс өңдейтін зауыт салынады. 2019 жылы «ГорКомТранс» ЖШС бастамасы бойынша жалпы құны 2 млрд теңгені құрайтын қоқыс өңдейтін алғашқы зауыттың құрылысы басталады. Кәсіпорын жылына 30 мың тонна қалдықтарды өңдеп, 15 МВатт электр қуатын өндіреді деп жоспарланып отыр. Бұған қоса, Көкпекті ауылында 2020-шы жылы «Жан-Ару» ЖШС бастамасымен қоқысты іріктеу бекеті салынады. Жобаға инвестор 130 млн теңге бөлген. Іріктеу бекетінің жобалық қуаттылығы жылына 100 мың тонна. «Облыста Елбасының тапсырмасы бойынша «Шағын және орта бизнес нысандарын кең ауқымда жұмылдыра отырып, қоқысты заманауи тәсілдермен жою және қайта өңдеу бойынша шаралар кешені» құрылған. Бұл жоспардың ішінде бес блок бар, оның ішінде полигондар салу, тұрғындарды қалдықтарды сұрыптап лақтыруға үгіттеу және инвесторларды қоқыс өңдеу зауыттарын салуға жұмылдыру да бар», - деді Қарағанды облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының жетекшісі Руслан Түлепбаев. Оның сөзінше, Қарағанды және Теміртауда қоқыстарды іріктеп, жоюмен айналысатын, жәнеде ол қалдықтардан кәріздік, пластик қақпақтар жасайтын «ТТК» кәсіпорыны қосымша контейнерлер сатып алуды жоспарлап отыр. Олар қатты тұрмыстық қалдықтарды іріктеп салуға арналатын болады. «Сондай-ақ, Кеңгір кентінде қоқыстарды өңдейтін биоэлектр станциясы пайда болады. «Kaz Green Energy» ЖШС құрылысқа 8,2 млрд теңге салуды көздеп отыр. Бұл зауыт жылына 100 тоннаға дейін қатты қалдықтарды қайта өңдейтін болады. Қазіргі таңда Еуропа мен Түркияда осындай биоэлектрстанциялары бар инвестор «Э-Грин» компаниясымен келіссөздер жүргізілуде», - деді Руслан Түлепбаев.
ERNUR.KZ
ERNUR.KZ