Білімді ұрпақ – білікті ұстаз бейнесі
Барша адамзат дамуының шамшырақ тұлғасы және ел мен елдіктің, білім мен біліктің ұйытқысы – ұстаз. Әлемдік деңгейде – педагог, өз ұстанымызда ұстаз ұғымының сипаты, мән-мағынасы қашанда айқын. Ол – мазмұны бірыңғай ізгіліктен ғана тұратын кәсіп, ұрпақ пен ұлтқа, адамзат пен болашаққа арналған өмір сүру салты. Тіпті дүниенің асылын іздеп тауып, соны өзгеге үйретпекке ұмтылған жан қалауы десек те болады.
Иә, оқушының оң мен солын ажыратып, әр әріптің мәнін үйретіп, тәлімді тәрбие беруде ұстаздар қауымының орны ерек. Осындай ел алдындағы жауапкершілікті сезініп, талай шәкірттің сауатын ашып, талабын шыңдап, үлкен өмірге аттандырған ұстаз Сәуле Жолдиеваның ізденіс жолын бүгін біз мақалаға арқау етпекпіз.
Иә, оқушының оң мен солын ажыратып, әр әріптің мәнін үйретіп, тәлімді тәрбие беруде ұстаздар қауымының орны ерек. Осындай ел алдындағы жауапкершілікті сезініп, талай шәкірттің сауатын ашып, талабын шыңдап, үлкен өмірге аттандырған ұстаз Сәуле Жолдиеваның ізденіс жолын бүгін біз мақалаға арқау етпекпіз.
1962 жылы Кередлі ауылында қарапайым отбасында дүние дидарына келген Сәуле Қалиқызы ес біліп, оң солын таныған сәттен бастап, әке жолын жалғауды мақсат тұтады. Әкесі Қали Жолдиев Кеңестер Одағы оқу ісінің озық қызметкері, қазақ тілі мен әдебиетінен жарты ғасыр білім берген ұстаз, соғыс ардагері болатын. Әке жолын жалғаған Сәуле де ғұмырнамасының 40 жылын шәкірт тәрбиелеп, білім беру ісіне арнады. Қазіргі таңда Сәуле Қалиқызы №219 Ы.Алтынсарин атындағы мектептің белді де беделді ұстазы.
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген сөз бекер айтылмаса керек-ті. Ата-анадан кейінгі балаға тәлім-тәрбие беруші ұстаз. Сәуле апайдың еңбекқорлығы мен білімділігі алдында отырған әр оқушыны тек биікке жетеледі. Өзіне зор жауапкершілік жүктелгенін сезінген маман «тәрбиесіз берілген білім нәтижесіз болады» деген принциппен жұмыс істеп, шәкірттеріне сапалы білім алуымен қатар, адамдық пен адалдықтың рухын сіңіре білді.
–Ұстаз атанып шәкірт тәрбиелеу оңай іс емес. Өзім ұстаздық қызметке келу үшін көп талпындым. Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педогогика-филология факултетіне барып, қатарынан конкурстан 2 жыл құладым. Сөйтіп жүргенде аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Анафа Ақпанбетова апай жолдамамен №45 мектепке аға пионер вожатый етіп жіберді. Сол мектеп директоры Күлжан Жаукебаева, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қали Дүйсеманов ағай мені шыңдай түсті. Яғни ұстаздық жолдың алғашқы сатысына мені тәжірибелі мамандар даярлады, – дейді кейіпкеріміз.
Дана бабаларымыз балаға білімнен бұрын тәрбие берілуі керек екенін мұнан мың жыл бұрын айтып кеткен. Отбасы тәлімі мен елдік тәрбие – білім жүйесінің әрі өзегі, әрі айнасы. Қазақстанның отаншыл ұл-қызын оқытудың мақсаты мен мазмұны жылдан-жылға айқындалып келеді. Атап айтсақ, мақсат – бәсекеге қабілетті білімді ұрпақ қалыптастыру. Осы үдеден табылып, сан мыңдаан шәкірттің талабын танып, қанатын қатайтқан С.Жолдиеваның жетістіктерінің өзі бір төбе.
Ұстаз еңбегі бағаланып 2016 жылы республикалық «Ұлт ұстазы» төсбелгісін кеудесіне қадады. Ізденімпаз ұстаз әр жылда жаңашылдығымен көзге түсіп, түрлі байқауларда жүлделі орындардан көрінеді. Атап айтар болсақ, 2013 жылы Республикалық «Үздік педагог-зерттеуші» ғылыми әдістемелік байқауында І орын, 2014 жылы «Менің үздік презентациялық сабағым» атты республикалық сайысында І орын,2015 және 2017 жылы республикалық «Мәртебе.kz» білім сайты мен «Ізденіс жолы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен республика мұғалімдері арасында өткізілген «Менің жаңа сабағым» атты байқауға қатысып бас жүлдені иемденеді. 2020 жылы Республикалық қазақ тілі пәнінен ұстаздар арасындағы олимпиадада І дәрежелі диплом алып, осы жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған «Ұлттың ұлы мұрасы» халықаралық өнер және білім фестивалінде шәкірттері жоғары нәтиже көрсеткені үшін «Үздік жетекші» атанады. Сондай-ақ, 2020 жылы «Ең білімді ұстаз – 2020» V Халықаралық пән олимпиадасының бас жүлдесін алып, төс белгісімен марапатталған.Тіпті, осы күнге дейін мыңдаған шәкірттері республикалық, халықаралық олимпиадаларда алдыңғы орындардан қара көрсетіп келеді. Мұның бәрі ұстаздың жұмысының жемісі, білім білігінің көрінісі десек те болады.
Биыл 60 жасты алқымдаған ұстаз заман талабына сай өзгерістердің бәріне де бейімделіп, озық технологияның да қыр-сырын жетік меңгерген. Оған жыл сайынғы өткізген сабақтарының үздік атануы дәлел. Шәкірттері сыйлайтын, тек жақсылық ойлайтын, бедел биігінен түспеген Сәуле Жолдиеваның ұстаздық жолы осындай әдемі өрнекпен өріліп келеді. Бұл ретте Президент Қ.Тоқаевтың: «Мұғалімнің еңбегі – адамзат игілігімен астасқан өлшеусіз еңбек» деп берген бағасынан артық теңеу жоқ деп білеміз.
Г.ДҮЙСЕБАЙ