Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қуанса, бала қуансын

Қуанса, бала қуансын

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Бұл күні барлық бала қуанышқа кенеліп, түрлі мерекелік іс-шараның басты кейіпкеріне айналады. Мереке күні қарсаңында Шиелі ауданаралық аурухананың бас дәрігері Нұрлан Әмір мен республикалық «Ел құрметі» қоғамдық қорының облыстық төрайымы Маржан Сәдуақасованың қолдауымен «Барлығы балалар үшін» атты шара өтті.
Ерекше балалардың өнерін ортаға салған шараның шымылдығын Жөлек ауылдық округінің әкімі Жолдасбек Мейірбеков пен аудандық емхананың педиа­тр дәрігері Ділбар Бриканова ашып берді. Мерекелік шараға Бала би, Бәйгеқұм, Ортақшыл, Жөлек ауылынан 8 бала қатысты. Ерекше қабілетке ие Аян Жұманов батырлар жырын жатқа айтса, Шаттық Алтынбекқызы, ­Дильназ Күзембаева, Қарақат Әлібек, Лашын ­Тынысбай, Медина Таңатарова би билеп, ән айтып, жыр шумақтарын оқыды. Келесі кезеңде сөзжұмбақ шешіп, логикалық сұрақтарға жауап берді. Одан соң үй тапсырмасына берілген табиғат, Отан-Ана, қоршаған орта тақырыбында бейнеленген суреттерді тамашалады.
Шиелі ауданаралық аурухананың профилактика бөлімі және аудандық әлеуметтік қызметкер Ж.Нұрбаева және Бәйгеқұм, Бала би, Жөлек, Ортақшыл ауылының әлеуметтік қызметкерлері ұйымдастырған «Барлығы балалар үшін» атты ерекше балаларға арналған шараның соңы марапатқа ұласты. Дене мүкістігіне қарамастан сурет салып, би билеген өнерлі балалардың ешбірін бөле жармай барлығына бірдей сый-сияпат ұсынды. Медицина саласының ардагері, ерікті Г.Асанқызы балаларға тәтті таратса, емхана психологы Н.Алматқызы мектепке қажетті құрал-жабдықтар сыйлады. Балалардың жүзіне қуаныш, езуіне күлкі үйірген шараның соңы да әсем әнмен, әдемі естелікпен аяқталды.

А.Асанов
04 маусым 2022 ж. 364 0