Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала – бақыт, бала – шаттық, бала – нұр

Бала – бақыт, бала – шаттық, бала – нұр

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні ретінде тойланып келеді. Айта кету керек, жаздың алғашқы күніне дөп келетін мерекені атап өту туралы шешім 1949 жылдың қарашасында Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының арнайы сессиясында қабылданған. Балаларды қорғау күні ол – бала құқының тапталмауына, білім алуын, бос уақытын тиімді өткізіп, физикалық және психологиялық жәбірленуден қорғауға бағытталған.
Нақ осы күнгі мереке киелі өңірімізде де кеңінен атап өтіліп келеді. Биыл да балалар мерекесі сол үрдістен жаңылған жоқ. Жандары жадырап, көңілдері қуанышқа толған бүлдіршіндер үшін ең қуанышты мереке ауданымыздың орталық алаңында өтті. Күні бұрын хабарланған халықтың қарасы көп болды.
Сонымен, шараның алдында ауданның жас суретшілері асфальтқа түрлі тақырыпта суреттер салып, өз өнерлерін көпшілікке паш етті.
Ал, салтанатты жиынның шымыл­дығы аудан әкімі Ә.Оразбекұлы­­ның құттықтау сөзімен түріліп, балаларға ізгі тілегін білдірді.
– Құрметті аудан тұрғындары, айналайын балғын балалар! Баршаңызды 1-маусым – халықаралық балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын! Жаздың бірінші күніне дөп келетін халықаралық мерекенің өзектілігі артпаса кеміген емес. Бала қай уақытта да барлық құндылықтардың бастауы болып табылады. Елбасының сарабдал
саясатымен жүзеге асырылып келе жатқан мемлекеттік саясаттың басты бағытының бірі – балалардың өмірін, құқығын, денсаулығын, қауіпсіздігін сақтау. Тәуелсіз еліміздің болашағы бүгінгі жас бүлдіршіндерді мектепке дейінгі оқытумен және тәрбиелеумен қамтамасыз ету мақсатында қабылданған «Балапан» бағдарламасы аясында ауданда көптеген игілікті шаралар жүзеге асырылып келеді, – дей келе бірқатар толымды тірліктердің легіне тоқталды. Жалпы алғанда бөбектерге қамқорлық көрсету, олардың құқықтарын қорғау тек белгіленген бір күн емес, әрқашан да үлкендердің назарында болуы тиіс екендігін баса айтты аудан басшысы.
Мұнан кейінгі кезекте аудан жұртшылығы аудандық оқушы­лар үйінің директоры Садық Ермағанбетовты құрметті зейнет демалысына шығарып салу салтанатына куә болды. Көп жылдар спорт саласында жемісті қызмет жасап, оқушылар үйін басқарған С.Ермағанбетовке аудан әкімінің құрмет грамотасы табысталып, иығына оқалы шапан жабылды.
Мерекені аудандық білім бөлімі мен оқушылар үйі ұйымдастырып,  «Нұрлы болашақ» атты концерттік бағдарламада бүлдіршіндер өлең-тақпақтар айтып, өз өнерлерін ортаға салды.
Ал, көпшілікті әсерге бөлеген сәт оқушылардың ортадан сап түзей өткен шеруі болды. Салтанатты жиынға мектеп оқушылары және балалар шығармашылық ұйымдары қатысты. Шеруде домбырашылар, баяншы-барабаншы балалар, бишілер, сондай-ақ, басқа да музыкалық ұжымдардың түрлері өнер көрсетті. Қатысушылардың киім формасы да бірдейлендіріліп, шағын формадағы ерекше шығармалар орындалды.
Мерекенің шырайын келтірген ертегі кейіпкерлері балаларды қызыққа бөледі. Сондай-ақ, мерекеге келген әрбір балаға тәтті балмұздақ, сусындар тегін үлестірілді.
Иә, «қуанса, бала қуансын» дейтін текті халықтың ұрпағы емеспіз бе? Осылайша, бүлдіршіндерді қуантуға арналған аудан көлеміндегі игі шарадан үлкен әсер алған балалардың жүзінде нұр ойнап, ал көздерінде шаттық пен қуаныш сезімі байқалып-ақ тұрды.
Д.ЖҮСІПОВА.
03 маусым 2018 ж. 1 529 0