Ескерткіш тақта батырлар ерлігін ұмыттырмайды

Осыны ескерген Ақтоған ауылдық округіне қарасты «21 бекет» елді-мекенінің тұрғындары бабалар есімін ұлықтап, ауылдан шыққан 16 майдангердің бет-бейнесі бейнеленген арнайы ескерткіш тақтаның тұсауын кесті. Өткен жұманың шуақты күнімен тұспа-тұс келген айтулы шараға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил, қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы Руслан Шарипаев, ауданның «Құрметті азаматы» Тұрмат Баймағамбет және ескерткіш тақтаға ілінген батырлардың ұрпақтары қатысты. Ашылу салтанаты 1 минут үнсіздікпен басталса, ал ескерткіш тақтаның шымылдығын ашу мәртебесі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаилға берілді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы осы сауапты істің басы-қасында жүріп, ескерткіш тақтаның ашылуына мұрындық болған ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рысбек Мұхтаровқа және басқа да бірнеше азаматтарға алғысын білдіріп, салтанатты түрде ескерткіш тақтаның шымылдығын ашты. Мұнан соң ауыл мектебінің оқушылары күй тартып, әннен шашу шашты. Тіпті соғыс жылдарынан хабар беретін «Катюша» биін билеп, қонақтардың қошеметіне ие болды.
Ең бастысы ескерткіш тақта маңынан өткен әрбір жас өрен өзінің шағын ғана ауылынан 16 майдангер шыққанын көріп, санасына түйетін болды. Мұнан артық насихаттың керегі де жоқ шығар, сірә.
Рамазан ӘНӘПИЯ