Ерлікке тағзым
Сенбі күні Бала би ауылының тағзым алаңында Отан үшін от кешкен батырлардың ұрпақтары ерліктің ерен үлгісін көрсеткен ардагерлерге тағзым етті. Сондай-ақ, ескерткіш тақта орнатылды. Қолда бар деректерге сүйенсек, ортақ Отанымызды фашизмнің қанды шеңгелінен қорғау үшін Шиелі ауданынан 5909 адам майданға аттанса, оның 339 сарбазы Бала би ауылынан қару асынып соғысқа аттанған екен. Содан әрбір бес боздақтың екеуі елге оралмапты.
Отан қорғау жолында опат болған және аман-есен елге оралған майдангерлер ұрпақтарының қатысуымен ескерткіш тақта жаңаланып, қайта ашылды. Бұл жаңа ескерткіш тақтада отан жолында күрескен жауынгерлердің есімі қашалып жазылған. Ашылуына қаржылай көмек көрсеткен атымтай азаматтар – Ораз Әлжанұлы, Тоқтар мен Әбсат қолдау көрсетті. Сондай-ақ, Ораз Әлжанұлы өзге елде опат болған жауынгерлердің жатқан жерін тауып ескерткіш тақтаға жазды. Бала би ауылының «Мәңгілік алау» мемориалы жанында шара өткізді. Отан үшін бақилық болған боздақ рухына қазыналы қарттар мен ауыл басшысы бастаған әлеумет «Мәңгілік алау» алдында тағзым етті, «Асылым» балабақшасының бүлдірішіндері гүл шоғын қойды. Ауыл имамы Қуанышбай Шілжанов соғыс құрбандарының рухына дұға бағыштап, Құран оқыды. Жеңіс жалауын желбіреткен, есімі мәрмәр тасқа қашап жазылған жерлес майдангерлерді ауыл тұрғындары мен қонақтар бір сәт үнсіз еске алды. Содан кейін Мәдениет үйінде 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр – Ұлы Жеңістің 76 жылдығына арналаған «Ерлік даңқы мәңгілік» атты мерекелік шара өтті.
– 9 мамыр күні біз үшін жай ғана атаулы күн ғана емес, бұл – өшпес ерлік пен қайсар рухтың мерекесі. Қан майдандағы аға буынның ерлігі бүгінгі және келер ұрпаққа нағыз отансүйгіштіктің, ел қорғаудың ерен үлгісі ,– деді ауыл әкімі А.Өмірәлі.
Шараға Чернобыль сарбазы Рахмет Сардарбеков, Тәжік Ауған соғысының ардагерлері Яхия Сайынұлы мен Табиғат Қарабекұлы қатысты. А.Дүрманова кешті ашса, Т.Күзенбаев майдангерлерге жырдан шашу шашты. Ары қарай ардагерлер өзінің естеліктерімен бөлісті. Ауыл өнерпаздары Ә.Мұсатаев, Е.Атабаев, А.Садуллина, Қ.Айқынбай сахнаны әнмен әрлеп, кештің көркін кіргізді.
Содан соң, шара тағзым алаңының аумағында жалғасты. Тек оқ пен отқа оранған қанды қырғын емес, бір мезеттік тыныштықтың тыныс-тіршілігі мен бейбіт күннің бақытын сезіндірген арадагерлердің ерлігі ел есінде. Шара соңында ауыл әкімі А.Өмірәлі арадагерге құрмет көрсетіп, ескерткіш тақта орнатқан жомарт жандардың иығына шапан жапты.
Ата-бабамыз «Артында мал қалғанша, тал қалсын» деп бекер айтпаса керекті. Өйткені, бабаның тал қалдырғаны, өзіне ат қалдырғаны. Осы қағиданы берік ұстанған ауылдың байырғы тұрғыны Ораз Әлжанұлы «Тағзым алаңына» 10 түп шырша мен 30 түп терек көшеттерін отырғызды.
Шапағат Тілеубаев