Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ер есімі – ел есінде

Ер есімі – ел есінде



Кешегі өткен екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталып, Жеңіс туының желбірегеніне, биыл 9 мамырда 74 жыл толды. Иә, 74 жыл біреуге көп, біреуге аз. дегенмен, ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де сан кеудеде сол қаралы жылдардың сызы қалды. Себебі, қай соғыстың да қара халықты тұралатып кететінін тарих дәлелдеген. Иә, біз соғысты көрген жоқпыз, бірақ соғыс ардагерлерін, соғыста қаза болған, хабарсыз кеткен солдаттардың ұрпақтарын көрдік, олардың қатал тағдырлары мен тыл ардагерлерінің ауыр күндері жайлы естеліктерін тыңдадық.
Өткен тарихты, ерлердің ерлік ісін ұмытпай, келер ұрпаққа дәріптей отырып, үнемі есте ұстауды парыз санаған 1 май ауылының тұрғындары 9 мамыр Жеңістің 74-ші көктемі қарсаңында кешегі өткен Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне және сұм соғыста қаза болған ерлердің құрметіне арналған ескерткіш тақта орнатып, аталар рухының алдында тағзым етті.
Тағзым алаңындағы «Ұрпаққа ұран болған – Ұлы Жеңіс» атты салтанатты шараның ашылу жиынына жерлесіміз, Қазақстан Республикасының сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы арнайы келіп, ескерткіш тақтаның лентасын қиып, халықты Жеңіс мерекесімен құттықтап, ауызбіршілікпен атқарылып жатқан осынау игі іске ризашылығын білдірді. Сонымен қатар салтанатты жиынға аудандық мәслихат хатшысы Болат Сыздықов, аудандық мәслихат депутаты Айткүл Әбдіқадырова қатысып, Жеңіс күні мерекесінде халықпен бірге болса, балалық шағын соғыс жылдарына ұрлатып, қиын-қыстау күндерді бастан өткізген, бүгінгі күні халықтың денсаулық сақтау жұмысында зор еңбек сіңіріп, медицина саласының құрметті ардагері атанған Базарбай Атабаев, отбасынан жеті бірдей адамын соғысқа аттандырып, бала күні сағынышпен өткен, ұлағатты ұстаз Жәмила Кежекова тағылымды естеліктерімен бөлісіп, №40 А.Қыраубаева атындағы орта мектептің республикалық бірыңғай «Жас Ұлан» ұйымына қабылданушы жас ұрпақтарына туымыз түстес көгілдір галстук байлап, баталарын берді. Салтанатты жиыннан соң, «Мұстафа Шоқай» атындағы мешітте соғыс ардагерлерінің рухына арналған ас беріліп, құран бағышталды.
Еліміздің Тұңғыш Президенті болған Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласы аясында осындай келелі істің басында жүрген ауыл азаматтары Арыстан Әбдиев, Райхан Жүнісова, Еркін Ерғалиев, Мейрамбек Ерғалиев және қаржылай көмек берген жерлесіміз кешегі «Сыр Сұңқары» аэропортының президенті, мұнай саласында сан жылдар еңбек еткен азамат Уалихан Әшеков, жеке кәсіпкер Айтбек Жұмаділдаев, Шиелі су шарушылығы саласының қызметкері Дихан Әубәкіров, жас болса да бітер істің басында жүрген ауылдасымыз Кенжехан Қыдыров секілді азаматтарға алғысымыз шексіз.
Шағын ғана ауылдан соғысқа аттанған бес жүздей адамның жартысынан жуығы қайта оралмай, бүгін міне тақта таста есімдері қашалып, мәңгілік ескерткішке айналды. Өткенге салауат айта отырып, жүздеген ұрпақтары келіп, тағзым алыңында бас июде. Олай болса, ешкім де, еш нәрсе де ұмытылмақ емес, ер есімі – ел есінде мәңгілік сақталады!

Перизат Ізім,
№40 А.Қыраубаева атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
15 мамыр 2019 ж. 1 217 0