Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Үйірменің үйретері мол

Үйірменің үйретері мол

Қазір қоғамда баланы бұзатын тірлік көп. Әлі өз пікірі қалыптасып үлгермеген бала еліктегіш болып келеді емес пе? Осындайда оларды жан-жағына бұрғызбай, жаман әдеттен аулақ болуы үшін өзінің қызығатын нәрсесіне көңілін аударту керек-ақ. Ата-аналар да балаларының мектептен тыс уақытта бос болмай, пайдалы іспен айналысқандарын тәуір көреді. Сондықтан да балаларының икемдеріне, ыңғайларына қарай олардың әрқайсысын мектептен тыс ұйымдарға, анығы, үйірмелерге жаздырады. Олай болса аудандық оқушылар үйіндегі үйірмелермен танысып көрелік.
Осыдан он-он бес жыл бұрын үйірме таппай сабылған жасөспірім көп болатын. Әсіресе ауылдық жерде. Ал бүгінде әр баланың ыңғайына қарай үйірменің түрі көп. Олардың 86 түрі білім беру жүйесінде болса, 27 үйірме мәдениет пен спортқа бағытталған. Мамандардың айтуынша, қосымша білім беру ұйымдарында және жалпы білім беретін мектептерде шығармашылық үйірмелердің, спорт секциялардың саны артып келеді екен. Бұл әрине балалар үшін таптырмас мүмкіндік.
Бұл бағытта 1110 балаға ақысыз қызмет көрсететін аудандық оқушылар үйін атап айтуға болады. 1110 баланың 291 ауылдық жерлерден қатынаса, 819 бала кентте орналасқан мектеп оқушылары. Онда білім білігі биік 25 педагог жұмыс істейді. «Орталықта арманы асқақ балалар мен берген білімін бұлдап, пайда іздемейтін қамқор тәлімгерлер бар. Балаларын мұғалімдерге сеніп тапсырған ата-аналардың көңілі жай. Жеткіншектер мұнда уақытын тиімді өткізеді. Пайдалы әрі өздері қалаған іспен айналысады», – дейді оқушылар үйінің басшысы ­Бауыржан Әбіш.
Аудан орталығындағы салтанат сарайын білетін боларсыздар. Міне сол кең сарайдың бір бөлігінде оқушылар үйі орналасқан. Онда 25 түрлі үйірме бар. Оның ішінде экологиялық-биологиялық, спорттық және әскери патриоттық тәрбие, әлеуметтік-педагогикалық, көркем шығармашылық және өнер, ғылыми-техникалық сынды 5 бағыт қарастырылған. Оқушылар үйіне енген сәтте шахматшыларға көзіміз түсті. Әлімхан Тұрмановтың балаларды шахмат, дойбы, асық ату сынды спорттық ойындарға баулып жүргеніне 8 жыл болыпты. Бүгінде 4 топта 15 баладан бар. Одан әрі қолөнер мен би үйірмесінің де жұмысымен қаныға түстік. Тіпті, заман талабына сай робототехника үйірмесін де кезіктірдік.
– Оқушыларды IT саласына баулу мақсатында Оқушылар үйінде «IT IMAQ SHIELI» балалар технопарктерін қалыптастырудың бастамасы ретінде «3D-модельдеу», «Робототехника» және цифрлық зертхана кабинеттері жұмыс істеп келеді. Ыңтымақтасып жұмыс істеу мақсатында аудандық балалар және орталық кітапханасымен, «Ыбырай Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейі» филиалымен мемарандумдар жасалды. Сонымен қатар аудандық Жастар ресурстық орталығы, спорт және мәдениет бөлімдеріне қарасты мекемелермен, аудандық Өлкетану, Н.Бекежанов атындағы музейлермен байланысып жұмыс жүргізілуде, – дейді үйірме жетекшісі Ләззат Нақыпова.
Айта кетейік, сонымен қатар №45, 46, 47, 159, 219, 270, 156, 127, 244 243, 148, 181 мектептерде және Ы.Жахаев ауылдық мәдениет үйімен қызметтік келісім шарт жасалып, оқушылар үйінің үйірме жұмыстары жүргізіледі екен.

Ғимарат керек
Президент Қ.Тоқаев «Мен Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беремін. Жастарға зор үміт артамын. Жастарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың, реформалардың игілігін міндетті түрде көреді. Олардың арасында көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр азаматтар аз емес. Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек» – дей келе, 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялаған болатын. Сондықтан бұл жылды жалаң ұран, мерекелік іс-шарамен өткізу мәнсіз. Ұлт болашағын ойласақ, ұрпақтың саналы жетілуіне мән беру қажет. Өзгеге үлгі болған Президент Қ.Тоқаев әуелі өзі бас­тап Алматыдағы оқушылар сарайына автобус сыйлағаны естеріңізде болар. Ал, аудандық оқушылар үйіне ғимарат қажеттігі бірнеше мәрте айтылған болатын. Жас буынды өнерге баулып, қоғамға қажетті маман даярлаудың алдыңғы баспалдағы осы үйірмеден басталары анық. Сондықтан, оқушылар үйіне бір ғимарат керек-ақ. Осы мәселені аудан әкімі Н.Әскербекұлы «Балалар жылында» назарға алады деп үміттенеміз.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
11 сәуір 2022 ж. 545 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930