Өнерлі ұрпақ, кемелді келешек
Бұрнағы күні Бәйгеқұм ауылдық клуб үйінде Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы, Ұлы ақын А.Құнанбайұлының – 175 жылдық мерейтойы аясында «Өнерлі ұрпақ, кемелді келешек» атты үйірме өнерпаздарының есеп беру концерті өтті.
Шараны ауыл әкімінің уақытша міндетін атқарушы М.Жақыпова ашып берді. Ол алғы сөзінде облыстық, халықаралық, аудандық байқауларға қатысып, ауыл халқын мәдени-рухани шаралармен сусындатып жүрген өнерпаздарға биік шыңдардан көрінуге, ауылдың атын асқақтата беруіне тілектестігін жеткізді. Жаңа ғимарат ел игілігіне жарап, ауылдық клуб үйінде «Айналайын» ән үйірмесі, «Домбыра-Дастан» домбыра үйірмесі, ауыл жастарынан құрылған хор үйірмесі, «Салтанат» би тобы, «Ақ әжем – алтын қазынам» әжелер ансамблі үздіксіз үйірмеге қатысып түрлі іс-шарада өнер көрсетіп келеді. Үйірменің үйретері көп екенін түсінген ұжым қызметкерлері де үнемі ізденіспен жаңашыл дүниелерді үйретуге тырысады екен.
Шара барысында үйірме өнерпаздары жанды дауыста ән шырқап, домбырашылар күйден шашу шашса, биші қыздар әсем билерін тарту етті. Ауылдағы жас келіндерге үлгі өнеге көрсетіп жүрген ақ жаулықты әжелер ансамблі Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойына орай орыс халқының отты жылдарындағы «Синий платочек» әнін шырқады. Одан әрі үйірменің ең кішкентай өнерпазы Қ.Мақсатқызы М.Сұлтанханның «Эх, Шиелім», №251 орта мектеп оқушысы Ә.Нұрланұлы М.Шахановтың «Әке үкімі» өлеңін оқып, көрермен ықыласына бөленді. Сондай-ақ клуб үйінің ұжымы «Бони эм» тобына пародия жасап, мәдениет қызметкерлері тағы бір қырларынан танылды. Кеш қонақтары Шиелі аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ж.Отарбаева, Бұдабай Қабылұлы атындағы мәдениет үйінің меңгерушісі Г.Әбдімомынова өнерпаздарға оң бағасын беріп, клуб үйінің басшысы О.Алмағамбетованың ұжымды ұйымдастыра білетін қабілетіне ерекше тоқталды. Кеш соңында барлық үйірме мүшелерін ауыл әкімі мен клуб үйі басшысыалғыс хатпен марапаттап, мерекелік от шашуды тамашалады.
Г.Дүйсебаева