Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларының бірінде балалардың қолөнер мен шығармашылықтың бастапқы негіздерімен танысуы үшін «Балалар үйірмесі» қызметін қайта жандандыру туралы тапсырма берді.
Осыған байланысты Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Қосымша білімсіз балалардың әлеуетін толық ашу мүмкін емес. Сондықтан әр баланың сабақтан тыс үйірмелер мен секцияларға қатысу мүмкіндігі болуы маңызды. Елімізде мемлекеттік қосымша білім беру мекемелері біз қалағандай көп емес. Толығырақ тоқталып өтейін. Қосымша білім беру жүйесіне оқушылар сарайлары, түрлі үйірмелер, секциялар, көркемөнер және музыка мектептері, жас техниктер станциялары және тағы басқа енеді. Бұл бағыт арқылы бала қосымша білім алып, түрлі дағдыларын дамытады. Бұған дейін осындай жүйе арқылы қысқа мерзім ішінде мемлекет тарапынан үлкен салымдарсыз балабақшалардағы орын жетіспеушілік проблемасы айтарлықтай шешілген болатын. Оны жеке балабақшалардың даму тәжірибесінен байқауға болады» деген бір сұхбатында. Бұдан соң елде арнайы Заң қабылданып, үйірме орталықтары ашыла бастады.
«Балалар жылында» шиелілік бүлдіршіндерге де шығармашылық мекен тарту етілді. Ақпан айының алғашқы күнінен өз жұмысын бастаған «Like School» орталығының ашылуына жергілікті кәсіпкер Еркін Бегалыұлы мұрындық болған. Мұнда оқушылар мектептен тыс мезгілде би, сурет салу, шешендік өнер, шахмат бойынша өз қалауларына қарай үйірмелерге қатыса алады. «Орталықтың ашылғанына небәрі бірнеше күн ғана өтсе де, үйірмеге жазылғысы келіп, қызығушылық танытып жатқандар көп. Бұл – оқушылардың сабақтан тыс уақыттарын тиімді өткізуге таптырмас мүмкіндік» дейді орталықтағы шешендік өнер үйірмесінің жетекшісі Үрләйім Сәдуақасқызы.
«Like School» шығармашылық орталығы теміржол вокзалы маңындағы «Ақ сұңқар» сауда орталығының екінші қабатында орналасқан. Мұнда бүлдіршіндердің тілін жетілдіріп, бойындағы дарынды ұштап, ой өрісін дамытуға барлық жағдай жасалған. Балалар шығармашылық орталығы – сауатты ұрпақ тәрбиелеуге жол ашатын бірден-бір мүмкіндік.

Г.ЯХИЯ
04 ақпан 2022 ж. 821 0