Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Көрікті қашырған көк талдар

Көрікті қашырған көк талдар

«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дейді халқымыз. Мұның астарында терең мағына жатыр. Бұл істе аға ұрпақ жас буынға өнеге көрсетуі тиіс. Қоршаған ортаны Отан қорғағандай қорғау керек. Мені көп жылдардан бері қатты ойландырып жүрген жағдай ол ауданның орталығы – Шиеліге кіре беріс босағада егілген ағаштардың сұрықсыз кейіпі.
«Тазалық табалдырықтан басталады» дейді. Шиеліге алыстан ат арытып келетін қаншама қонақтар бар. Бұл жерден небір ақын дүлділ де, әнші бұлбұл да шыққан. Шиелі десе шырайы елестейтін мекеннің қазіргі күйі қандай? Орталық көшеге түскен сәтте, оң жағындағы қартайған ұзынды-қысқалы көктал мен сол жағалаудағы жыңғыл, әр жерде жартылай қураған ақ терек еңсені басып тұр. Ол аз дегендей қартайып сәні кеткен көкталдың арасына неше түрлі мүсіндер қойылған. Үйлесім тауып, кентке көрік кіргізсе, үнсіз қалуға болар еді. Алайда, осы кезге дейін ешкімнің ойына бұл келеңсіз көріністі өзгерту келмеген сыңайлы.
Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Қ.Көшербаев кезінде 8 шақырым жердегі Белкөлден Қызылорда қаласының ішіне дейінгі үлкен жолдың екі бетіндегі құмды алдырып, жаңадан топырақ төсеткені естеріңізде болар. Сол жерге мыңдаған көшеттер отырығызылып, арнайы су құбырларын да жүргізді. Енді бірнеше жылдың ішінде Қалаға кіреберіс жол жасыл желекке айналатын сыңайлы. Құм үстінен көк шығарған Қ.Елеуұлының бұл ісін халық ұмытпайды. Айта жүреді. Ал оның жанында Шиелінің топырағы құнарлы. Алайда, қартайған теректер мен кесілген, қураған ағаштар ғана әр жерден бой көрсетіп тұр.
Тіпті өзімізбен көршілес жатқан Жаңақорған ауданына көз тастайықшы. Кіре беріс қақпасынан өтсең көшенің екі беті жайқалған жасыл желекпен көмкеріліп тұр. Келген қонаққа жақсы көңіл-күй сыйлайды. Ал бізге осындай жағдай жасауға не кедергі?
Туған жерді түрлендіріп, табиғатты аялау – әрбір перзенттің міндеті. Отанды сүю туған жеріңді көркейту-көгалдандырудан басталады. Дегенмен неше жылдан бері тендер ұтып алған азаматтардың көшемізді көгертетін түрі көрінбейді. Бұл істі ардагерлер қолға алса, жас­тар аяғына дейін жеткізетініне шүбә келтірмейік. Артымызда мал қалғанша, тал қалсын дейтін елдің ұрпағы екенімізді ұмытпайық!

Әияр Сейітов,
гидротехник

12 наурыз 2022 ж. 569 0