Айналаның тазалығы алаңдатады
Кейде қоғамға ортақ пікір білдіре қалсаңыз, тиесілі кісілер өздеріне қабылдап, «несі бар, тыныш отырмай ма? Білгішсініп ақыл айтуын» деп жатады. Төртінші билік өкілдері біреуді кекету, мұқату үшін емес, керісінше, қырағы көздерімен айналаны шолып, сіз байқамағанды байқап, еске салып, тіршілікте қозғалыс тудырып отырады. Сондықтан дұрыс айтылса, ақиқатты аттамай, әділдікке жүгініп, әділетсіздікке жол бермеу – Шиелі тұрғындарының міндеті деп ойлаймыз.
Бүгінде аудан айнасы «Өскен өңір» газетінің бетінде тазалық, күл-қоқыс, жаңбырдан кейін көл боп жататын кент жайлы көптеген мақалалар суреттерімен беріліп жатыр. Жалғандық болса, бір сәрі. Фотограф та көргенін түсіріп, тілші оған жан бітіріп, оқырмандарға жеткізіп отырады. Сүйікті Шиеліні ақындар мен жазушылар өлеңімен, шығармаларымен көркейіп, өркендеп кетті деп жазса, сазгерлер жабылып
«...Ыстықсың сен маған, Көрікті Шиелім!» деп әнге қосты. Әрине, жүректі жарып көкейден шыққан сезім, соған лайық болған соң туады. Әйтпесе, Дүйсенбі ағамыздың «Маржаны Сырдың Шиелі» деген өлеңіне Әсет Бейсеуов ән жаза ма? Сөз бен ән қабысып, Шиелінің мәртебесін көтіріп тұрған жоқ па? Қазір ауданда «Көркейту, көгалдандыру және тазалық» айлықтары жүріп жатқаны белгілі. Көшеде кездесіп қалған кент тұрғындары «соңғы кезде Шиелі шаңғып, жаңбырлы күндері көшелер лай, жаяу жүргіншілер жолы жерге сіңіп кетті. Әрнәрсені жазғанша, осыған да назар салу керек шығар?» деп, реніштерін осындай зілді сұрақтармен білдіріп жатады. «Сен тимесең, мен тиме бадырақ көз» деп жүргенімізге біраз болды. Бұл мақаланы жазуымызға түнеу күнгі нөсер жауын себеп болды. Көпшілік жиналатын, ауданның бар іс-шаралары өтетін, оқушылар түрлі үйірмелерге келіп қатысатын аудандық Бұдабай Қабылұлы атындағы мәдениет үйі «аралда» қалды. Жаяу адамдар тобықтан су кешіп, әбігерге түсті. Бірде Қазалы ауданына барған ардагерлер семинар-кеңесте көше бойына салынған суағарларды, оның жиегіне егіліп жатқан көшеттерді көрсеткені бар. Бізде көшедегі су қайда барарын білмейді. Мысалға С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов көшелеріндегі жол жиектер (тротуар) жерге кіріп, сол жауыннан-ақ мүжіліп, жарамсыз болып қалған. Нанбасаңыз, жаяу жүріп көріңіз. Жалпы кенттің жобасын жасағанда әр көшеге осындай тартпалар (лоток) салып, жаңбыр суын да тиімді пайдаланған дұрыс секілді. Сол кезде көшенің асфальті да бұзылмайды. Көріп жүргеніміздей әл-Фараби, Досбол датқа көшелеріне тартылған суағарлардың жиегіндегі ағаштар да сән түзеп, көзге көрініп қалды. Осындай әдіспен Шиеліні жасыл желекке көмкеріп, көгалдандыруға да болады. Кенттің кей көшелерінде бір түп ағашы жоқ, көшесі түгілі, есігі алдында жалғыз түп жеміс ағашы кездеспейтін үйлер көп. Түркістанда бір қазақ жергілікті өзбектен туысы Сансызбайдың үйін іздеп сұрап қалса, «онда жүре берің, алдыңнан ауласында бірде-бір дарағы жоқ үй кездеседі, сол Сансызбайдың үйі бопты» деген екен. Ол өзбек Шиеліге келмей-ақ қойсын. Көптеген тұрғындар аяқсудың жоқтығын сылтау етеді. Бұрын А.Байтұрсынов көшесін қиып өтіп, Ә.Тәжібаев көшесіне арық арқылы аяқсу келетін. Қазір оның бәрі көміліп қалған. Егер көктемде әр көшеге екі жағынан соқамен қарық тартып жіберсе, үй иелері өз тұстарына труба салып алса, қалған жердің барлығына көшеттер егіліп, көше комитетінің төрағалары қадағалап отырса, әр үйге ағаш күтімі тапсырылса дейміз. Сонда көп ұзамай Шиелі орманға айналар еді-ау деп те армандаймыз. Әрине, бұл қиял емес. Өйткені кентіміз жұтаңданып барады. Бар нәрсе салыстырмалы. Көрші Жаңақорған ауданы көкке оранып жатыр. Неге? Олар қазір жаппай ағаш егуге кіріскен. Бізде де егілуде, бірақ оның көгергенін, жайқалып өскенін көрмейміз. Өйткені, оны баптап, басын ауыртып жатқан жан жоқ. Жылда қаншама көшет сатып алынады, «пәленбай мың көшет отырғызылды» деп қағаз, сосын ауыз толтырамыз. Сөйтіп, келесі көктемді дәл осылай қарсы аламыз. Сонда қоршаған ортамызды қашан көгалдандырамыз? Біздің Ш.Уәлиханов көшесіне де аяқсу келмейді. Сонда да шелекпен су тасып құйып, бір тал болса да көгертіп отырмыз. Егер Ә.Тәжібаев көшесіндегі бұрынғы арық тартылса, содан Ш.Уәлиханов көшесіне де аяқсу алуға болар еді. Тереңөзек шағын кент. Күзге қарай спорт сарайының алды гүлденіп сала береді. Қызығып, гүл шашып тұрған не ағаш екен деп жақындасам – өзіміздің, Шиелінің жыңғылы. Әр түп жыңғылды домалақ, төртбұрыш, ұзын, қысқа етіп айналдыра қырқып қойыпты. Қандай әсем! Кәдімгі жабайы жыңғыл мәдениетті өсімдікке айналып, адам алақанының арқасында қып-қызыл боп кент орталығында гүлдеп тұр. Табиғаттың осы бір сыйы – жыңғыл біздің А.Ясауи көшесінің солтүстік бетіне, темір шарбақ пен шойынжол аралығына қаптап шыққан. Анау егіліп, үш жылда өліп қалатын ақ теректерден гөрі, осы жыңғыл көше бойына көрік беретін секілді. Соны неге өзгелердей пайдаланбаймыз? Оған ешқандай техниканың керегі жоқ. Жақсы бір бағбан, ағаш қырқатын үлкен өткір қайшы болса болғаны. Қаулап өскен жабайы жыңғыл да өзін тәртіпке салуды, отап, бұтап қоюды, қажет болса, әдемі, көрікті дәрежеге жеткізіп, халық игілігіне жаратуды көксеп тұрғандай. Сондай-ақ көшелердегі қурап қалған ағаштарды түбінен кесіп тастағанды қалар едік. Ол да тұрғындардың, келімді-кетімді қонақтардың да көңіл-күйін түсірері анық. Кент тазалығы деген науқандық, екі айлық болмауы тиіс. Тазалық – науқандық жұмыс емес. Ол жыл бойына үздіксіз, күнделікті атқарылатын, тұрып жатқан кенттің келбеті, көрінісі, сымбаты. Сондықтан да мен тазалық, тазалық, тағы да тазалық дер едім. Оған кенттің тұрғынымын дейтін азаматтар түгелдей үн қосулары керек. Бұрын кент ардагерлер кеңесі атсалысып, көше комитеті төрағаларына қозғау салып жататын еді. Олар неге тым-тырыс? Үздік көше, үздік бағбан, әсем үй, бау-бақшалы аула, таза аула, көлеңкелі үй, таза отбасы, озат көше комитеті, озат тазалықшы т.б. жарыстар, байқаулар ұйымдастырып, халықты ынталандыру шаралары арқылы да көптеген тірліктерге бет бұрып, Шиеліні көгалдандырып, абаттандырып, көріктендіріп, гүлдей жайнатып жіберуге болар еді. Аудан әкімі дәл осы тазалық жайлы аз айтып жүрген жоқ. Көктем шыға апта сайын тапсырма беріп, жөн сілтеп жатыр. Сенбіліктер өткізіліп, қорытындысы аудандық басылымдарда хабарлануда. Осы тазалық айлығы жүріп жатқанда бұрынғы теміржол бойының дәріханасы алдындағы су жиналған жерге бір көлік қоқыс төгілді. Сол жердің суы кепкенше жатты. Ал вокзалдың шығысына қарай жүрсеңіз, Дәулеткерей көшесінің бойында бір сары «Раф» пен кабинаның тұрғанына екі-үш жылдан да асып кетті-ау. Жазда сол жерде қауын-қарбыз сатылады. Ол жер ескі көліктерді жинап қоятын гараж емес қой. Теміржол басшылары жол бойына бір назар салып, аралап шығуға болмас па екен? Ол жерден кентке қаншама жолаушы-қонақтар, мәртебелі азаматтар өтіп, біздің мәдениетімізге не деп кетеді? Біреулердің кемшілігін тізбелеп жатқан жайымыз жоқ. Көзбен көргенді өзгеге сабақ болсын, туған жеріне жандары ашысын, Шиеліні алдамшы сөздерімен емес, жан-тәндерімен жақсы көріп, оның өркендеуіне, гүлденуіне өз үлестерін қосса деген ниетпен сөзімді тәмамдаймын.
Өркен ИСМАИЛ,
Шиелі ауданының «Құрметті азаматы».