Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БАҚ ӨКІЛДЕРІ БАҚТАРЫН СЫНАДЫ

БАҚ ӨКІЛДЕРІ БАҚТАРЫН СЫНАДЫ

Төртінші билік өкілдері саналатын бұқаралық ақпарат құралдары арасында биыл екінші рет ұйымдастырылып жатқан турнирді аудан әкімі Әшім Оразбекұлы құттықтау сөзімен ашып берді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сұлтанбек Оразымбетов пен республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі Ержан Байтілес спортшыларға сәттілік тілеп, жылы лебізін білдірді. Турнирге сегіз команда қатысты. Атап айтсақ, «Сыр медиа», «Qyzylorda» телеарнасы, «Жас тілшілер», «Меншікті тілшілер», «Жаңақорған тынысы» газеті, «Тәуелсіз БАҚ», «Баспасөз қызметі» және «Өскен өңір» газетінің командалары жарыс алаңынан көрінді. Шығармашылық жандар кәсіби спортшы болмаса да, спорттан алыс емес екенін көрсетті. Тепсе темір үзетін жігіттер үшін алаң тарлық етсе де, дөңгелеген допты игеріп, қарсыластарының қақпасына бағыттай білді. Қақпашының осал тұсын аңдаған шабуылшылар әп-сәтте допты қақпаның ішіне салып үлгеріп жатты. Алғашқы ойынын жеңіліспен бастаған аудандық «Өскен өңір» газетінің спортшыларын жанкүйерлерінің демеуі қанат бітіргендей болды. Осы жеңілістен кейін жеңістен-жеңіске жетіп жатты. Тартыс­ты турнир барысында ІІІ орынға таласқан «Qyzylorda» телеарнасы мен «Тәуелсіз БАҚ» командаларының ұпайы тең түсіп, пенальти тебісуге тура келді. Бұл додада «Qyzylorda» телеарнасының жігіттері жеңіске жетті. Ал ақтық сайысқа шыққан «Сыр медиа» мен «Өскен өңір» газеті арасындағы ойында қонақтар І орынды иеленіп, жергілікті басылым, яғни, «Өскен өңір» командасы ІІ орынды қанағат тұтты.
Аудан әкімінің орынбасары А.Есмаханов пен Т.Жағыпбаров жеңімпаздарды марапат­тап, сый-сияпаттарын табыстап, турнирді дәс­түрге айналдырып, алдағы уақытта да бұл дүбірлі дода жалғасын табатындығын жеткізді.

Ерұлан ДАТКЕНОВ.
12 желтоқсан 2017 ж. 1 203 0