Жақсылыққа жаны құмар
«Басыңа іс түссе, жақсы көмек етеді, жаман күліп кетеді» демекші, пенде атаулы қиындыққа тап болғанда өзгелерден көмек күтеді. Халі мүшкіл жандарға қолдан келгенше қайырымдылық жасап, барыңмен бөлісу – имандылықтың белгісі. Мұндай қасиеттерді бойға жиған ақ пейілді адамдар айналамызда аз емес. Солардың бірі – Жадыра Нұрбаева. Ол Шиелі ауданаралық орталық Емханасының Әлеуметтік қызметкері және «Ел құрметі» қоғамдық қордың аға еріктісі.
Әсілінде, әлем жүгін әдемілік емес, ар мен ұят, ілтипаттылық пен ізгілік арқалап тұрса керек-ті. Сол қасиет біздің ұлтымызға сүтпен бірге сүйекке сіңіп, мейірімділік мерейімізді үстем еткен елден екенімізді ұғындырады. Бүгінгі әңгімемізге арқау болған Жадыра №148 қазақ орта мектебінің түлегі. Жаңа жылдық мереке қарсаңында тапқан табысының бір бөлігін балаларды қуантуға бөледі. Көп ойланбастан өзі білім алған мектеп қабырғасына келіп, 4-а сыныптың 25 оқушысына сыйлық үлестіреді. Сондай-ақ, сол балалардың қатары, тағдыр теперішіне ұшырап, үйден білім алуға мәжбүр кішкентай Заринаны да ұмыт қалдырмайды. Өлең айтып, сахнаға шыққанды ұнататын Заринаны достарының арасына алып келіп, микрафон сыйға тартты. Осылайша, Жадыра кішкентай қыздың үлкен арманына қанат бітірді.
–Жадыра Маратқызы мектеп қабырғасында жүргенде де білімді, ізденіппаз қыз болатын. Ал, бүгін өзінің білім алған шаңырағына келіп, сауапты іс жасау үйдегі тәрбие мен мектепте білім берген ұстаздардың жемісі деп білемін. Әрбір ұрпақты рухты, мықты, сауатты етіп тәрбиелесек жер бетін тек ізгілік билейтін болады. Жадыра сынды жас та болса жақсылыққа құштар жандардың барына қуанамыз. Шексіз алғысымызды білдеріміз, – деді №148 қазақ орта мектебінің директоры Орынкүл Шорабаева.
Жадыраның жан қуантар істерін бұрын да жазған едік. Ол жыл сайын мүмкіндігі шектеулі балаларды, тұрмысы төмен отбасын, балабақша бүлдіршіндерін қолдан келгенше қуантып, сыйлық таратып, азық-түлік, киім-кешек апарып береді. Жасыратыны жоқ, бүгінгі қоғамда «Жақсылық жасау үшін қалтаң қаржыға толу керек» деген түсінік қалыптасқан. Алайда, адамдар жасаған тырнақтай жақсылықтар бұл тұжырымның жалған екенін жоққа шығаруда. Яғни біз жақсылық жасағымыз келсе, қаржыға қараудың қажеті жоқ. Тек жүрек нұры сөнбей, жақсылық жасауға шын ниетті болсақ жеткілікті.
А.Асанов