Жомарт жүректі жас маман
Жақсылық жасау үшін үлкен байлық емес, кең пейіл керек. Иә, жанашыр жандардың көп болғаны көңілге қуаныш ұялатады. Әсіресе, жаста болса жарқын идеясымен, тағдыр тауқыметін кешкен жандарды жан-жүрегімен түсініп, «қарлығаштың қанатымен су сепкендей», бір түйір болса да көмегіміз тисін деген жас маман, Шиелі ауданаралық орталық емханасының әлеуметтік қызметкері Жадыра Нұрбаеваның ісі елді сүйсіндіреді.
Әлқисса, қазақтың ақ жүрек пейілін әңгімеге арқау етсеңіз неден бастар едіңіз. Жарлыға жалғыз атын сойып беретін әдетін айтасыз ба, жоқ жауын да сүйсінткен жомарттығын жазасыз ба? Әлде, «әр қазақ менің жалғызым» деп бәз біреуге жасаған жәрдемін жіпке тізесіз бе? Қалай десеңіз де, көңілі дария халықтың әр баласы жақсылық жасауға пейіл келетіні бізге аян. Міне, сондай жанның бірі бүгінгі әңгімемізге арқау болуда. 25 жасар Жадыра Шиелі ауданаралық орталық емханасында әлеуметтік қызметкер болып еңбек етіп жүргеніне биыл 3-ші жыл. Осы жылдар ішінде мүмкіндігі шектеулі жандармен тікелей жұмыс істеп, тағдыр тауқыметін тартқан тағдырларға жанашырлық танытып жүреді. Қалтасына түскен аз-кем айлық табысының басын құрап, тұрмысы төмен, ауру балаларға және жалғыз басты қарттарға азық-түлік тасып, қолдау білдіретін кең пейілін аудан тұрғындарынан жиі естиміз. Күні кеше де 2 отбасына қуаныш сыйлағанының куәсі болдық.
– «Жыртық үйдің Құдайы бар» дейді екен. Сол секілді қиындық түскен жерге, жақсылық үйір болады екен. Ал, оған жас маман болса да, жаны ашып, жақсылық жасауға асығып тұратын Жадыра Маратқызы секілді адамдар себепкер болуда.
– Ол жуырда ғана үйімізге азық-түлік әкеліп берді. Үнемі қолындағысын бөлісіп жеуге даяр тұратын ақ халатты абзал жанның тілеуін тілеп жүреміз. Өз ісінің нағыз маманы десем де болады. Мен Жадыраның әр ісіне таңдай қағып, алғыс айтып отырамын. Жақсылығы жақсылық болып қайтарына сенемін, – дейді аудан тұрғыны Сабира Ибраева
Ғұлама Жүсіп Баласағұн «Ізгілік қыл, ізгілік көп кісіде, әсерлі ғой ізгілердің ісі де» демей ме? Расында, жақсылыққа жаны құмар жандардың жүзінен жылулықты, көзінен қуанышты көруге болады. Олар жақсылық жасау арқылы жалғыз қалған жанға серік, шаршап-шалдыққанға тіреу, мүсәпірге көмек бола алады. Негізінен адам баласы дүниеге ізгі амалдар атқару үшін келеді екен. Ал, біздің ғұмырымыз жақсылық жолындағы сапар болып табылады. Міне, елімізде жақсылықтың жолымен жүріп келе жатқандар аз емес.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ