Еңбек адамының үлгісі еді
Қазақ халқы кез келген індет, оба сынды елді дүрліктірген аурудың атын тіке атамай «жаман ауру» деген. Бізді ғана емес, күллі адамзатты алаңдатқан сондай «жаман ауру» бірнеше айдан бері еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін әбігерге салып қойды. Азуын айға білеген, ғылымы, технологиясы дамыған айтулы елдердің өзі төтеннен келген дертке шипа таба алмай дәрменсіз күй кешуде. Қазақ халқына да бұрын-соңды болмаған қауіпті індет өзіндік ауыртпалығымен арқаға жүк болуда.
Тәртіптің, тазалықтың қатаң сақталуын әр елдің тиісті мамандары күн құрғатпай айтып жатыр. Мемлекет басшысының халықтың өмірін сақтап қалуға бағытталған бастамалары тиісті нәтижесін бергеніне де ел-жұрт куә. Солай десек те, жарияланған мәліметтерге сүйенсек, соңғы бір ай ішінде елімізде аты жаман аурумен ауырғандардың саны артқаны жанымызды ауыртпай қоймады. Жазылып шыққандарға тәубешілік жасағанымызбен, осы індеттен қайтыс болғандар санының қомақты көрсеткішті құрауы көңілге кірбің ұялатып отырғанын жасыруға болмайды.

Бұл індет қаншама жақындарымызды, ел қалаулылары мен ардақты азаматтарымызды ортамыздан алып кетті. Елге елеулі еңбегі сіңген қадірлі ұлдың бірі – Жақсылық Үшкемпіров те 2 тамыз күні Алланың панасына қайтты.
Мәскеу олимпиадасының алтын медаль иегері, грек-рим балуаны Жақсылық Үшкемпіров биыл 69 жаста еді. Ол 1951 жылы 6 мамырда Қазақ КСР Жамбыл облысы Свердловск ауданы Чапаев кеңшарында дүниеге келген. Грек-рим күресiнен тұңғыш Олимпиада чемпионы, Әлем чемпионы, Қазақстанның еңбек ерi, «Барыс», «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері батыр азаматтың Мәскеу Олимпиадасындағы ерлігiне биыл 40 жыл болып еді.
Кезінде жолым түсіп Жақсылық Үшкемпіровтың туып өскен ауылында болдым. Аңыз адамның туған жеріне деген қамқорлығын, ауылын көркейтуге қосқан үлесін өз көзіммен көріп, азаматтығына бір марқайып қалған едік.
Батыр азамат саналы ғұмырының 15 жылын спорт саласына, 25 жылға жуығын кәсіпкерлікке, оның ішінде асыл тұқымды мал өсіруге арнаған. Қай салада болса да табысты, нәтижелі еңбек ете білген жан. Өз қаражатына туып өскен ауылына газ жүргізіп, сол маңға балалар үшін спорт кешенін салып, балабақша тұрғызды. Қолжетімді пәтер болу үшін 50 отбасыға тұрғын үй салған, 100-ден аса адамды жұмыспен қамтыған елдің қалаулысы еді. 2019 жылы Жақсылық Үшкемпіровтің өмірі туралы «Жақсылық» көркем фильмі түсірілді.
Жақсылық Үшкемпіровтың бойында қасиет те, абырой да, әділдік пен адалдық та, қарапайымдылық пен қамкөңіл пейіл де жатқан еді. Жерге төсейтін дұрыс татами, жаттығу жасайтын зал жоқ заманда 15 елдің арасынан суырылып шығып, олимпиада чемпионы болуы, қартайған шағында мал бағып, ауылын көтеруі – нағыз еңбек адамының үлгісі еді. Бақұл бол, еңбек адамы! Бақұл бол, жақсы адам!
Әлиар СЕЙІТОВ