Әлемді әбігерге салған індет
Коронавирус індеті жер жаһанды құрсаулап, ахуалды күннен-күнге қиындатып барады. Бірқатар мемлекетте вирустың таралуы қайтадан қарқын алып, көпшілігі қайтадан карантиндік шектеу шараларын енгізуге мәжбүр болуда. Пандемияның қыспағында тұрған қазақ елі де індетке қарсы күресті күшейту, қалыптасқан ахуалды жеңілдету, салдарды жою барысында жаһандағы жағдайды жіті бақылап отыр. Осы орайда бүгін біз індеттен іргесін ажырата алмай отырған бірқатар елдердегі ахуалға әлемдік ақпарат агенттіктерінің деректеріне сүйеніп, қысқаша шолу жасадық.
Коронавирус індетіне шалдыққандар саны күннен-күнге артып барады. Қазіргі таңда әлемде 15 миллионға жуық адам науқастанса, қауіпті дерттің құрбанына айналғандар саны 600 мыңнан асты.
Коронавирус індетіне шалдыққандар саны күннен-күнге артып барады. Қазіргі таңда әлемде 15 миллионға жуық адам науқастанса, қауіпті дерттің құрбанына айналғандар саны 600 мыңнан асты.
COVID-19-дың зардабын қатты тартып отырған елдің бірі – АҚШ. Бұл елді вирус меңдегелі бірнеше ай өткеніне қарамастан, жағдай күн өткен сайын қиындап бара жатыр. Бүгінде Құрама штаттарда індетке шалдыққандар саны 3,8 миллионнан асты. Ал өткен жұма күні вирус жұқтырғандар саны бойынша бұл елде тағы да рекорд жаңартылып, бір тәулікте 77 мың адамнан COVID-19 анықталған.
Қауіпті дерттің құрбанына айналғандар саны жөнінен де АҚШ көш бастап тұр. Бүгінге дейін қайтыс болғандардың саны 142 мыңнан асты. Күн сайын 900-ден астам науқас өмірімен қоштасады екен. Әсіресе, Техас пен Калифорния штаттарында жағдай мүшкіл. Науқастар саны сағат санап артып, ауруханалар аузы-мұрнына шыға толған. Осыған байланысты екі штатта да вирус жұқтырғандарға көмектесу үшін әскери дәрігерлер жұмылдырылған.
Мұхиттың арғы бетіндегі тағы бір ел – Бразилияда да жағдай ушығып тұр. Бүгінде осы мемлекетте науқастар саны 2 миллионнан асты. Бразилия денсаулық сақтау министрінің хабарлауынша, соңғы тәулікте 45 мыңнан астам адамның вирус жұқтырғаны анықталған. Бүгінгі күнге дейін 77 мыңға жуық адам қауіпті дерттің құрбанына айналды. Тәулік сайын Бразилияда мыңнан аса науқас о дүниеге аттанады екен.
Үндістанда да індет қарқынмен таралып жатыр. Бүгінде бұл елде вирус жұқтырғандар саны миллионнан асқан. Денсаулық сақтау министрлігі келтірген мәліметтерге сүйенсек, өткен аптада 35 мыңнан астам адамның дертке шалдыққаны анықталса, 687 науқас бақиға аттанған. Бұл екеуі де пандемия басталғалы бергі Үндістандағы рекордтық көрсеткіш.
Солтүстіктегі көршіміз – Ресейде де науқастар саны көп. Бүгінге дейін бұл елде 765 мың тұрғынның вирус жұқтырғаны анықталса, 12 мыңнан астам адам көз жұмған. Күн сайын Ресейде шамамен алты мыңға жуық жаңа науқас анықталады.
Коронавирус салдарынан Ресей экономикасының өсімі төмендей бастады. Мәселен, сәуірде ішкі жалпы өнім көлемі 12 процентке азайса, маусымда бұл көрсеткіш 6,4 процентті құрады. Ақпарат агенттіктері пандемия аяқталғанға дейін Ресей экономикасы 1999 жылғы жағдайға дейін түсіп кетуі мүмкін екенін болжайды.
Жапонияда өткен аптада бір күннің ішінде 600-ден астам адам коронавирус жұқтырған. Бұл соңғы үш айдағы рекордтық көрсеткіш. Ел астанасы Токионың өзінде бір күнде 286 жағдай тіркелген. Осылайша Токиода науқастар саны 8 мыңнан асты. Мамырда Жапонияда төтенше жағдай тоқтатылған-ды. Науқастардың күрт көбеюі бұл қадамның қате болғанын көрсетіп отыр.
Коронавирус жұқтырғандар санының күрт артуына байланысты Тегеранда карантин тәртібі қайта күшейтілді. Сенбіден елдегі барлық мемлекеттік қызметкерлердің үштен бірі қашықтан жұмыс істеуге көшті. Адам көп жиналатын іс-шаралар өткізуге тыйым салынып, мейрамханалар жұмысын тоқтатты. Айта кетейік, Иранда маусым айының соңында бетперде тағу міндеттелген соң, карантин тәртібі жеңілдетілген еді. Бірақ соңғы тәулікте коронавирус инфекциясы екі мыңнан аса адамнан анықталып, 183 науқас көз жұмды.
Коронавирус пандемиясы осылайша адамзат атаулыны әбігерге салып тұр. Төрткүл дүниені шарпыған індет жеке адамдардың жауапкершілігін күшейту арқылы ғана айналасындағы жандарды, жақын-жуықтарын аман сақтап қалуға болатынын көрсетіп отыр. Осы тұрғыдан алғанда қазақтың «Жақыныңа жанашыр бол» ұстанымы – қазіргінің басты ұраны іспеттес.
Гүлхан ЯХИЯ