Біріксек – алынбайтын асу жоқ
8 шілде күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа телевизиялық үндеу жасағаны мәлім. Ең алдымен Президент қазір әлемді шарпыған пандемияға байланысты қалыптасқан жағдайдың өте күрделі екендігін айтты.
Жұртты әбігерге салған дерттің әлем бойынша және елімізде де бәсеңдемегенін көз көріп, құлақ естіп жүр. Керісінше, бұл індеттің кейбір елдерде қайтадан ушығып бара жатқандығы байқалады. Бүгінде әлем бойынша вирус жұқтырғандардың саны 12 миллионға жетіпті. Соған байланысты бірқатар елдерде карантиндік тәртіп қайта күшейтілді. Әуе мен көлік қатынасы да шектелді. Себебі, елдегі жағдай оңай болып тұрған. Бірақ соған қарамастан Мемлекет басшысы алдағы уақытта жағдайдың тұрақталатынына сенуге шақырды.
Президент «денсаулық сақтау жүйесі індетке тойтарыс беруге дайын болған жоқ. Осы мәселе бойынша біз тергеу жүргіземіз және бұл жағдайдан сабақ аламыз. Әкімдердің жіберген қателіктеріне тиісті баға береміз» деп мәселені бүкпесіз ашық айтты. Сонымен қатар Мемлекет басшысы пандемиямен күресуге 150 млрд теңгеден астам қаржы бөлінгенін тілге тиек етті. «Дәрігерлеріміз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы азаматтарға нақты, бірізді мәлімет беруі керек. Дертті емдеудің неше түрлі жолдарын көрсетіп, адамдардың денсаулығына қауіп төндіруге болмайды. Бұндай әрекеттерге тосқауыл қою керек. Қылмыстық кодекстің 174-бабына сәйкес жалған ақпарат таратқан адам жауапқа тартылады. Құқық қорғау органдары ел ішіндегі осындай жөнсіздікке қатысты қатаң шаралар қолданатын болады. Сол сияқты дәрі-дәрмектің бағасын бірнеше есе өсіріп, қалыптасқан жағдайды өз мақсатына пайдаланғысы келген алыпсатарларды да құқық қорғау органдары менің тапсырмама сәйкес жауапқа тарта бастады. Қазір мемлекеттік органдар елді мекендердіқажетті дәрі дәрмекпен толық қамтамасыз етуде. Осыған орай, тиісті қор жасақталған. Төсек орындары да, медициналық қызмет көрсету ісі де толығымен қамтамасыз етіледі». Иә, бұл сөздер дертке дауа беретіндей.
Мемлекет басшысы «Әр қазақ – менің жалғызым» дегендей, әр азаматымыздың қазасы менің жүрегіме қатты батады. Мынау алапат індет арамыздан талай асылдарымызды жұлып әкетуде. Бүгінде қара жамылып отырған азаматтардың қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Сол үшін 13 шілдені – Ұлттық аза тұту күні деп жариялаймын» деді. Құптарлы-ақ шешім.
Әр жамандықтың артынан бір жақсылық болатыны белгілі. Сол жақсылыққа күн өткен сайын жақындап келе жатырмыз. Соған сене отырып, барынша сақтық шараларын салауатты түрде жасасақ игі.
Қалмырза Қасымов,
Шиелі ЖШС-нің директоры,
облыстық мәслихат депутаты